$ 522.42  543.89  5.28
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Ақтөбелік студент Google компаниясында еңбек тәжірибесінен қалай өтуге болатынын айтты

Ол Назарбаев Университетінің 3 курс студенті

Ақтөбелік студент Google компаниясында еңбек тәжірибесінен қалай өтуге болатынын айтты

Ақтөбелік Дильназ Аманжолова биыл Google компаниясының арнайы іріктеуінен өтіп, әлемдік алпауыт компанияда тәжірибе жинап қайтты. IT саласының болашақ маманы аз уақыт ішінде үйренгенім мол дейді. Компанияның қызметкерлерге қояр талабы қатаң болғанымен, жұмыс істеу кезіндегі жайлылық, жастарға берілетін мүмкіндіктер өте мол. Бұл туралы Дильназ Azattyq Rýhy тілшісімен болған сұхбатта айтып, Google-да еңбек тәжірибесінен өту жолдарымен бөлісті.

Дильназдың мамандығы – «Computer Science» деп аталады, яғни компьютерлік ғылым маманы. Ол оқудағы жоғары үлгерімінің арқасында іріктеуден қиналмай өтіп, шілде айында Лондонға аттанған.

«Мен Ақтөбе қаласында туып өстім. Мектепті бітіргеннен кейін Назарбаев университетіне оқуға түстім. Өткен жылдың күзінде төрт жылдық оқу мерзімімен университеттің бірінші және екінші курс студенттері үшін арнайы құрылған «Google-де STEP 2021 Summer Internship» еңбек тәжірибесіне өтінім бердім және іріктеуден сәтті өттім. Осы жылдың 5 шілдесінен 24 қыркүйегіне дейін Google компаниясында тәжірибе жинап, өте жақсы бағамен аяқтадым.

Біздің университетте Senior Talks (үлкендер әңгімесі) клубы жұмыс істейді. Ол барлық студент үшін өткізіледі. Онда оқу орнының табысты студенттері мен түлектері өздерінің тәжірибесімен бөлісіп, пайдалы ақпараттар айтады. Сол жерден еңбек тәжірибесіне қажетті барлық ақпаратты алдым», - дейді студент.

Компанияға алғаш келген уақытта стажерлерге қойылатын басты талап – ақпаратты тез қабылдап, жедел іске асыру. Ол компанияға алғаш келген кездегі қиындықтарымен бөлісті.

«Жаңадан келген стажерлер үшін ең үлкен қиындық – ақпараттың үлкен ағынын бірден қабылдау. Бұл тек алғашқы уақытта ғана емес, тәжірибеден өтудің барлық кезеңінде де қиындық тудырады. Халықаралық компаниялар стажерлермен жұмыс істеу кезінде өзіндік талаптар ұстанады. Біз тек компания ішінде қолданылатын және құпия болып табылатын әр түрлі құралдарды үйренуіміз керек. Сондықтан ең алдымен, ақпараттың осы ағынын тез сіңіріп, алған білімді істе дереу қолдану қажет. Компанияның іздейтін және жалдайтын қызметкердің жалпы бейнесі – өз ісін жақсы білетін, оқуға және өзін-өзі дамытуға деген ұмтылысы бар және адамдармен тез тіл табыса алатын маман болу.

Google-де жұмыс істеу үшін ресми веб-сайт арқылы хабарласып, компания қызметкерлерімен бірқатар техникалық сұхбаттардан өте аласыз. Бұл өте күрделі процесс. Дегенмен, бұл студент еместер үшін іріктеуден өтудің жалғыз жолы. Ал, студенттердің екінші және үшінші курстан кейін жазғы еңбек тәжірибесінен өтуге мүмкіндігі мол. Компания тарапынан жақсы баға берілсе, еңбек тәжірибесінен өтуші "return offer" (қайта ұсыныс) ала алады. Ол оған университетті бітіргеннен кейін сұхбатсыз және қосымша дайындықсыз толық жұмысқа орналасуға көмектеседі», - дейді ол.

Студент компанияның қызметкерлеріне жасайтын жеңілдіктеріне жеке тоқталды. Еңбек тәжірибесінен өтушілерге 12 апта бойы тұрақты жалақы төленген.

«Тәжірибе кезінде Лондонда тұрдым. Қазақстанда Google компаниясының филиалы болмағандықтан, олар бізге ресми түрде жалақы төлей алмады. Сондықтан маған және басқа стажерлерге 12 аптаға Англияға көшуге тура келді. Google-де жұмыс істеудің негізгі артықшылығы – олар виза құжаттарын жинау және тапсыру кезінде өздері көмектеседі. Виза берілмей, бара алмай қаламын деген уайым мүлде болмайды.

Екіншіден, кеңседе жұмыс істеу үшін қызметкерлерге барлық жағдай жасалған. Түрлі дәмхана мен кофеханалар, тренажер залдары, демалу және ұйықтау бөлмелері бар. Әрине, мұның бәрі тегін. Басшылық қызметкерлердің басында отбасылық және өзге де проблемалардың болуы мүмкін екенін ескеріп, олардың кедергісіз, нәтижелі жұмыс істеуіне бар жағдайды жасайды. Тапсырманы уақытылы және сапалы етіп орындасаңыз болды, қалған уақытта кофе ішіп, әңгіме-дүкен құрып немесе спорт залында жаттығу жасауға болады.

Бұл компаниядағы қалыпты жағдай. Біз барған уақытта кеңселер карантинге жабылып, үйден жұмыс істеуге тура келді. Бақытыма орай, мен кеңседе бір апта жұмыс істедім. Ондағы атмосфераны толық сезіне алдым. Барлық қажетті төлемді Google компаниясы өздері төлейді. Ай сайынғы жалақыдан бөлек, басқа елге көшуге және онда белгілі бір мерзімге тұруға қосымша қаражат бөледі», - дейді ол.

Дильназ тәжірибеден өткен уақыт аралығында компанияда жұмыс істейтін қазақтарды жиі кездестіргенін, тіпті компания ішінде олардың өз тобы бар екенін айтты.

«Жұмыстағы барлық әріптесім кез-келген жағдайда көмектесуге дайын болды. Олар біздің жасымызға мән беріп, тәжірибеміздің болмауына байланысты тапсырмаларды бірден мінсіз орындай алмайтынымызды түсініп, барынша қолдау көрсетті. Шын мәнінде, компанияда қазақтар жеткілікті. Олардың өздерінің тобы бар. Араласып, бірге демалысқа шығып тұрады. Лондондық кеңседе жұмыс істейтін 10-15-тей қазақстандық аға-әпкелерімді кездестірдім және олардың жүйелі жұмысын көргенде бойымды ерекше мақтаныш сезімі кернеді», - дейді студент қыз.

Ол өзі секілді студенттер мен талапкерлерге ақыл-кеңесін айтып, өзін дамыту жолында қажет болатын бірнеше қағидаларға тоқталды.

«Шын мәнінде, қазіргі ұрпақ өте дарынды. Әлемнің түрлі бұрыштарында түрлі салада жоғары дәрежеден көрініп жүрген қазақтар өте көп. Сондықтан мен қазақстандық жастардың ғылымға қосқан үлесіне жақсы баға берер едім, бірақ біз әлі де көп нәрсеге ұмтылуымыз керек. Ең бастысы қорықпау керек. Адам болғаннан кейін сәтсіздікке ұшырауы мүмкін, бірақ қорқынышқа қарсы жүру пайдалы. Кейде қорқып жүріп үлкен мүмкіндіктен айырылып қалуыңыз мүмкін.

Сондықтан, әр мүмкіндікті ұстап қалу маңызды. Көптеген адам ЖОО-дан кейін ұнамаса да мамандық бойынша жұмыс істеу керек деп ойлайды, бірақ бұл мүлдем дұрыс емес. Сүйікті ісіңізбен айналысыңыз. Ол сізге міндетті түрде сәттілік пен жетістік әкеледі. Жаңа жұмыс орны, жаңа орта және жаңа елдегі оқиғалар көзді ашып-жұмғанша өте шықты. Әрі қарай басқа елге шығып, ақпарат пен білімнің жаңа легін алуға талпына беретін боламын», - деп қорытындылады Дильназ Аманжолова.

Серіктес жаңалықтары

Мақалада

#google #стажер