$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Англия мен Польшада білім алған «Болашақ» түлегі БҚО-ның ауыл мектебінде сабақ береді

Жансұлтан Нұрмұханов БҚО Сырым ауданы Қособа мектеп-бөбекжай-балабақша кешенінің директоры, тарих пәні мұғалімі

Англия мен Польшада білім алған «Болашақ» түлегі БҚО-ның ауыл мектебінде сабақ береді

Батысқазақстандық Жансұлтан Нұрмұханов 2018 жылы «Болашақ» бағдарламасы арқылы Ұлыбританияда білім алып келген. Қазір ол ауыл мектебінде жұмыс істейді: директор әрі тарих пәнінен сабақ береді. Оның айтуынша, соңғы уақытта «Болашақпен» шетелде оқып келген жастар арасында ауылда жұмыс істегісі келетіндердің қатары артқан.

Жансұлтанның өзі болса қалада туып-өсіп, сонда білім алған. Бірақ, ауылда еңбек етіп, ауыл балаларының білім деңгейін көтерсем деген арманы болыпты. Шетелден келе салысымен ауылға аттанған.

«Болашақ» түлегі Azattyq Rýhy тілшісімен сұхбаттасып, шетелде жинаған тәжірибесін ауыл мектебінде қалай қолданып жатқаны туралы айтып берді.

«1992 жылы Орал қаласында мұғалімдер отбасында дүниеге келдім. 2010 жылы М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде «Тарих» мамандығына оқуға түстім. ЖОО-да жүрген кезімде «Қос дипломды» бағдарлама арқылы 2012 жылы Халықаралық Туризм және мәдениет институтында (Польша, Быдгощ) білім алдым. Кейін 2016 жылы «Педагогика ғылымдарының магистрі» санатын алып шықтым. 2018 жылы «Болашақ» халықаралық стипендиясы арқылы Англиядағы Манчестер университетінде мамандандырылған тілдік курстан өтіп, Уорик университетінде «Білім беру жүйесіндегі көшбасшылық және менеджмент» мамандығының магистратура бағдарламасын оқыдым. Мен өзім қалада дүниеге келсем де, ауылға жақын жандардың бірімін. Сол себепті оқуды бітіргеннен кейін ауылда қызмет етуді жөн көрдім», - дейді Жансұлтан.

Ол жұмыс барысында кездесетін қиындықтардың бәрін шет елде алған білімінің арқасында оңай шешетінін айтады. Ауыл мұғалімі 5-7 сынып оқушыларына тарих пәнінен сабақ береді.

«Қандай жұмыс болса да, басында қиындығы болады. Бірақ шет елде алған білім мен тәжірибем арқасында осы күнге дейін кездескен мәселелерді тез шешіп келемін. Десе де, шетелдің барлық артықшылығын Қазақстанға алып келу мүмкін емес, себебі әр елдің өз менталитеті мен ерекшеліктері бар. Мұны міндетті түрде ескеру керек.

Қазіргі кезде қала мен ауыл арасындағы орта білім беру сапасы алшақ. Ауылға келуімнің себебі де осы болды. Ауылдық жердегі орта білім беру жағдайын жақсарту негізгі мақсатым, бірақ кез келген істе нәтиже бірден болмайды. Бәрі уақыт еншісінде», - дейді ол.

Жас маман сабақ беру барысында өзі қолданатын әдістерімен бөлісті.

«Қазір болашақ түлектерінің ауылға бару тенденциясы бұрынғы уақытпен салыстырғанда едәуір байқалады. Мәселен, Канада университетін бітіріп, Солтүстік Қазақстан облысының ауылдық жерінде жұмыс істеп жүрген «Болашақ» түлегін танимын. Осындай білімді жастардың ауыл балаларымен тәжірибе бөліскісі келетін ниеті қуантады.

Өзім мектепте өзекті жаңалықтар және тәжірибеммен үнемі бөлісіп отырамын. Мысалы, білім беру сапасын көтеру мақсатында «Lesson Study» әдіснамасын айтуға болады. Аталған әдіснама бойынша сыныптың белгілі бір дағдыға байланысты (оқу, сөйлеу т.б.) мәселесін тауып, соны оқыту әдісі (сыни ойлау, дизайндық ойлау) бойынша шешу. Балаларды білім алу жолында жаңа әдістермен қызықтыра білу керек. Осы ретте ауылдық жерде білікті маманның жұмыс істеуі маңызды.

Жалпы, шет елде адаммен қарым-қатынас жасай алу қасиетіне көп мән береді. Мен де шетелдік оқуда аталмыш дағдыға үйрендім және қазіргі жұмысымда да сол қағиданы ұстанып келемін. Бір байқағаным, Қазақстан қоғамы осындай жақсы қасиетке ақырындап үйреніп келе жатыр. Қазіргі білім беру жүйесіндегі реформалар жақсы жолға түсті және алдағы уақытта бұдан да жақсаратынына сенемін», - дейді ұстаз.

Әдетте «Болашақпен» оқып келген жастардың көбі мемлекеттік қызметте, үлкен компанияларда жұмыс істейді. Ірі қалаларда мансап жасау үшін де, қаржылай табысқа жету үшін де мүмкіндік мол. Десе де, Жансұлтан оқуды аяқтаған соң өзі туған жерге қызмет істеуді ұйғарған. Өткен жылы білікті маман Сырым ауданы мектебінің директорлық қызметіне бекітілген.

«Туған жерге туыңды тік» деп қазақ атамыз айтпақшы, менің түп негізім Сырым ауданы болғандықтан, ауылда жұмыс істеуден қашқан емеспін. Әрине, шет елдің артықшылығы, ерекшелігі бөлек. Кейде студенттік кезімді аңсайтын сәттер болады. Негізгі мақсат – алған білімді өз еліңе әкеліп бөлісу, пайдаңды тигізу. Сондықтан қазіргі қызметімді жақсы көремін, өкінген емеспін.

Ауыл жастарымен қатар қала жастары үшін де өз бетінше шет елде білім алу оңай емес. Қыруар қаражат керек. Сондықтан «Болашақ» бағдарламасы қазақ жастары үшін жақсы мүмкіндік. Қала ешқайда қашпайды. Онда кез келген уақытта баруға болады. Әр азамат өзінің кіндік қаны тамған жеріне қызмет етуі тиіс деп ойлаймын.

«Болашақ» бағдарламасы Елбасымыздың сәтті стартаптарының бірі әрі бірегейі болып табылады. Бұған түлектердің экономикаға салып жатқан үлесінен байқауға болады, яғни бітіріп келушілердің жұмыспен қамтылу үлесі жоғары. «Болашақ» бағдарламасы арқылы оқығысы келіп жүрген үміткерлерге ең алдымен мақсат пен төзімділік керек, себебі оқуға түсу мен оқу үрдісі кезеңінде жоғарыда аталған кеңес өте қажет болады», - деп қорытындылады сөзін жас маман.

Айта кетейік, биыл «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқуға 1055 стипендия бөлінді. Оның ішінде 555 стипендия магистратура, резидентура, докторантура, тағылымдама бағдарламалары бойынша бөлінген. Тағы 500 стипендия «Ғалымдар» тағылымдамасының жаңа санаты бойынша берілді. Бұл санат Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында жыл сайын 500 ғалымның тағылымдамадан өтуін қамтамасыз ету мақсатында бекітілген.

Сондай-ақ, «Болашақ» бағдарламасы арқылы оқуға ұсынылатын шетелдік жоғары оқу орындарының тізіміне 27 елдің 207 университеті енді. Олардың арасында Йель, Кембридж, Оксфорд, Гарвард, Джонс Хопкинс университеті, Ёнсе, Цюрих, Массачусетс технологиялы университеті сияқты алдыңғы қатарлы оқу орындары бар.

Халықаралық бағдарламаға ұсынылатын шетелдік оқу орындары мен ұйымдар 3 халықаралық академиялық рейтингке кіруі және кемінде 2 рейтингтің алғашқы 250-ші позициясында тұруға тиіс. Комиссия шешімімен «Болашақ» халықаралық стипендиясы магистратура, докторантура, резиндентура бойынша, сондай-ақ әлемнің жетекші ғылыми және өндірістік орталықтарына тағылымдамадан өтуге жіберілетін 196 үміткерге берілді.

Серіктес жаңалықтары