Жыртқыш аңды қолға үйреткен алғашқы қазақ әйел – Жанат Қалметовамен сұхбат
Арыстандар патшайымы атанып кеткен цирк артисінің негізгі мамандығы – мұғалім
Шымкент көрермендері Жанат Қалметованы үш арыстанды қолға үйреткен қайсар қыз ретінде таниды. Ол - Қазақстанда жыртқыш аңды қолға үйреткен алғашқы және әзірге жалғыз әйел.
Жанат Шымкент цирк мекемесінде 8 жылдан бері қызмет етіп келеді. Бала күнінен цирк өнеріне ынтық болған өнерпаз 18 жылға созылған ұстаздықтан кейін циркке қайта оралған.
«НИКУЛИНМЕН БІР МАНЕЖДЕ ЖҰМЫС ІСТЕДІМ»
Azattyq Rýhy тілшісі цирк әртісімен әңгімелесіп, аңды қолға үйретудің қыр-сыры мен цирк өнерінің бүгінгі жағдайы турасында сұхбаттасты.
- Жанат ханым, сізді көбі қазақтан шыққан алғашқы аң үйретуші әйел ретінде біледі. Еске түсірейікші, бәрі неден басталды?
- Цирк - менің өмірім. Бала кезімнен айналыстым. 10 жасымда цирк өнерін үйрететін балалар үйірмесіне бардым. Балалар үйрімесі деген аты болғанымен, кәсіби деңгейде жұмыс істейтінбіз. Себебі, жаттықтырушымыз цирк режиссері болды. Шәкірттері сенімін ақтап, жоғары дәрежеде өнер көрсеткенін қалайтын. «Бар жан тәніңмен істемесең бұл істі мүлде бастамаған жөн», деп айтатын. Сол нәрсені бала кезімнен бойыма сіңіргенмін. Әбден жаттығып, 12 жасымда сахнаға шықтым. 18 жасқа дейін Сарыағаш ауданы Қапыланбек елді-мекеніндегі мәдениет үйінде өнер көрсеттім. Республикалық, облыстық маңызды іс-шарлардың бәріненен қалмайтынмын. Акробатика, эквилибр, жонглированиені меңгердім.
Он бес жасымда Мәскеуде өткен Бүкілодақтық цирк фестиваліне қатыстым. Сол кезде Ю.Никулин басқарған цирк ұжымында жұмыс істеп, кіші кубок иелену бақыты бұйырды. Бірақ мектеп бітіріп, оқуға түсетін кезде анам цирк өнеріне баруыма қарсы болды. «Қыз балаға ауыр, отбасы дегенді ұмытасың», деп рұқсат бермеді. Сөйтіп мен оқудан қалып қойдым. Анам қазақ әдебиеті маманы, тілші. Қарапайым көпбалалы отбасында дүниеге келдім. Анамның жолын қуып бастауыш сынып мұғалімі, балабақша тәрбиешісі мамандығын алдым. Содан бері 18 жыл мұғалім болып жұмыс істедім.
- Қазір ұстаздардың мәртебесі көтеріліп, жалақысы өсті. Ұстаздықты, тұрақты табыс көзін тастап циркке қайта оралуыңызға не себеп болды?
- Шынымды айтсам қандай кәсіппен айналыссам да цирк, сахна көкейімнен кеткен емес. Цирк әртісі боламын деген арманымнан ешқашан қол үзбедім. Тұрмысқа шығып, балалы болдым. Бірақ жүрек түкпірінде бәрібір осы жолға қайта оралатынымды білдім. Шымкент цирк мекемесіне 2013 жылы келдім. 24 жылдық үзілістен кейін қайта оралғанымда, біразы маған күмәнмен қарады. Себебі ол кезде 40 жаста болдым. Десе де, өзімді дәлелдедім. Отпен өнер көрсеттім. Кейін бір аяқты велосипед келді. Екі ұлыммен трио құрдық. Дебютті шығуым 2014 жылдың мамыр айында болды. Солай жалғасып, өнер өрлей берді. Балаларымның циркке деген ынтасы мен көрермен ықыласы мені одан әрі шабыттандырды.
ШӘКІРТТЕРІ - БАЛАЛАРЫ
- Цирк өнері отбасылық кәсіпке айналды дейсіз ғой...
- Солай десе болады. Менің бала кезімде орындалмаған арманыма балаларым жетіп жатыр. Балаларым бұл саланы өз еркімен таңдады. Әркім өзінің сүйген саласына баруы керек. Сонда ғана сапалы жұмыс істеп, нәтиже шығара алады. Қазір циркте ұстазбын. Шәкірттерім - өзімнің перзенттерім. Олармен балам ретінде емес, шәкірт ретінде мақтана аламын. Себебі мен жаттығуда олардың анасы емеспін. Қаталмын. Жоғары талап қоямын.
Үлкен ұлым Ж.Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжінің түлегі, қазіргі уақытта матч пен семафораның үстінде жұмыс жасау бойынша үздік. Екінші ұлым Санжар жонглермен айналысады. Алғаш рет сурет салу, велосипедпен өнер көрсету бойынша танымал болды. Қазір Мәскеудегі Никулин атындағы цирктің әртісі. Кіші қызым Перизатты цирк қабырғасында өсті деуге болады. Шымкент циркінің ең жас суретшісі. «Шабыт-2017» шығармашыл жастар фестивалінде III орын, «Дара бала» медалінің иегері атанып, мерейімді өсіріп жатыр.
- Дрессура, яғни, аң үйрету цирктегі күрделі жанр. Бұл салаға қалай келдіңіз, алғаш үйреткен жануарыңыз қандай??
- Біздің циркке өзіміздің жергілікті аң үйретуші қажет болды. Себебі әрдайым өзге мемлекеттен келетін мамандарға тәуелді едік. Цирк жануарсыз болмайды. Мұны көрермен жақсы біледі. Ал, дрессуровка менің бала күнгі арманым. Үлкен манеждегі цирктерден көретінмін. Ресейдің атақты жыртқыш аң үйретуші әйелдеріне қызыға қарайтынмын. Сол мені шабыттандырды. Дрессура төзімділік, сабырлық пен мейірімді талап етеді.
Кез-келген жануарды қолға үйрету үшін жануар мен аң үйретушінің арасында шынайы қарым-қатынас болуы керек. Өзіңнің балаң сияқты мейіріммен қарау арқылы жануардың сеніміне ие боласың. Сенім бар жерде дегеніңді істетуге болады. Біз жануарларды екі-үш айлық кезінде аламыз. Жыртқыш аңдар өзіміздің хайуанаттар бағынан келеді. Ал, ит пен мысық сияқты басқа да жануарларды сатып аламыз. Бұрын-соңды дрессурамен айналыспадым, бірақ аң үйрету қолымнан келді. Алғаш итті үйретіп бастадым. Оларды 2014 жылы сатып алдым. Ақылды екі итім көрерменнің көзайымына айналып, көңілінен орын алды. Тіпті фильмге түсті. Біреуі математик болатын. Одан кейін жабайы қабанды және жыртқыш аңдарды үйретуді қолға алдым.
- Жыртқыш аң демекші, сізді желіде «Арыстандар патшайымы» деп атайтындар көп. Жабайы жануармен қалай достастыңыз? Үйретуге қанша уақыт кетті?
- 2017 жылы цирктегі аң үйретушіге арнап арыстандар алынды. Бірақ ол кісі отбасылық жағдайына байланысты кетіп қалды. Арыстанның күшіктерін цирктегі мал дәрігеріне тапсырды. Ал менің үйреткен иттерім бар. Соларға барып жүріп, мал дәрігерінің күшіктерді тамақтандыра алмай жүргенін көрдім. Ол кісіге қалай тамақ беру керектігін бір-екі рет көрсеттім.
Кез-келген жануарға отырып-тұру, тамақ ішуді балаға тәй-тәй бастырғандай үйретесің. Басшылықтан рұқсат алып арыстандарды қолға алдым. Үйрету үшін жұмыстан кейін олармен бірге қаламын. Арыстандардың өзге аңдар секілді сезімталдық қасиеті өте жақсы дамыған. Алдына қандай көңіл-күймен, қандай ниетте барып тұрғаныңды сезіп қояды. Оларды алдау мүмкін емес. Сондықтан бар мейірімімді салып нәресте сияқты бақтым. Осылайша, төрт ай ішінде оларды өзіме үйретіп алдым. Арыстандар өскен сайын басшылық менің қауіпсіздігім үшін алаңдады. Бірақ алаңдауға негіз жоқ екенін арамызда толық сезім қалыптасқанын айттым. Біріншіден, мен олардың тайпасының басшысы саналатынымды, екіншіден, анасы екенімді жеткіздім. Сөйтіп, арастандармен сахнаға шықтық. Төрт жыл бірге өнер көрсеттік. Карантин уақытында да оларды тастаған жоқпын. Өзім ауырсам да, солардың күтімін жасап жүрдім.
«ДҮНИЕДЕГІ ЕҢ ҚАУІПТІ ЖЫРТҚЫШ - АДАМ БАЛАСЫ»
- Жануарлардың көңіл-күйі өзгеріп тұратыны белгілі. Арыстандар өнер көрсетуге шыққан сәтте тыңдамай қоятын кездер бола ма? Болса, ондай сәтте не істейсіз?
- Әрине, ондай жағдай жиі болады. Жаттығу кезінде көрермені жоқ залда жұмыс істейміз. Олар ешкімге алаңдамай, тек мені көреді. Ал, бағдарлама басталған соң түрлі-түсті шамдар, гүрілдеген дауыстар болады. Сүйсініп, тамсана қарайды. Сондай сәттерде оларда қобалжу басталады. Жұмыс жасамай қоюы мүмкін. Ондай кезде өзімнің қобалжығанымды білдірмей «біз біргеміз, ешкімнің зияны тимейді» дегенді түсіндіруге тырысамын. Манежде мүмкіндігінше ұзақ ұстаймын. Уақыт өте, олар да көрерменге үйренеді. Тіпті, өнер көрсеткенше асығып тұратын кездер болады.
Биылғы жаңа концепцияға байланысты жануарлар зообаққа кетті. Арыстандармен қоштасу өте қиын болды. Уайымға түстім. Арасында жылап аламын. Дүниедегі ең қауіпті жыртқыш адам баласы екенін айтып, сол бөлімге тиісті адамдарға ашуланған сәттер болды. «Жануардың ішкі дүниесі, жаны бар. Мені сағынады, құса болады» деп талай өкпемді айттым. Олармен көрісіп тұруым керектігін айттым. Қолымнан ештеңе келмеген соң жіберуге туралы келді. Олар менің меншігімде емес. Қазір барып тұрамын.
Арыстандар менен алыстаған соң, бір апта бойы тамақ ішпей қалды. Күнара барып жүрдім. Менің дауысымды естісе, үшеуі тыпыршып қозғала бастайды. Жылдам жүріп, маған қарай талпынады. Оны көріп одан сайын жылап аламын. Басында мені кіргізбеді. Кейін рұқсат алып, тамағын беріп жүрдім. Қазір үйреніп келе жатыр. Үшеуі күніне 18 келі ет жейді. Одан бөлек жарты келі тауық, жарты литр сүт және бір жұмыртқа жейді. Олардың тамағы жергілікті бюжеттен бөлінген қаржыға алынады.
«ЖАБАЙЫ ҚАБАН ИТТЕН ДЕ АҚЫЛДЫ КЕЛЕДІ»
- Қоғамда цирктегі жануарларға қатысты түрлі пікір айтылады. Оларды өз табиғатынан ажыратуға болмайды дейді. Бұл пікірге көзқарасыңыз қалай?
- Жабайы аңдар бәрібір адаммен байланыста болады. Сондықтан олардан қауіп төнбейтінін түсіну керек. Оның үстіне, циркте үйретілетін аңдар зообақтан келеді. Ешқандай аң үйретуші өзі үйреткен аңына қатыгезік жасамайды. Осы күнге дейін мен ондай көріністі көрген жоқпын. Қатыгездік көрсететін адамдарда мүмкін жүрек жоқ шығар. Ештеңе айта алмаймын.
- Қазақта «қасқырды қанша бақсаң да орманға қарап ұлиды» деген сөз бар. Сіздің ойыңызша қасқыр неге асырауға көнбейді және қандай жануар қолға тез үйренеді?
- Қолға тез үйренетін жануарлардың бірі – ит. Десе де, жабайы қабандар иттен де ақылды келеді екен. Оларға дегеніңді тез ұқтыруға болады. Осы уақытққа дейін жабайы қабанды қолға үйреткендіктен сенімді айта аламын. Ал, қасқырға келер болсақ, кез-келген жануарлы қолға үйретіп алуға болады. Қасқыр үйренбейді деген - теріс түсінік. Өз тәжірибемде қасқырды кәдімгі үй жануарындай қылған адамдарды көзім көрді. Көзін ашқалы адам баласын көрсе, ол да қалыптасады. Сондықтан, бұл қате түсінік.
- Цирк өнеріне деген сұраныс уақыт өте бәсеңдеп келеді. Еліміздегі цирк өнеріне қандай баға бересіз, табысыңызға көңіліңіз тола ма?
- Циркке сұраныс әлі де бар. Міндетті бағдарламадан бөлек циркте қыс айларында да өнер көрсететін сәттер болады. Сенбі, жексенбі күндері циркке келгісі келетіндердің қатары көп. Жаз басталса, гастрольдік сапар басталады. Цирктегі үзіліс тек қаңтар айында болады. Сондықтан, көрермен болмай қалған кез болған емес. Қазір, карантинге байланысты жұмыс тоқтап тұр. Десе де, табысым көңілімнен шықпайды. Өте аз. Бірақ бұл кәсіпке деген махаббатым бәрінен артық тұр.
Жазып алған: Сағыныш Ибрагим, Нұр-Сұлтан