Қазақтілді ертегілер, «MUNARAT» жобасы және балабақшадағы бала тәрбиелеу идеологиясы туралы сұхбат
Біздің бүгінгі спикерлеріміз Қазақстан балабақшаларына арналған «MUNARAT» стартап жобасын қолға алып, қазақстандық жазушыларға тапсырыспен заманауи танымдық ертегілер жаздырып, оны конвергентті журналистика форматына бейімдеп жатқан кәсіпкерлер.
Аталған жобаның тәжірибелік алаңы Нұр-Сұлтанда ашылып, қазір замануи балабақша 20 бүлдіршінді тәрбиелеуді бастап кетті. Azattyq Rýhy тілшісі жаңа форматтағы балабақшаға барып, стартап авторларымен сұхбаттасты.
Тарих ғылымының магистрі, «Байтұмар» ЖШС төрағасы Баян Ахатай:
Мен бұған дейін «Тәй-тәй Star» балбақшасына жетекшілік еткенмін және аталған салада практикалық тәжірибем көп деуге болады. Өзім «Байтұмар» ЖШС басшысымын және біз «MUNARAT» компаниясымен бірлесе отырып, еліміздегі балабақшаларға арналған жаңа жобаны қолға алып отырмыз. Қазір сіздер көріп отырған балабақшаны тәжірибе жүргізу мақсатында аштық. Жалпы, балабақша саласында жүргендіктен, өзім іс жүзінде қазақ балаларының балабақшадағы уақытының сапалы өткенін қалаймын. Осы жолда еңбектеніп келе жатқанымызға біраз жыл болды. Маған серіктес болуды ұсынып, жоба мазмұнын алдыма алып келгенде мен қазақтілді балалар үшін мұндай жақсы мүмкіндіктің ашылып жатқанына қуандым. Біз осындай идеялы жастарға қолдау білдіруіміз керек. Қазіргі таңда қазақ балалары «орысша сөйлейді», сапалы «қазақтілді контент жоқ» деп бәріміз өкпелейміз. Бірақ сол олқылықтың орнын толтыру үшін еңбектенгіміз келмейді. «MUNARAT» жобасының бас директоры Еркебұлан Амантаев, жоба кеңесшісі Олжас Сүлейменов, жоба серіктесі Бөгенбай Серікбай, жоба жетекшісі Нариман Қойшыбаев. Бұл төрт жігіттің «MUNARAT-ты» құрудағы мақсаттары – қазақ балаларына арналған сауатты, визуалды әдемі, сапалы және танымдық контент қалыптастыру.
«MUNARATТЫҢ» БАЛАБАҚШАЛАРМЕН БАЙЛАНЫСЫ ҚАНДАЙ?
Бүгінгі таңда қаражаты барларға сапалы балабақша көп. Ал көпбалалы отбасы балаларының мұндай мүмкіндігі аз. «MUNARAT-тың» мақсаты – ертегілер арқылы ұлттық құндылықтардың негізінде балалардың бойына ізгілікті, мейірімділікті енгізу. «Ертегі – ел ертеңі» деген түсінік бар және мұның тамыры тереңде жатыр. Қазақша сапалы сөз саптаудың өзін ертегіден үйрену керек екен. Мәселен, Қобыланды батыр жыры, Ертөстік ертегісін ыңдап көрсеңіз, артық ақпарат жоқ, бәрі ғылым, академиялық тілмен жазылған. Әрбір ақпаратты нақты, жүйелі, сапалы берудің бірден бір үлгісі – ертегілер.
Осы «Ертегі» жобасын еліміздің түрлі өңірлерінде таратып бастаймыз. «MUNARAT-тың» функционалдық мазмұны теориялық жағын қамту, жалпы, ертегілерді замануи етіп жаздыру, мобильді қосымшасын, ондағы аудио, визуал, видео форматтарын қамту. Ал біздікі практикалық жағын, балалардың қабылдауын бақылап, жүзеге асырып, тәжірибе алаңына айналу. Бұл стартап жоба. Болашақта жоба аясын кеңейтіп, оқу орталықтарын, кең көлемді балабақшалар ашу жоспарда тұр. Бүгінгі таңда «Nur Otan» партиясының төрағалары бізге қолдау көрсеуге дайын. Алда Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне, Білім және ғылым министрлігіне ресми хат жолдап, қолдау сұраймыз.
БАСЫМДЫЛЫҚ НЕ СЕБЕПТІ ҚАЗАҚ ТІЛІНЕ БЕРІЛЕДІ?
Қазір Нұр-Сұлтан қаласында 300-ден аса жеке балабақша бар. Сол балабақшалардың басым бөлігінің құрылтайшылары орыстілді. Сондай-ақ, балабақшалар қауымдастығы бар, сол жердегі барлық жиналыс, жиындар тек орыс тілінде ғана өтеді. Біздің еліміздің қай саласын алсақ та, басшы қай тілде сөйлесе, қоластындағы қызметкерлері сол тілде сөйлеуге бейім тұрады. Өйткені басшылыққа түсінікті тілде сөйлеп, сол кісінің көңілінен шыққымыз келіп тұрады.
Балабақшаның негізгі миссиясы – саналы да, сапалы ұрпақ тәрбиелеу. Ал оның негізгі фундаменті осы балабақшада қаланады. Балабақшаға тек кәсіп ретінде қарап, одан ақша табуды көздегенде оны сапамен ұштастыру керек. Сондай-ақ, біз қай мемлекеттің баласын тәрбиелеп отырғанымызды ұмытпау керекпіз. Біз Қазақстанның баласын тәрбиелеп отырмыз. Демек, біздің бірінші идеологиямыз да осы болуы керек. Кәсіпкер ретінде табысыңызды табыңыз, бірақ сол мемлекеттің ұрпағына, тіліне қандай да бір қиянат жасамаңыз. Менің арманым – қазақша сапалы балбақшалар қалыптастыру, ата-аналарды «баламыз қазақ балабақшасына барып орысша сөйлеп кетті» дегізбеу.
«MUNARAT» жобасының жетекшісі Нариман Қойшыбаев:
Балалар тақырыбы қашан да өзекті. Пандемия кезінде шексіз контент ұғымының азайғанын бәріміз байқадық. Карантинде үйде отырған кезде өзіне қажетті контенттің бәрін тұтынған аудитория шарықтау шегіне жетті. Ал енді балалар контентіне келсек, пандемия кезінде көзіме Боби Айгер деген тұлға ерекше ілікті. Ол қазіргі Дисней мен Марвел коллаборацияларының негізін қалаушылардың бірі. Боби Айгерстің дәрістері мен сұхбаттарын бойға сіңіру арқылы, Қазақстан нарығындағы балалар контентіне басқаша көзқараспен қарау мүмкіндігі туды. Осы арқылы «MUNARAT» жобасының идеясы келді. «MUNARAT» қосымшасы тек балаларға ғана арналмаған, біз осы қосымша арқылы балалармен, ата-аналармен, олардың ата-әжелері, бауырларымен коммуникация жасаймыз.
Қазақстандағы балалар нарығында кітап, «Балапан» телеарнасы бар. Және соңғы 5 жылдықта «Балапан» телеарнасына бәсекелес бола алатын тағы бір арна пайда болуы қажет деген пікірлер жиі айтылады. Технология дамуда, бірақ бір ғана нәрсенің артынан ілесе алмайтынымыз тағы бар. «MUNARAT» конвергентті медианың нәтижесі. Ол бірнеше құрамдас бөліктен тұрады: Мобильді қосымша, кітаптар YouTube-арна, әлеуметтік желілердегі ақпараттық-танымдық контент.
ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ШЕБЕРХАНА
Біздің бәсекелестеріміздің амбициясы мықты, олар анимациялық фильмдер шығармақшы. Олар Netflix сияқты үлкен платформаға немесе ойындар хабына айналулары мүмкін. Бірақ бізде мұндай амбиция жоқ. Ханс Циммер деген композитордың «Идея бюджетпен шектелмейді» деген үзік ойы бар. Біздің мақсат – балаға құны миллион долларлық анимациялық фильм көрсету емес, визуалы әдемі жасалған, ойын-сауықтық контент емес, қазақ тілінде сауатты, сапалы танымдық контент өндіру. «MUNARAT» озық, ерекше ойлайтын, қолтаңбасы бар авторлардың, суретші-иллюстраторлардың, дизайнерлердің, маркетологтардың, ақпараттық технология мамандарының, аудио-бейне туындыларын әзірлейтіндердің басын қосады.
Бастапқы контентіміз ертегілер. Ертегілер тарихи тұрғыда жүйенің жауларымен күреседі. Бірақ қазіргі ертегінің антикейіпкерлері коммунистер бола алмайтыны анық. Әрбір әдеби туынды – бұл кішігірім галактика. Оның өзіне тән сипаттамасы, басты және қосалқы кейіпкерлері, мақсаты, болмысы, эмоциялары, құндылығы және т.б. болады. «MUNARAT» әрбір әдеби туындыға жеке-дара бренд, маңызды құрамдас бөлік ретінде қарауға ұмтылады. Біз штампталған ертегілердің конвейері емес, әрбір ертегіге әрбір маманның ынтасы ауатын шеберханаға айналмақшымыз. Ертегілер желісі тұрақты даму мақсаттарына сай болады. Қазақстан – әлемдік қауымдастықтың бір бөлігі. Дәл қазір әлем көшбасшылары белгілеген 2030 жылға дейін 17 негізгі бағыттар бар, олардың жүзеге асырылуы елді өмірдің барлық негізгі салаларының тұрақты дамуына және осы әлемдегі әрбір адамға қатысты жаһандық мәселелерді шешуге жетелейді. «MUNARAT» балалар буынын жаһандық стратегияға сай бағыттауға шешім қабылдады.
ЕРТЕГІЛЕРДЕГІ ХИКАЯЛАР ҚАЗАҚСТАННЫҢ ШАҒЫН ҚАЛАЛАРЫНДА ӨТЕДІ
Біздің ертегілердегі оқиғалар моноқалаларда өтеді. Авторларға ертегідегі хикаялар Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкентте өтпеуі керек деген шарт қойдық. Қазіргі таңда жұмыс үш бағытта жүріп жатыр. Біріншісі – ертегілерді жазу, себебі, біздің іріктеп алған жазушыларымыз бар. Екіншісі – қазіргі балалар әдебиетінің авторларымен коллоборация, үшінші – шетел ертегілері. Бірақ шетел ертегілеріне анализ жасаған кезде нарықтағы басқа бәсекелестерімізді қайталамауға мән берудеміз. Мүмкіндігінше басымдық отандық ертегілерде, контент жетіспеушілігі болып жатқан жағдайда шетелдік авторлардан аударамыз. Сол ертегілер негізінде YouTube, әлеуметтік желілерге арналған контенттер өндіріп, әртүрлі қызық ойындар жасалады. Олардың әрқайсысы сатылай жүзеге асып, конструкция сияқты жиналады. Яғни, қосымшаға кірген адам ертегінің мәтін нұсқасын оқиды, содан кейін аудио нұсқасын тыңдайды, ол жерде кейіпкерлер образындағы иллюстрациялар болады. Ертегіні толық оқып болғаннан кейін, қолданушыға бояғышқа бояу опциясы шығады. Бұл кішігірім балаға деген базарлық.
«MUNARAT» арқылы 8 жасар бала ертегімен танысты делік. Ол 10 жылдан кейін студент атанып, шетелдік форумға қатысып, өзге ұлт өкілімен сөйлесе қалған кезде, кедейлікті жою, ғаламдық жылыну, моно қалалардың мәселесін шешу туралы еркін әңгіме айта алатын деңгейде болғанын қалаймыз.
Балабақша деген қасиетті ұғым ғой. Мәселе оны коммерциялау ғана емес, әрбір балабақша бір діни орталық сияқты әрқайсысының өзіндік ережелері мен тәртібі бар. Бүгінгі таңда аймақтардағы балабақшалардың саны 100% жетті. Ал балабақшалардың ішіндегі контент – ойыншық, кітап, нұсқаулықтардан әрі аспай отыр. Біздің жобаның мақсаты – кітапты, ойыншықты әрі қарай заманға сай дамыту.
Жазып алған: Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан