Петропавлдық 4 жасар Дарын суатқа түсіп шынығып жүр (ФОТО)

Автор: Azattyq Rýhy

СҚО жұрты қақаған аязда суық суға сүңгіп, денсаулығын ширатып жүр

Петропавлдық 4 жасар Дарын Исин үшін қыста далада үстіне мұздай су құйып, суатқа түсу қиын емес. «Кішкентай морж» демалыс күндері ата-анасымен бірге Есіл өзеніне шомылады. Ол қызылжарлық морждар клубының ең кішкентай мүшесі. Аталған ұйымда салауатты өмір салтын серік еткен 150-ден астам адам тіркелген.

Думан Исиннің 2 ұлы бар. Тұңғышы да, кенжесі де қыс бойы ата-анасымен бірге суатқа түседі.  Спорт пен салауатты өмір салтын қолдайтын әке екі баласына да моншаға түсер алдында далаға жалаң аяқ шығып, суық су құйынуды үйреткен. Исиндер отбасында осындай дәстүр қысы-жазы үзілмейді. Үйдің кенжесі Дархан шынығудың бұл түріне 1 жастап бастап үйренген.

«Өзім суық су құйынуды әскерге барғанда үйрендім. Биыл 17 жыл болды. Қаншама қуат аласың. Досымның кеңесі бойынша 3-4 жыл бұрын қыста суатқа түсе бастадым. Менің бастамамды жұбайым да қолдап, морждар қатарына қосылды. Үлкен ұлым Дархан да қызығушылық танытты. Тыйым салмадық. Оны көрген кішкентай Дарын да бізбен бірге шомылуға бекінді. Өзі қолқалап тұрған соң байқап көруге бекіндік. Енді демалыс сайын бізбен бірге Есіл өзеніне барады. Балаларды суық суға шомылдырып жүргеніме қатысты кейбір таныстарым тарапынан теріс пікірлер де естідім. Оның бала денсаулығына пайдасы болмаса, зияны жоқ», - дейді Петропавл қаласының тұрғыны Думан Исин.

Әкесінің айтуынша Дарын мен Дархан басқа балалар сияқты бос уақытын телевизор мен телефонға телмірумен емес, спортпен шұғылданумен өткізеді. Екеуі де футбол және каратэ секцияларына барады. Кішкентай морждарды суық тию, тұмау сынды аурулар айналып өтеді екен. Қыс маусымында анда-санда мұрын бітелу сынды жайсыздықтар болмаса, басқа сырқат мазаламайды.

МОРЖДАР КОРОНАВИРУСПЕН АУЫРА МА?

Суық судың көмегімен шынығуды өмір салтына айналдырған жандар үшін Есіл өзеніндегі әр кездесу демалудың дәстүріне айналған. Бірі суатқа сүңгіп жатса, екіншілері шай қайнатып, бауырсақ пісіріп бір-біріне ұсынады. Бұл жерде үстел де, орындықтар да, тіпті киініп-шешінуге арналған орын да ойылған мұздан соғылған. Денені кептіру үшін көгілдір отынмен жылтылатын шатыр тігілген.

Ерік Мағамбетовтің суық суға шомылып жүргеніне 5 жыл болған. Үш жыл бұрын ол Петропавл морждарының клубын құрған. Ұйымның негізін қалаушы жыл сайын суық суға түсетіндер қатары қалыңдап келе жатқандығын тілге тиек етті.

«Ең бастысы – артық қылам деп, тыртық етпеу. Қатты тоңуға болмайды. Судан шыққан соң денені кептіріп сүртіп, жылы шай ішу керек. Аяқты жылы ұстау керек. Шомылар алдында өкпеге кері әсері болмас үшін терең тыныс алып, дайындалу қажет. Нағыз морж болғысы келетіндер аптасына кемінде бір рет суға шомылуы керек. Тұрақты түрде. Денсаулыққа байланысты болмаса, ұзақмерзімді үзіліс жасамаған жөн. Қорықпау керек», - дейді ол.

Қыс мезгілінде Есіл өзенінің орташа температурасы екі градус жылы. Ал, ауа температурасын морждар елемейді. Қандай суық болса да, суатқа бір сүңгіп шығады.

«Көбі бастауға жүрексінеді. Бұл қадамға саналы түрде келсең – қиын емес. Есіл үстімен өтетін көпір арқылы өтіп бара жатып, адамдардың суатқа түсіп жатқанын көрдім. Қызығып кеттім. Бірден көлігімнің бағытын сол жаққа бұрдым. Мен де өзімді сынап көруге бел байладым. Осылайша алғаш рет мұздай өзенге сүңгіп шықтым. Содан бері бес жыл болды. Осы уақыт аралығында жедел респираторлық жұқпаға шалдыққан емеспін. Суық тимейді», - дейді Ерік.

Әлемдік пандемия жағдайында коронавирус – ең өзекті тақырыптардың бірі. Төрткүл дүниені әбігерге салған инфекция морждарға әсер ете ме? Бұл жөнінде нақты ғылыми зерттеулер жоқ. Дегенмен, суатқа шомылатындардың дені аталған сырқатқа шалдықпағанын, ауырғандар тез жазылғанын айтты.

«Коронавируспен 20 шықты күн ауырдым. Ыстығым көтеріліп, біраз әлсіредім. Тек белгілері тез жойылды. Басқалар басынан кешірген сияқты тыныс алуым ауырлап, шаршау, дәм, иіс сезбеу сынды келеңсіздіктер көпке созылған жоқ. Бұрынғы қалпыма тез оралдым. Оның барлығын суық суға шомылудың арқасында қалыптасқан мықты иммунитетпен байланыстырамын. Әйелім, балаларым да шомылады», - дейді Ерік Мағамбетов.

МОРЖДАРДЫҢ ТОҢБАЙТЫНЫ РАС ПА?

Көпшілік қыстың 40 градустық қақаған аязында суатқа шомылатындар тоңбайды деп есептейді. Морждардың өздері бұл пікірді жоққа шығарады. Қыста өзен-көлге түсу жалпы имунитетті нығайтатыны болмаса, адам ағзасының суық немесе ыстық температураға реакциясын өзгертпейді.

Олег Малыгиннің морждар қатарына қосылғанына екі жыл болған. Ауа температурасының ең төмені 36 градус аязында шомылып көріпті. Күн неғұрлым суық болса, дене қызуы соғұрлым көтерілетінін аңғарғанын айтады.

«Денені шымырлатқан аязда суға күмп бергенде тұла бойыңа адреналин, күш-қуат құйылғандай сезінесің. Тәніңмен бірге жаның да тазаланатындай. Сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Әр адам оны бастан кешіруі керек. Иммунитетім айтарлықтай нығайды. Соңғы жылдары мүлде ауырған емеспін. Көпшілік бізді тоңбайды деп ойлайды. Суықта жұқа киіммен шықсаң әрине жаурайсың. Әйелім де суық суға түседі. Бірер жыл бұрын суатқа келетін ер адамдар көп болатын. Қазір теңесіп қалды. Енді тағы бірер жылда қыз-келіншектер көбейіп кететін сияқты», - дейді Олег.

Морждар клубының ең кішкентай мүшесі Дарын 4 жаста болса, ең үлкені 70-те.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО