Теріскейлік коллекционер көне көліктерді жинап жүр

Автор: Azattyq Rýhy

Ол өзі тұратын ауылға туристерді тартатын музей ашуды армандайды

Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданына қарасты Келлеровка ауылының тұрғыны Анатолий Габченко өмір бойы көне көліктердің коллекциясын жинап келеді. Ауласын музейге айналдырған зейнеткердің иелігінде өткен ғасырда шығарылған «Победа», «Волга», тіпті әскери техникаға дейін бар. Мотоциклдардың да сан алуан маркасын көруге болады. Ашық аспан астындағы «көрмеге» Azattyq Rýhy тілшісі куәсі болды.

Коллекционер үшін ең қымбат дүние «ГАЗ-67» маркалы автокөлік. Өткен ғасырдың 40 жылдары шығарылған әскери техника. Соғысты басынан кешірген. Темір тұлпардың дөңгелегі нақты қай жерлерге тигені белгісіз. Зейнеткер көбіне ескі, істен шыққан көліктерді сатып алып, жөндеп шығарады. Көне бұйымға қалтасындағы соңғы қаражатын салуға бар. Кез келген техниканы бөлшектеп бұзып, қайта жинап шығады. Керексіз болып қалған заттарды қайтадан кәдеге жаратады. Бұл темір тұлпарды да бөлшектеп жинап алған.

«Ең бастысы «ГАЗ-67-нің» сырт келбеті сақталып қалды. Кузовын Ақмола облысындағы Степняк қаласынан сатып әкелдім. Біраз детальдарын ауыстыруға тура келді. Өтйкені істен шыққан еді. Бұл өте ескі көлік болғандықтан, оның қосалқы бөлшектерін таппайсың. Орындықтарына дейін жаңаладым. Дегенмен, ерте кезде шыққан техника мықты. Сырлап, әрлесең әп-әдемі болып шыға келеді. Шағын радиостанция да бар. Морзе әліппесі арқылы талай әскери бір-бірімен хабар алысқаны анық. Оны да жөндеп қойдым. Барлық бөлшектерін тауып, орнына салып, көлікті сырлап, осы қалыпқа келтіруге бірнеше жыл кетті. Көп күш, қаражат салдым. Сондықтан да оның орны мен үшін бөлек», - дейді коллекционер Анатолий Габченко.

Коллекционер ескі автобустардың ішін де шағын музейге айналдырған. Онда сағат, үтік, музыкалық аспаптар, ыдыс аяқ, фотоаппарат сынды тағы басқа түрлі бұйымдарды көруге болады. Мәселен зауыттан шыққанына 90 жыл болған патифон бар. Тетігін бұраса болғаны, әндете кетеді. Пластинкалары да бір кездегі қалпында сақтаулы тұр.

«Патифон ата-анамнан мұраға қалған. Музыкалық аппараттың талай адамның қуанышына куә болғаны анық. Қазіргі ұрпақ мұндай заттарды музейлер мен ескі кинолардан ғана көре алады. Кейде үйге танымайтын адамдар келіп, коллекциямды көреді. Мен оларға барлығын қуана-қуана көрсетемін. Жеңіс күні мерекесі болғанда әскери техниканы аудан орталығы Тайынша қаласына апарып жүргіземін. Балаларды көліктерге отырғызамын. Олар мәз-мейрам болады. Осылайша өскелең ұрпақ аз да болса, тарихтан хабар алады», - дейді коллекционер.

ЕҢ КӨНЕ ЗАТ - ҚОС ҒАСЫРЛЫҚ ТАРИХЫ БАР САМАУРЫН

Анатолий Николаевичтің коллекциясындағы ең көне зат – жез самаурын. Ол 1832 жылы шығарылыпты. Әкесінен мұраға қалған. Салмағы 4 келі. Әлі де шай қайнатуға болады. Дегенмен коллекционер ескі заттарды жинағанымен, тұрмыста заманауи, ыңғайлы техниканы пайдаланғанды жөн санайды.

«Тағдыр мені осындай адаммен табыстырды. Оның қолына түскен ескі заттар керемет бұйымға айналады. Бір тыным таппайды. Есік алдына әдемі субұрқақ та жасап қойды. Кейде адамдар келіп, заттарды сатып алуға ниет білдіріп жатады. Жолдасым ештеңе сатып көрген емес. Коллекция – ол үшін өмірінің мәні. Бұның барлығын жинау да оңай емес. Кез келген затқа күтім керек. Күні бойы уақытын сол заттардың шаңын сүртуге арнауы мүмкін. Кейде апталап та жүруге тура келеді. Мәселен ескі көлік әкелсе, оның ұңғыл-шұңғылын бірге жуамыз. Сырын қырып, тазалаймыз. Қайтадан басқа бояу жағамыз. Есесіне ауламыз ертегі әлемін елестетеді. Барлығы қызыға қарайды. Достары, таныстары көне зат алып келсе, балаша қуанады», - дейді жұбайы Екатерина Габченко.

Анатолий Николаевичтің мамандығы мал дәрігері. Қазір жасы 75-те. Ол шет елдерге саяхаттағанды жақсы көреді. Ел ішінде жолға шықса да, шекара асса да коллекциясын толықтыратын ерекше заттар, естелік бұйымдар ала келеді. Ауладағы әдемі композициялардың да дизайнын өзі жасайды.

Еңбекқор азамат техника атаулының барлығының тілін біледі. Оның иелігінде «Урал» маркілі мотоциклдердің бірнешеуі бар. Барлығы іске жарамды. Ағаштан да түйін түйеді.

«Көне зат – тарих. Ол қаншама адам тағдырының, қуаныш пен қайғысының куәсі. Осының барлығын жинауға мен көп ақша жұмсадым. Оны одан да қымбат бағаға алғысы келетіндер де бар. Бірақ мен оны сата алмаймын. Жанымның бір бөлшегін ақшаға айырбастағандай боламын. Келген адамдардың барлығы менің коллекциямды көріп таң қалып жатады. Ал мен көне бұйымдарды одан әрі көбейткім келеді», - дейді коллекционер.

Сағат, фотоаппарат, ыдыс-аяқ, музыкалық аспаптар, тігін машинкалары... Зейнеткерге көне заттарды жинауға таныстарының барлығы көмектеседі. Өзіне ұнайтын зат табылса кез келген қаладан алып кетуге бар. Коллекционер өзі тұратын ауылға туристерді тартатын музей ашуды армандайды.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО