$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

8 жылдан бері автобуста ән айтып танымал болған елорда тұрғыны бұл жолға қалай тап болғанын айтып берді

Махамбетәлі Тұрымбетов 61 жаста

8 жылдан бері автобуста ән айтып танымал болған елорда тұрғыны бұл жолға қалай тап болғанын айтып берді

Махамбетәлі Тұрымбетов елорда тұрғындарына «автобус жұлдызы» немесе «қалпақты әнші» атымен таныс. Ол қаладағы автобустарды аралап, ән айтып ақша табады. Жанр таңдамайтын өнерпаз қазақша, орысша классикалық әндерді, тіпті рок әндерін де орындай береді.

М.Тұрымбетовтің мұндай «кәсіпті» таңдауына алаяқ танысы себеп болған. 2013 жылы ол сол танысының «жақсы жұмыс бар» деген шақыртуымен астанаға келіп, алданып қалғанын кеш түсініпті. Кері қайтқысы келмей, ақша табудың осындай жолын таңдаған.

Azattyq Rýhy тілшісі Махамбетәлі Тұрымбетовпен оның ерекше кәсібі, елордаға келу тарихы және танымалдығы туралы сұхбаттасты.

Хикаясын айтуға қуана келіскен кейіпкеріміз Түркістан облысы Арыс қаласының тумасы. Оның 7 баласы, 20 немересі бар.

«Автобуста ән айтып жүргеніме желтоқсан айында 8 жыл болады екен. Мені елорда тұрғындарының жартысынан көбі таниды десем болады. Көрген жерде ән шырқауымды сұрайды. Астанаға алғаш рет танысымның жұмысқа шақыруы бойынша келген едім. «Әнші боласың, үлкен қалада мүмкіндік көбірек, жағдайың жақсарады» деген сөзіне сеніп келдім. Оның үстіне, әйелім елордаға менен бұрын кетті. Жолсерік болып жұмыс істейді. Жолдасым осы жақта болғаннан кейін ажырасқан адамдарға ұқсамайық деп өзім келдім. Бағымды ашатын қала болар деп үміттендім. Гитарамды алып, пойыздан түскен сәтте шақырған танысыма хабарласып едім, тұтқаны көтермеді. Сол сәттен бері оны мүлде көрген жоқпын», - дейді Махамбетәлі аға.

Үлкен қалаға келгенге дейін ол тәуір қызмет атқарғанын айтты. Алайда, алдымен қысқартуға ілініп, артынша денсаулығына байланысты жұмысқа жарамсыз болып, табыстан қағылған екен.

«Бұған дейін, бойымда күш-жігерім бар кезде теміржолда жұмыс істедім. Негізгі оқыған мамандығым – авиациялық құрылғы маманы, электромеханик. Одақтың кезінде Шымкенттегі арнайы байланыс бөлімінде жұмыс істедім. Кейін қысқартылып жұмыссыз қалдым», - дейді ол.

Махамбетәлі Тұрымбетов елордаға келгеннен кейін бірден автобус аралап, ән шырқамаған. Қара жұмысты да істеп көріпті. Автобуста ән айту үш ұйықтасам түсіме кірмеді дейді ол.

«Бала кезден әкеміз әнге баулып өсірді. Біздің кезімізде әр үйде радио болатын. Таңғы алтыдан бастап кешке дейін қосылып тұрады. Радионың «Жаңа әндер жаттайық» деп аталатын рубрикасы болды. Аптасына бір рет Шәмшінің әндері айтылатын. Үлгергенімізше әнді қағазға көшіріп жазып алатынбыз. Әкеміз оны жаттататын. Ата-анам әнді керемет айтатын. Біздің үйдегі балалардың ішінен менің музыкаға деген қызығушылығым ерекше болды. Кез-келген әуенді ұйып тыңдайтынмын. Кейін өз балаларымды да музыкаға, өнерге жақын етіп өсірдім. Түрлі музыкалық аспаптарда ойнауды үйренді. Қазір 7 бала-шағам бар. Үлкені 1985 жылғы. Кішісі әлі студент. Мұғалім мамандығында оқиды.

Астанаға келіп, жұмыссыз қалған сәтте біраз жерден жұмыс іздедім. Гитарамды сүйретіп мейрамхана, тойханаларға бардым. Ол жерден жұмыс табылмады. Сөйтіп әрі-бері жүргенімді көрген бір автобустың кондукторы мен тоқтатып: «Аға, гитара сатасыз ба, бірнеше рет көріп жүрмін» деді. Мен ән айтатынымды жеткіздім. Ол: «неге автобуста ән айтпайсыз» деп ұсыныс білдірді. Бәрі сол жерден басталды. Жолаушылар алғашында таңғалып, таңырқап қарайтын. Кейін менімен қоса ән шырқайтын болды. Музыкалық білімім жоқ, нота танымаймын. Дегенмен, музыканы бір естіп алсам, соны сол күйінде қайта орындай беремін. Тез есіме сақтап аламын», - дейді көше әншісі.

Махамбетәлі ағаның зейнетке шығуына бірер жыл қалған. Бәйбішемен ажырасыпты. «Балаларға салмақ салмай, өзіммен-өзім болуды жөн көрдім» дейді.

«Бұрынғы кездері жар таңдауға үлкен мән берілетін. Әке-шешеміз өздері таңдап беретін. Өмірлік тәжірибесі бар адамдар болғандықтан баласына ненің жақсы екенін, кіммен бірге болу керегін біледі. Болашақ келінінің мінез-құлық, тектілігіне қарайтын. Мен де апам таңдаған қызды аламын деп жүріп, бәрібір өз сүйгеніме үйленіп, отау құрдым. Өкінішке қарай, ажырастық.

Денсаулығыма байланысты бір жылдай ауруханада жаттым. Бас сүйегіме зақым келіп, орнымнан тұра аламай қалдым. Басыма сондай қиындық туған сәтте жұбайым шыдай алмады. Оны түсінемін. Ер адам болғандықтан табыс тауып, отбасын асырау керек. Менің жағдайым оған келмеді. Сөйтіп ажырастық. Қатты күйзеліске түстім. Өмірмен қоштасқым келетін сәттер көп болды. Дәл сол күйзелістен мені алып шыққан осы музыкаға деген ерекше қызығушылығым. Әрдайым жанымнан гитарам түспейтін. Қайғымды музыкамен бөлісетінмін. Жеті жылдай емделіп, аяққа тұрдым. Қазір ешкімге өкпем жоқ. Балаларыммен араласып, немерелерімді көріп тұрамын», - дейді ол.

Махамбетәлі аға елордада екінші әйелімен бірге тұрады. Үйдегі негізгі табыс көзі әйелінің жұмысынан келеді. Ал, автобуста ән айтудан түсетін ақша кейде жан бағуға да жетпей қалады екен.

«Ән айтып тұрақты табыс табамын деп айтуға келмейді. Бір күні бір адамның өзі 22 мың қалдырып кеткен кезі болады. Кейде мүлдем ақша таппаймын. Бұйырғаны деп жүре беремін. Бір күнде ең көп тапқан табысым 27 мың теңге. Қазір көбі қолма-қол ақша ұстамайды. Сондықтан жолаушылардың ұсынысы бойынша заманға сайланып интернет арқылы төлем қабылдайтын әмиян аштырып алғанмын. Сол жерге әркім қалағанынша, бағалағанынша ақша жібереді.

Автобусқа әр кезде әр түрлі шығамын. Әйелімнің жұмысына жақын болсын деп вокзал маңайынан бір бөлмелі жатақхана жалдап тұрамыз. Аядай бөлмеге 60 мың теңге төлейміз. Бұрын таңертең шығып, соңғы аялдамаға дейін ән айтатынмын. Кей кездері мейрамханаларға барып ән айтып жүрдім.

Жолаушылардың бәрі жақсы қабылдайды десем өтірік болар. Қарсы болатындар да бар. Шаршап келе жатырмыз десе, әнімді тоқтатып, автобустан түсіп қаламын. Басқасына мініп жалғастырамын», - дейді ол.

Махамбетәлі Тұрымбетов дауысы өшіп, қауқары кеткенше ән айтуды жалғастыра бермек. Бастысы, кәсібі өзіне ұнайды.

«Қазір баю туралы ойламаймын. Бәріне қанағат етемін. Жұлдызбын демеймін, бірақ көбі танып, жылы лебізін білдіріп жатады. Әншінің абыройы халықтың сыйымен ғана артады. Кейбір әншілер атаққа мастанып, халықты менсінбей жатады. Әнші халықтан биік емес. Тыңдармандарының ортасында тең дәрежеде жүруі керек.

Бұрын микрофонсыз баянмен ғана ән айтатын едім. Қазір қартайып келемін. Дауысым бәсеңдеді. Десе де қуатым кеткенше ән шырқай беретін боламын. Біреуге ұнау үшін емес, өзім үшін ән айтамын», - деп қорытындылады Махамбетәлі Тұрымбетов.

Ер азамат еліне – Арыс қаласына қайтқысы келетінін жасырмады. Бірақ, қазір ол мүмкін емес деп, бізбен жылы қоштасты.

Серіктес жаңалықтары