«Жүріп-тұру қиын емес»: жалғыз аяғымен би билеп танымал болған бойжеткен бір аптада өмірінің қалай өзгергенін айтты

Автор: Azattyq Rýhy

Аружан Рашид 18 жаста

Жуырда Қазнет қолданушылары арасында Аружан есімді қыздың тойда бір аяғымен би билеп жүрген сәті түсірілген бейнеролик тараған болатын. Жас қыздың протезсіз еркін қозғалып, күрделі іс-қимылдарды орындауы көпшілікті тәнті етті. Сол видеодан кейін Аружанның өмірі өзі күтпеген жаңа бағытқа бұрылыпты. Бұл туралы ол Azattyq Rýhy тілшісіне айтып берді.

Аружанның аяғында туған сәттен бастап дерт болған. 2019 жылы ауруы дендеп, ол сол жақ аяғын санына дейін ампутация жасатуға мәжбүр болыпты.

Алматылық бойжеткен осы операцияға дейін де бидің қыр-сырын жетік меңгерген. Ал, тойда сыртынан түсірілген осынау видео оны бір-ақ сәтте танымал етіп шығарды. Аружан бізге осы өзгерістер мен жаңа жоспарлары жайында айтып берді.

«Тойға өз өнерімді көпшілікке көрсету мақсатында шығамын. Кей кездері арнайы шақырумен барып билеймін. Сондай күндердің бірінде тойханада билеп жүрген сәтімді қонақтардың бірі бейнекамераға түсіріп алыпты. Кімнің түсіргенінен мүлдем хабарым жоқ. Келесі күні әпкем хабарласып, Tik-Tok желісінде жұлдыз болғанымды айтты. Таң қалдым. Десе де, әлеуметтік желіде осынша танымал боламын деп ойлаған жоқпын. Өйткені бұған дейін өзімнің Instagram-парақшама билеген сәттерімді жиі жүктейтінмін. Ешкім мұндай реакция танытпаған. Ал, сыртымнан түсірілген видео өмірімді бір-ақ сәтте өзгертті. Содан бері телеарналарға сұхбатқа шақырып, менің өнеріме қызығушылық танытатындар көбейді», - дейді Аружан.

Биші қыз Алматы облысы Жамбыл ауданы Ұзынағаш ауылында дүниеге келген.

«Үйде өзімнен кейін інім бар. Әкем әскери сала қызметкері. Анам үйде бізге қарап, бала тәрбиесімен отыр. Қазір жасым 18-де.

Негізі туғаннан бастап сол аяғымда кемшіліктер болды. Алғаш 6 жасымда ота жасаттым. Әр отаға «бәрі жақсы болады, жүріп кетемін» деген үлкен үмітпен кіретінмін. Ата-анам кішкентай кезімнен емдетті. Өкініштісі осы күнге дейін 7 ота жасатып, сегізінші отада аяғымды кестірдім. Ол кезде жасым 16-да болды», - дейді ол.


Аружан анасымен бірге

Аружанның биге деген қызығушылығы аяғына ем іздеп, аурухана табалдырығын тоздырып жүрген кездері пайда болған. Алғашында билеуіне анасы қарсы болғанымен, кейін қызының таңдауына шектеу қоймауды шешіпті.

«Ауруханада жатқан кезімде қыздармен дәрігерлерге кішігірім концерт қоятынбыз. Би билеп, көңілімізді сергітетін едік. Үнді биіне деген ерекше қызығушылық сол кезде ашылды. Үйге келгеннен кейін де өзім би үйреніп жүрдім. Менің билегенімді анам көріп, рұқсат бермеді. Денсаулығым нашарлап кетеді деп қорықты. Үйде ешкім жоқ кезде тығылып билеп жүрдім. Кейін, анам менің биге қатты қызығып жүргенімді байқап, тыйым салмайтын болды.

Осы видео тарап кеткеннен кейін Ақтау қаласында тұратын «Сәлем, Намасте» үнді этносаяси бірлестігі төрағасының орынбасары Вадодария Хитеш Чандра хабарласып, қолдау білдірді. Ол кісі Алматы қаласындағы танымал бишілердің біріне мені дайындыққа берді. Қазір үнді биін кәсіби түрде үйреніп жүрмін. Үнді әндері мен қимылын қатты жақсы көремін. Бұдан бөлек ән айтамын. Әнге әкемнің өзі дайындайды. Ол кісі өнерге жақын адам. Бос уақытында бірге ән шырқап тұрамыз. Одан бөлек, сурет салғанды жақсы көремін және кітап оқимын», - дейді Аружан.

Екі аяғымды тең басып жүруді армандаймын

Би билеу көп қимыл-қозғалысты талап етеді. Билеу кезінде қарапайым адам үшін де тепе-теңдік сақтау оңай емес. Аружанның бойындағы ерекшелігі өзі ұнататын ісімен айналысуына еш кедергі келтірмейтінін айтты. Ол өзін осы қалпында жақсы көреді. Ал, әуен қосылған сәтте өзін екі аяқпен билеп жүргендей сезінеді екен.

«Билегенде өзімді екі аяқпен тұрғандай сезінемін. Әннің әуеніне еріп, құлап, жарақат алмаймын ба деген ойды мүлде ұмытамын. Өзімді еркін ұстаймын. Мен үшін бір аяқпен жүріп-тұру, қозғалу ешқандай қиындық тудырмайды. Десе де, біраз уақыт күйзеліске түскен кездерім болды. Ондай сәттерде өзімді тез жинап алуға тырысамын. Маған берілген сынақты көтеруім керек. Әрдайым жақсы көріп, қолдау көрсететін ата-анам бар. Жалғыз емеспін. Бәріне тек шүкірлік етемін. Жақсылықтан үміт үзген емеспін. Өзімді осы қалпымда жақсы көремін. Мені күйзелістен осы биге деген қызығушылық алып шықты.

Қазір өзімде екі протез бар. Бір өкініштісі, олардың ешқайсысымен әлі күнге дейін жүре алмай отырмын. Негізі аяғымды протезбен жүремін деген үмітпен кестірген болатынмын. Себебі, екі аяқпен өмірімде жүріп көрген емеспін. Бұл менің үлкен арманым. Протезге үйреніп, бірден жүріп кету оңай жұмыс емес. Бұрын қисық жүргеннен омыртқам қисайып кеткен. Протез киген сәтте арқама үлкен күш түседі. Алдағы уақытта жаттығу жасап, омыртқамды түзеуім керек. Әлі күнге дейін екі аяғымды бірдей басамын деген үмітімді үзген емеспін. Тек өзімді дайындауым керек», - дейді биші қыз.

Ол сондай-ақ, алдағы жоспарымен де бөлісті.

«Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне оқуға түсуге ниеттеніп отырмын. Тіл мамандығына барамын деп шештім. Ағылшын және үнді тілін оқығым келеді. Үнді тілін үйрену арқылы өзім тыңдайтын, билейтін әндердің мағынасын түсініп, сезінсем деймін.

Бір сахнада би билейтін мүмкіндік болса, Драшти Дхами деген үндінің танымал актрисасымен билер едім. Ол кісінің түскен кинолары, образы ұнайды. Кішкентай кезімде көптеген әнші, бишілерге еліктейтінмін. Өсе келе еліктеушілік қалды. Қазір өзімді қалыптастырып жатырмын. Адамға әр түрлі сынақ беріледі. Ерекшелігін әлі күнге дейін қабылдай алмай жүрген жандардың үміті үзілмесе екен деймін. Кез-келген қиындықтың артында бір жақсылық тұрады. Төзім, сабыр мен жақсы күнге деген сенім бәрін жеңеді», - деді Аружан.

Қазір әлеуметтік желілер танылмай жүрген таланттарды көпшілікке танытатын жақсы құралға айналды. Мәселен, кеше ғана құрылыста сылақшы болып жүрген Дана есімді келіншектің бір күнде елге танылғанына куә болдық. Ол енді қара жұмысты қойып, әншілікпен айналыспақ ниетте. Аружан да желі арқылы танылғандарды жиі көргенін, бірақ өзінің дәл солай танымал болатынын күтпегенін айтты. Ол қолдап жатқан барлық оқырмандарына алғысын білдірді.

«Әлеуметтік желінің бүгінгі мүмкіндігінде шек жоқ деп айтар едім. Кез-келген таланты бар адамның өзін қалыптастыруға, арманының орындалуына мүмкіндік беріп жатыр. Бұл көп адамды шабыттандырды. Сондықтан қорықпай, өзіңді қандай жағдайда да жақсы көру керек деп ойлаймын. Маған келіп жатқан толассыз хаттар, халықтың қолдауы, демеу сөзінің бәрі өзіме деген сенімді одан әрі арттырды. Көмектесіп, көңіл аударып жатқан барлық оқырманыма, көрерменіме алғысым шексіз», - деді биші қыз.