«Бәрі қазақ деп ойлайды»: филиппиндік маркетолог Қазақстандағы өмірі, елорда аязы және елдегі жаңа мүмкіндіктер жайында

Автор: Azattyq Rýhy

Ол Нұр-Сұлтандағы ірі қонақ үйде жұмыс істейді

Қазақстан астанасына білікті мамандардың көшу процесі әлі жалғасып жатыр. Елордаға тек өз облыстарымыздан ғана емес, әлем елдерінен жұмыс іздеп кеп жатқандар көп. Олар Нұр-Сұлтанды мүмкіндіктер алаңы деп есептейді. Осында өз бағын тауып жатқандары қаншама?!

Ал, филиппиндік Юнис Фернандо астананың қысын өмірімдегі ең ауыр сынақтардың бірі болды деп есептейді. Тропикалық аймақтан келген маман елордадағы ірі қонақ үйлердің бірінде жұмыс істеп жүр. Ол осындай қатаң климатына қарамастан Нұр-Сұлтанды ұнатқанын және жақын арада Қазақстанды тастап кеткісі келмейтінін айтты.

Azattyq Ruhy тілшісі Филиппин азаматымен сұхбаттасып, қазақстандықтардың тұрмысы мен мәдениетіне көзқарасын, астанаға бейімделуі туралы сұрап білді.

«НҰР-СҰЛТАННЫҢ МҮМКІНДІГІ ӨТЕ ЗОР...»

Юнис елордадағы ірі қонақ үйлердің бірінде маркетингтік директор қызметін атқарады. Ол Қазақстан мен оның астанасы туралы бұрын тек оң пікірлер естіп, өз бағын осында сынау үшін келгенін айтады.

«Мен Қазақстанға 2020 жылдың ақпан айында жұмыс барысымен көшіп келдім. Маған Нұр-Сұлтандағы ең үздік қонақ үйде жұмыс істеуге ұсыныс түсті. Бұл жас әрі дамып келе жатқан қала екенін білетінмін, өзім үшін мұны зор мүмкіндік деп біліп, ойланбастан Қазақстанға келдім.

Менің жұмысым қоғаммен байланыс, яғни маркетинг. Маркетинг деген не деп сұрағандарға әрқашан қарапайым сөзбен жауап беруге тырысамын, маркетинг – бұл өнімді немесе қызметті ұсыну ғана емес, өз тәжірибеңмен бөлісу, оны әңгімеге арқау ету. Соңғы жылдары маркетинг нарығындағы жағдай біршама өзгерді, қазір тұтынушылар сіздің өніміңіз немесе қызметіңіздің олармен байланысты болуын, олар туралы естеліктер мен таныс эмоциялар тудыруы мүмкін бе деген сұрақтарды қояды. Тұтынушылардың мінез-құлқы үнемі өзгеріп отыратындықтан, әрдайым өзгеріске дайын болуың керек», - дейді Юнис.

Оның пікірінше, Қазақстанда мықты маркетологтар көп болғанымен, бұл сала әлі де дамытуды қажет етеді. Маркетингпен айналысамын деушілерге мүмкіндік көп.

«Нұр-Сұлтандағы маркетингтік ландшафт көптеген мүмкіндік ұсынады. Қала жас болғандықтан маркетологтар үшін ойын алаңы үлкен. Бұл нарық жаңа тәжірибелер, ұсыныстар мен жаңа брендтер үшін өте қолайлы», - дейді маман.

«ЖЕРГІЛІКТІ ТҰРҒЫНДАР МЕНІ ҚАЗАҚҚА ҰҚСАТАДЫ...»

Қазақстанға қоныс аударғанда жергілікті тілді мүлдем білмеген Юнис алғашында мәдени күйзеліске ұшыраған. Десе де, қазақстандықтардың қонақжайлығы тіл білмеудегі қорқынышын сейілтіпті. Тіпті, жергілікті халықтың арасында оны қазақ деп ойлайтындар көп екен.

«Мен жұмыс барысымен әр қалаға барған сайын біраз уақыт мәдени күйзеліске түсемін. Тілі, мәдениеті басқа болғандықтан мұндай күйзелістер қалыпты деп ойлаймын. Жұмысым әрдайым өзгерісерге дайын болуымды талап етеді. Қазақстанға көшіп келген кезімде де қобалжыған сәттерім көп болды. Бірақ, жергілікті халықтың жылы қабылдап, әрдайым көмектесуге ұмытылып тұратынын көргенде, қорқынышым бірден басылды. Көп адам мені қазақ деп ойлайды. Мені көргендер алдымен орыс тілінде, түсінбеймін десем қазақ тіліне көшеді. Менің не қазақ, не орыс емес екенімді білгеннен кейін қай жақтан келгенімді сұрай бастайды.

Әріптестерім қаланы таныстырып, азық-түлік, киім-кешек алатын дүкендерді көрсетуге дайын тұрады. Ал, тіл табысу барысында маған «Google Translate» және «Yandex» секілді мобильді қосымшалар көмекке келеді. Тілді білмесем де достарым жетерлік. Қазір орыс тілін үйреніп жүрмін. Мағынасын толық түсінбесем де, жүгіртіп оқи аламын. Орыс тілін үйреніп алсам, қазақ тілін меңгеруге кірісемін. Қазақ тілі өте күрделі деп естідім, бірақ талпынсам үйреніп аламын», - дейді филиппиндік маркетолог.

Ол елорданың қысын ешқашан ұмытпаймын дейді. Былтыр ақпан айында тропикалық климаттан бірден астананың қақаған қысына тап болған филиппиндік мұндай суық боларын күтпедім дейді. Тіпті, қыстық киімдері де сай болмай шығыпты.

«Нұр-Сұлтанның климаты маған ұмытылмас тәжірибе болды. Әрине, келер кезде қаланың суық болатынын оқып-білгем, бірақ мен сияқты тропиктік аймақта өмір сүрген жанға бірден суыққа келу өте қиын. Қазақстанға келмей тұрып жеті жыл Таяу шығыста тұрғанмын. Ондағы климат бұл жерге толық қарама-қайшы.

Қысқы киімнің не екенін білмейтін едім. Қасымда бірге жүретін досым маған қысқы киім алу кезінде үнемі көмек беріп, кеңес айтып отырады. Қазір үйреніп келе жатырмын. Суыққа үйрену бірнеше уақытты талап етеді. Бірақ, астананың қысы бәрібір керемет. Айнала әппақ түске боялғанда, әсіресе саябақтардың өте сұлу бейнесі мен шағылысқан күн сәулесі суыққа қарамастан өмір сүруді жеңілдетіп тұратындай. Десе де, жазды асаға күтіп жүрмін», - дейді Юнис.

Юнис Қазақстанға панедемия уақытында келгендіктен, еліміздің өзге өңірлерін аралап үлгермеген. Індет басылғаннан кейін Қазақстанның тарихи жерлеріне саяхат жасау – оның басты жоспары.

«Қазақстанда тұрып жатқаныма бір жылдан енді асты. Пандемия уақытында келгендіктен көп жерге қыдыра алмадым, тек Алматыдағы Шымбұлақта болдым. Шымбұлаққа қыста барған өте қатты ұнайды. Онда сноуборд үйреніп жүрмін. Маған Қазақстанның ұнаған тұсы – климаты сан алуан. Бір жерде ыстық, өзге өңірде қақаған қыс. Алда Түркістан мен Бурабайды көріп келуді жоспарлап жүрмін. Қазақ елінің тарихи құндылықтарын жақынырақ білгім келеді», - дейді ол.

Шетелдік маман қазақтар мен филиппиндіктердің отбасылық құндылықтары ұқсас екенін айтады.

«Қазақстанды Филиппинмен байланыстыратын ортақ құндылықтар: отбасылық байланыстар, үлкенге деген құрмет пен сыйластық. Қазақы отбасылардың бір-біріне деген қарым-қатынасы маған өз елімді елестетеді. Ал, қазақтың ұлттық тағамдары мен дастарханы ерекше әсер қалдырды. Сіздерде дастархан үнемі молынан жайылады, тағамның түрі көп. Маған әсіресе бауырсақ қатты ұнайды.

Жалпы алғанда, Нұр-Сұлтанға үйреніп кету оңай. Себебі, бұл жерде қозғалыс ыңғайлы және керектің бәрін табуға болады.

Ал, екі елдің арасындағы айырмашылықтарға келер болсақ, әрине географиялық әралуандық көп. Өз үйімде жүргенде жағажайға жүгіріп барып, теңіз тағамдарын жеп келетінмін. Қазір сол күндерді сағынып жүрмін.

Қазақстанда ұзақ уақытқа қалғым келеді. Бірақ, менің жұмысым белгілі уақыт аралығында орын ауыстырып тұруды талап етеді. Алда не күтіп тұрғанын болжап айтуға болмайды. Уақыты келгенде көре жатармыз. Әзірге мен осында боламын. Отбасым Филиппінде тұрады. Өзім көшіп барған әр елдегі достарым мен таныстарымды отбасым деп санаймын», - дейді ол.

Юнистің Қазақстанда да достары көп. Олар әр мереке сайын шетел азаматын қонаққа шақырып, қазақы сат-дәстүрмен таныстырып, барынша құрмет көрсетіп тұрады екен.

«Мұнда шынымен жақсы дос таптым деп сеніммен айта аламын. Достарымның көбі қазақ азаматтары. Олар мені өзінің отбасымен таныстырып, әр мереке мен туған күндерден қалдырмай шақырып тұрады. Бір дастархан басына жиналып, жергілікті тұрғындардың қонақжайлығын көріп, мәз боламын.

Мені бір таңғалдыратыны, Филиппиннен екенімді айтқан кезімде көп қазақтар атақты филиппиндік боксшы Мэнни Пакьяоны бірден еске алады және біздің филиппиндік телевизиялық опера мен актерлерді білетіні мені қуантады. Қазақстанға келмес бұрын қазақстандықтар біздің елдің мәдениетін жақсы біледі деп ойламаған едім», - дейді Юнис Фернандо.

Сағыныш Ибрагим, Нұр-Сұлтан