Tik Tok-тағы танымал қазақтар: жылқышы қыз Асыл Ахметованың өнеріне қызығушылық Ресейде де артып келеді

Автор: Azattyq Rýhy

Ол үйір-үйір жылқыны жалғыз өзі бағады

Пандемия кезінде әлеуметтік желі пайдаланушыларының саны әлемде күрт артқаны белгілі. Бұл көрініс Қазақстанда да байқалды. Әсіресе, Tik Tok желісі кең танымалдыққа ие. Желі қолданушылары алғашында карантин кезінде уақытты қалай өткізетінін шағын видеомен көрсетсе, кейін жастар түрлі өнерін паш етіп, тіпті вайндар түсіре бастады. Осылайша жаңа деңгейдегі жұлдыздар пайда болды.

Мұндай жұлдыздар Қазақстанда да аз емес. Солардың бірі солтүстікқазақстандық Асыл Ахметова. Ол өзге тиктокерлер секілді ән айтпайды, би де билемейді. Асыл үйір-үйір жылқы бағып, жұртқа ауылдың өмірін көрсетіп танымал болған. Оның бұрымына, ұлттық нақыштағы киіміне, аттың құлағында ойнайтын өнеріне қызығатындар көп.

Azattyq Ruhy тілшісі әлем қарайтын желіде жоғары қаралым жинап жүрген Асылмен хабарласып, жылқы бағудың ерекшеліктері, бәйгеге шабудың қиындықтары мен қазақша контенттің маңыздылығы жайында сұхбаттасты.

Асыл Петропавл қаласына қарасты Озерное ауылында тұрады. 25 жастағы қыз ауыл мектебінде жұмыс істеп, бос уақытында жылқы бағады.

«Өзім Қостанайдың қызымын. Қазір Солтүстік Қазақстан облысы Озерное ауылында тұрамыз. Әкемнің туған жеріне бірнеше жылдан кейін көшіп келдік. Нұр-Сұлтан қаласындағы политехникалық колледжді бітіріп, техникалық мамандық алып шықтым. Қазір Петропавлда жоғары білім алып жатырмын. Мамандығым – информатика пәнінің мұғалімі. Үшінші курсты бітірдім.

Жетінші сыныптан бері әкеме көмектесіп келемін. Әкем мен ес білгелі жылқы бағумен айналысады. Карантин басталғаннан кейін ауылға келдім. Tik Tok қосымшасын жүктеп, өзім үшін видео түсіріп жүрдім. Алғашында контентім аса қызық болған жоқ. Оның үстіне ауылда интернет мектепте ғана ұстайды. Tik Tok қосымшасына алғаш рет үйде мініп жүрген жылқыммен 20 секундтық видео жарияладым. Видео трендке кіріп, ресейліктерге таралып кетті. Осылайша, күнделікті ауылдың өмірін жиі сала бастадым. Қазір Tik Tok-та 65 мың жазылушым, Instagram желісінде 6 мың адамнан жоғары аудиториям бар», - дейді Асыл.

Жалғыз өзі жеті үйір жылқы бағады...

Ол жылқы бағудың ерекшеліктері мен оны күтудің жолын айтып берді.

«Әкем бұрынғыдай емес, қартайды. Сондықтан тек жылқы ұстайды және тұрып жатқан ауылдың жылқысын қосып бағамыз. Қазір барлығы 7 үйір жылқы бағамын. Жануарды қыста қамамай еркін жібереміз. Ал, көктемде егінді таптап кетпес үшін қораға қамап, қадағалап бағамыз.

Таңғы төртте жылқы жайылымға шығады. Әкем түске дейін өзі қарайды. Түстен кейін ауысып, орнына мен келемін. Күн төбеге шығып қатты ысыған уақытта үйірді әкеліп қораға қамаймын. Кейін 4-5 кезінде қайта шығарып, түнгі 11 жарымға дейін бағамын», - дейді жылқышы қыз.

Асыл әкесіне ерекше жақын. Жылқы малына деген махаббатын оятқан да әкесі. Кішкентайынан атта шауып үйренген ол мал бағу кезінде түрлі оқыс оқиғалардың болатынын айтады.

«Мен өзіміздің емес, ауыл адамдарының да жылқысын баққандықтан, жауапкершіліктің үлкен екенін білемін. Әр жылқыға басыммен жауап беремін. Кейде жануар жарақат алып қалады, суға батқан кезі де болды, төлдейді. Сондай уақытта жалғыз өзім абдырап қалмай, шұғыл шара қолдануым керек. Айдалада көп жағдайда байланыс жоқ, болса да әлсіз. Сондықтан, көмек жеткенше күтіп отырмай, алғашқы алдын алу жұмыстарын атқарамын. Мұның бәрін әкем үйреткен. Кішкентайымнан атына мінгестіріп алатын, қайда барса да жанынан тастамады. 5 сыныптан бастап өзім атқа отырып, 6-сыныпта мал қарауға шыға бастадым», - дейді Асыл.

Ол жылқы бағып ғана қоймай бәйгеге де қатысады. Нәзік, мүсінді қыздың аттың құлағында ойнап, шаба жөнелгенін көргенде еріксіз сүйсінесің. Асылдың айтуынша, жылқыны бағындыру үшін ең алдымен күш емес, мінез керек.

«Ең алдымен жылқымен тіл табысу керек. Оның үстіне дұрыс отырмасаң жануар қырсығады да қояды, сосын онымен дұрыс шаба алмайсың, мінезін көрсетеді. Үйге немесе үйірге қарай шауып кетуі де мүмкін. Мысалы, жайылым кезінде үйге барғың келіп атты бұрсаң, айғыр үйірді тастағысы келмей қарсыласады. Сондай кезде адам өз үстемдігін көрсетіп, өктем дауыспен бұйыра айқайлап, немесе ұрып жіберу қажет», - дейді жылқышы қыз.

5-6 жылдан бері ол ерлермен бірге бәйгеге қатысып жүр. Қаладағы оқуынан келген замат жылқыға отырып, ауылдың шетіне тартып кетеді екен.

«Бәйгеде шабуды да әкем үйретті. Жарыс басталмас бұрын атты терлетіп, көбігін шығару керек. Бірден шығармай екі немесе үш күн дайындаймыз. Бәйгенің уақытында аттың басын қай кезде тартып, қай кезде жіберу керектігін қадағалап отыру маңызды. Егер аттың басын бірден босатып жіберсеңіз соңына дейін шаршап қалады.

Бәйгеде аттың бәрі бір жолмен келе жатқандықтан бір-біріне соғылуы мүмкін немесе жолдағы шұңқыр, тас сияқты кедергілерге шалынып кетеді. Сондықтан алды-артыңды қарап отыру да маңызды. Соңғы қатысқан ат жарысында шауып келе жатып алдымдағы ат аяғымнан теуіп жіберді. Аяғым үзенгіден шығып құлап кетуге сәл қалдым. Бірақ, уақытында аттың мойынынан ұстап, қайта мініп үлгердім. Ауыр жарақат алған жоқпын», - дейді ол.

Анасы алғашында бәйгенің қауіпті екенін айтып, қарсы болғанымен қызының сүйікті ісіне тыйым салмауды жөн көрген. Жылқы бағып, үй шаруасы мен мектептегі жұмысын қатар алып жүрген Асыл, ән айтқанды да жаны сүйеді. Тіпті, мектептен кейін өнер академиясына оқуға түскісі келген. Алайда, ата-анасы бұл арманының орындалуын кейінге шегерген екен.

Асылдың өнеріне қызығатындар әлеуметтік желіде көп. Оның аудиториясы соңғы уақытта тез көбейіп келеді. Тіпті, жылқышы қызды келін етіп алғысы келетіндер де кездеседі екен.

«Әлеуметтік желі қаншама адамға жаңа мүмкіндік ашып жатыр. Қазір қазақ тілінде түсірілген контент тез қаралым жинайтын болған. Менің түсірген видеоларымды көріп көбі «солтүстікте осындай таза қазақша сөйлейтіндер бар ма?» деп таң қалып жатады. Солтүстікте қазақ тілінде сауатты сөйлетіндер көп екенін көрсеткім келеді. Сондай-ақ біздің ауыл әлі күнге дейін суды тасып ішеді. Оның үстіне қыстың күндері жолдың нашар болғанынан қалаға еркін шыға алмаймыз. Интернет жоқ. Әлеуметтік желі арқылы осындай жағдайда өмір сүріп жатқанымызды да көрсеткім келеді», - дейді Асыл.

Ол болашақтағы жоспарларымен бөлісіп, атқа мінбек түгілі қасында тұруға қорқатын кейбір жандарға ақыл-кеңесін айтты.

«Қазір жылқыға міне алмайтын жастар көп. Қыздарды былай қойғанда ер адамдар атқа міне алмайды. Біреудің өнеріне қызыққанша өзіміздің ата-тегімізді сақтап қалса екен деймін. Егер біз ата-бабадан қалған құндылықтарды дәріптемесек, уақыт өте келе ұмытылып кетуі мүмкін. Сондықтан әлем пайдаланатын Tik-Tok қосымшасында қазақтың ұлттық кәсібін көрсетіп, бір адамның болсын ойын өзгерту мен үшін жетістік», - деді Асыл Ахметова.

Сағыныш Ибрагим, Нұр Сұлтан