«Баққан емес, тапқан әкенің баласымын»: Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында елге оралған қазақтардың оқиғасы

Автор: Azattyq Rýhy

Қандастарға берілетін квота, құжаттандыру және латын графикасына негізделген қазақ әліпбиі жайлы

Коллаж

Биыл Биыл Қазақстанның тәуелсіздігін жариялағанына 30 жыл. 1991 жылдан бері Қазақстанға жырақта жүрген 1 млн 73 мыңға жуық этникалық қазақ оралды. 1991 жылы Моңғолиядан көшіп келген азаматтардың бірі – Талғат Мұрсалиұлы. Кейіпкеріміз тәуелсіздік алған жылдары қазақ жеріне оралған қандастардың алғашқы легі Моңғолиядан келгенін айтты.

«Мен сол кезде Моңғолиядағы бір аймақ әкімінің орынбасары болып қызмет атқардым. Тұтас бір облыстан қазақтарды көшіруге атсалысып, көшті ұйымдастырып, өзіміз берге келдік. Еңбек шартымен оралғандықтан, әркім әрқалай көшті. Мәселен, қазақтардың көбі алғаш қоныстанған жер Талдықорғандағы Кербұлақ ауданы болды. Біз үш отбасы болып Қазығұрт ауданына (Түркістан облысы) ат басын бұрдым. 1992 жылы қалған жүгімізді түгел көшіріп әкелдік», - дейді Талғат Мұрсалиұлы.

«ИТІМІЗДІ ИТАЯҒЫМЕН ҚОСЫП КӨШІРІП АЛЫП КЕТТІ»

Ресми деректер бойынша, 1991 жылдан 2000 жылға дейін Қазақстанға жалпы саны 176 мың адамнан тұратын 41 мың отбасы оралды: Моңғолиядан - 63,5 мың, Ираннан — 4,8 мың, Түркиядан —, 2,4 мың ТМД елдерінен 103 мың адам. Талғат Мұрсалиұлы сол кездегі жағдайды еске алды.

«Қазақстан алғашқы көштің легіне ерекше мән берді. Ол кезде арнайы көші-қон туралы заң да, комитет те болған жоқ. Қазақтың басын қосамыз деген бұл іс Нұрсұлтан Әбішұлының идеясымен басталды. Моңғолияға қаншама ұшақ пен камаз, автобус жіберілді. Соның ішінде дәрігері, полициясы бар, 2,5 мыңдай шақырым жол жүруге әбден дайындалып келген. Адамдардың киіз үйі былай тұрсын, итіміздің итаяғына дейін тастамай алып келдік. Үкімет соған жағдай жасады. Сонда моңғолдар басын шайқап, «Не деген керемет, ұлтын сүйген халық бұл» деп, қазақтарға қайран қалған», - дейді Талғат мырза.

Фото: Талғат Мұрсалиұлы жақындарымен

Талғат Мұрсалиұлы елдің оңтүстігінен Қарағанды қаласына қоныс аударып, онда 18 тұрған. 2014 жылы елордаға қоныс аударған.  

«Ұлым да, қызым да отбасын құрды. Олардың білім алуына қолдан келгенше жағдай жасадым. Екеуі де ағылшын тілін жетік біледі. Ұлым Қарағанды әкімдігіне қарасты Жастар ісі жөніндегі департаментті басқарды. Сосын Қорғаныс министрлігінен шақырту алып, елордаға көшіп келдік», - дейді, Қарағандыда оралмандарды қолдау қорын басқарған азамат.

КВОТА МӘСЕЛЕСІ МЕН БЮРОКРАТИЯ

Шетелде жүрген қандастар көші қазір не себепті саябырсып қалды?

«Бір жағынан, шетелдегі қазақтардың қалтасы жұқалау. Осы жаққа көшіп келгенде бұрын квота бөлінді, қолдау көрсетілді. Мысалы, мен Қарағандыда квота бөлетін комиссия құрамында істедім. Жылына 10 мың отбасы келетін, бірақ мың отбасына ғана квота берілетін. Әсіресе, Өзбекстаннан көп келді. Бірақ, 2009 жылы арада делдалдар - неше түрлі шенеуніктер шығып, келіп жатқан отбасындағы балалар санын көбейтіп, ақша ұрлады. Қытайдан өзін «қазақпыз» деген басқа да ұлттардың келуін жол берді. Іс насырға шапқан соң, 2009 жылы полиция, ҰҚК, прокуратура республика көлемінде тексеріс жүргізді. Бейресми ақпарат бойынша, 9 млрд ақша ұрланған. Бұл туралы Тимур Құлыбаев «Оралман деген кім?» деген мақала жазды», - деді Талғат мырза. 

2009 жылдан соң квота қайта беріле бастайды. Алайда, бұрынғыдай болмаған.

«2011 жылы Жамбыл облысында үлкен жиын өтті. Оған шетелден делегациялар келді. Сол кездегі Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов оралмандарды өзі қабылдады. Мен Қарағанды облысынан бардым. Осы жиыннан кейін оралман статусы барлық жерде беріле беретін болды. Шекаралас облыстарға қазақтарды шоғырландыру туралы шешім шықты.

Мен бұл шешімді дұрыс деп санаймын. Квота саны, мөлшері азайғанымен, қайта беріле бастады. Өзбекстан, Қытай, Монғолия, Ресей, Ауғанстан, Түркия, Иран елдеріне келгісі келетін қазақтар бар ғой. Бірақ, айналып келгенде олардың елге оралуы қаражатқа келіп тіреледі. Сонымен қатар, құжаттандыру мәселесі де күрделі. Бір қуанышты жаңалық – 1 қаңтардан бастап азаматтық пен ыхтиярхатты бірден алу мәселесі шешілді. Құжаттандыру бойынша тағы да жеңілдіктер болса, жақсы болар еді. Шетелдегі қазақтар күн өткен сайын жат жерге судай сіңіп бара жатыр. Олардың тезірек елге оралғаны қажет», - деп, бірнеше құжат мәселесіне қатысты ойын айтты.

«ПЕКИНДЕ ЖУРНАЛИСТ БОЛДЫМ»

Кәсіпкер, лингвист маман Азат Кәрім Қазақстанға алғаш рет 1995 жылы келген. Пекиндегі орталық ұлттар университетінде жоғары білім алып, журналист болып істеген қазақ баласы тарихи Отанына алғаш келген сәтін ешқашан ұмытпайды.

«1995 жылдың 15 тамызында алғаш рет Қазақстанға келдім. Ол кезде мен Пекиндегі Қытайдың ақпарат орталығы радиостанциясында журналист болып жұмыс істейтінмін. Абайдың 150 жылдығына келу жайлы өтініш жаздым. Жалпы, мен Пекиндегі университетті тәмамдағанда, сол жылы Қазақстан да тәуелсіздігін алды. Әрине, Отаныма оралу - арманым болатын... Сонымен, 15 тамызда алғаш рет тарихи отаныма, бір сөмкемді көтеріп өттім. Екі арада бір шақырымдай жол бар, кішкентай автобуспен сол жолмен өттім. Қазақстанда, Бақтыда (шекараның бергі жағында) туыстарым барын бұрыннан білемін. Сол үйді тауып алып, туыстарыммен көрістім. Одан кейін Мақаншы, Аягөзге бардым. Семейде әкемнің туған інісі бар, сол кісіні тауып алдым. Семейден кейін Алматыға тартып кеттім. Сонда Қазақстанға ең алғаш іссапармен келдім.

Пекинде «Егемен Қазақстан» газеті мен «Жалын», «Қазақ әдебиеті» журналдарын оқитынбыз. Тарихи отаным болғаннан кейін, Қазақстан туралы бәрін білетінмін», - дейді Азат Кәрім.

Фото: Азат Кәрім отбасымен 

«ШЕКАРА БӨЛІНГЕН СОҢ, ӘКЕМ БАУЫРЫН КӨРГЕН ЖОҚ»

Азат мырза Қытайдың Тарбағатай өңірінде туған. Шекара бөлінген соң, қазақтың жері екіге бөлініп, ағалы-інілі азаматтар екіге айырылды, дейді кейіпкеріміз. 

«Арғы бет, бергі бет» деген - шекара бөлінген соң Тарбағатай қазақтары арасында пайда болған сөз. Әкемнің жалғыз інісі бар еді. 1962 жылдан кейін туған бауырлар бірін-бірі көрген жоқ. Әкемнің інісі Семейде қалған. Жалпы, бұл оқиға – әкем мен бауырының трагедиясы. Олар 30 жыл бірін-бірі көрген жоқ. Кейін әкем Қазақстанға келгенде, інісі қайтыс болып кеткен еді. Осылайша, олар бір-бірін көре алмады.

Әкемнің бауырын сағынып отыратыны есімде. «Кирпичный, 33» деген мекенжайды білемін, 1995 жылы әкемнің інісін тауып бардым. Түн кезін, үйдің есігін қағып едім, алдымнан ағам шықты. «Кәрімнің ұлымын» деп едім, ол кісі бас салып құшақтап, көзіне жас алды. Әкеме қатты ұқсайды, жазбай таныдым. Ол кісінің бала-шағасымен жақсы араласамыз. Үлкен ұлы осында келіп, бірге жұмыс істедік. Біз 6 ағайындымыз, олар 5 ағайынды», - дейді Азат Кәрім. 

«ТІЛ – ҰЛТТЫҢ БАСЫН БІРІКТІРУШІ ФАКТОР»

Саудамен айналысса да, ғылымнан қол үзбеген Азат Кәрім тіл мәселесіне қатысты бірнеше мақаланың авторы. Айтуынша, тіл – ұлттың басын біріктіруші негізгі фактор.

«Қытай тілі қиын емес. Қазақстан халқының Қытайға деген көзқарасы ғылыми түрде қалыптасқан жоқ. Осы ретте тілге қатысты жазған мақалаларым да бар. Алтай, түрік тілдері үшін қытай тілінің акценті ғана қиын. Екінші мәселе – әріп жүйесінің ерекшелігі. Бұл туралы ғалым Ахмет Байтұрсынов «егер дүние жүзінің әрпін бір әріпке келтіру керек болса, қытай әліпбиіне келтіру керек» деп айтқан. Себебі, бәрі бірдей жазады, әртүрлі (өз тілінде) оқиды деп түсіндіруге болады.

Жалпы, Қытай – құрама ұлт. Оның бәрінің басын ұстап тұрған - осы әріп жүйесі. Мәселен, Қытай латын әліпбиіне көшетін болса, олар әртүрлі ұлтқа тарап кетеді. Әліпби – идеология.

Біздің елге келер болсақ, қазақ халқының латын әліпбиіне көшкенін қолдаймын. Шешілмей тұрған мәселе - бір жүйедегі қазақ халқына қолайлы әліпби жасау. Әріп, әліпби, тіл дегеніміз – қазір қазақтың ең маңызды мәселесі. Қазақтың тілін алға қарай дамыту қажет, бұдан асқан маңызды мәселе жоқ», - дейді ол.  

«ҚЫТАЙДАН ЖАМАНДЫҚ КӨРМЕДІМ, БІРАҚ ТАРИХИ ОТАНЫМ ЫСТЫҚ»

2000 жылдары елордаға қоныс аударған Азат қазір 4 бала тәрбиелеп отырған әке. Қазақ, қытай тілін жетік біледі. Орыс, ағылшын, түрік тілдерін еркін түсінеді.

«Қытайда жүргенде еш қиындық көрген жоқпын. Білім алдым, жақсы жерде жұмыс істедім, экономикалық жағдайым да жақсы болды. Бірақ, оның бәрі тарихи Отанымды алмастыра алмайды. Қазақтың жерінде тудым, бірақ ондағы Үкімет қазақтікі емес. Еш жамандық көрмесем де, ол жақтағы билік – тапқан емес, баққан әке сияқты. Ал Қазақстан – Атемекенім, тапқан әкем. Қытайда өгей бала сияқты жүресің, ал Қазақстанда туған баласындай. Туған бала болған соң, жауапкершілікті сезінесің. Өз бала-шағаңды бағып, отбасыңды асырау керек, қолыңнан одан артық іс келсе, әрине, қоғамға пайдаңды тигіз. Отаныңа жақсылық жасау - өз отбасыңнан басталады», - деп түйіндеді сөзін Азат Кәрім.

Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан