«Тоғызыншы қабаттан секірмек болдым»: есірткіге тәуелділіктен емделіп жатқан бойжеткеннің хикаясы

Автор: Azattyq Rýhy

Динараның Алматыдағы оңалту орталығында жатқанына 4 айдан асқан

Көрнекі фото: ашық дереккөзден

Алматылық Динараның (аты-жөні өзгертілді) есірткі, алкоголь және құмар ойындарына тәуелді адамдарды емдейтін «Аmanat Rehab» орталығында ем алып жатқанына 4 айдан асқан. 28 жастағы бойжеткен алғаш рет есірткіні сүйіктісімен бірге пайдаланған екен.

Azattyq Rýhy тілшісі орталыққа барып, есірткіге тәуелділіктен арылу үшін емделіп жатқан бойжеткенмен әңгімелесіп қайтқан еді.

«БӘРІ МАРИХУАНА, SPICE СЫНДЫ ЕСІРТКІНҢ ЖЕҢІЛ ТҮРІНЕН БАСТАЛДЫ»

- Мен осыдан екі жыл бұрын жақсы қызметі, алға қойған өзіндік арман-мақсаты бар Динара едім. Өмірімде Арман кездескелі бәрі өзгерді. Онымен қаладағы түнгі клубтардың бірінде таныстым. Кейін қыз бен жігіт болып етене араласа бастағанда, ол достарымен бірге жоғалып кететін әдет шығарды. Сол үшін арамызда ұрыс-керіс жиі болатын. Сондай күндердің бірінде ол маған достарымен жиналып, есірткі пайдаланатынын, аталған есірткі ағзаға соншалық қауіпті емес екенін айтты. Егер қаласам, олардың апта сайын жиналатын отырысына мен де қосыла алады екенмін. Сүйіктімнің кіммен, қалай көңіл көтеріп жүргенін көру үшін жалданған пәтерлердің біріне бардым. Бірінші рет Спайстың «дәмін» көрдім. Алғашқы алған әсер ұнады, денем босаңсып, миым демалды. Бірте-бірте сол кештің тұрақты қатысушысына айналдым. Достарымызбен көңіл көтеру үшін жиналатынбыз. Ертеңіне басым ауырып, қатты шөлдеп, құсқым келетін сәттер де болатын. Сондай кезде Арман екеуміз үйде Спайс қолданып жүрдік. Мен қалаған уақытта есірткіні тастай алатыныма сенімді болдым. Бірақ өзіңіз көріп отырғандай, ол қолымнан келмеді (көзіне жас алып).

ЕСТЕ САҚТАУ ҚАБІЛЕТІ ТӨМЕНДЕГЕН

- Есірткінің қызығымен жүріп, жұмысқа кешігетін әдет шығардым. Бастығымның ескертуін дұрыс қабылдай алмай, ашулана беретінмін. Есте сақтау қабілетім нашарлап кетті. Менің жұмысым есеп-қисаппен байланысты болғандықтан, ай соңында құжаттардан шығатын қателік көбейді. Күн сайын басшылық тарапынан ескерту алатынмын. Жұмыс уақытында есірткі туралы ойласам, қол-аяғым дірілдеп, үйге жеткенше асығатынмын. Дегеніме жеткен соң жаным жай тауып, рахаттанатынмын. Осылай жүріп жұмысымнан айырылдым. Айлығымның жартысынан көбін синтетикалық есірткі алуға жұмсадым. Есірткіні Арманның таныстары арқылы алып жүрдік. Кейде алып кетеміз, кейде әкеліп тастайды. Кішкентай сіріңке қорабындағы дозасын 10-15 мың теңгеге алатынбыз. Бізге ол екі-үш күнге ғана жететін. Білесіз бе, мен осы есірткінің қызығын бастапқыда ғана сезіндім, кейін тек тәуелділік үшін қолданатынмын. Қолымның тамыры көкпеңбек болып, түрім бозарып, ұйқысы қанбаған адамдай жүретінмін. Денем дел-сал күйге түскенде, есірткімен басқандай боламын. Синтетикалық ескірткі өте қауіпті. Кейде үйде жалғыз қалғанда бойымды қорқыныш пен үрей билейтін. Бір күні есірткінің буымен 9-шы қабаттан секіріп кете жаздағанмын. Қайта үйге жігітім келіп қалып, соның арқасында аман қалдым. Осы оқиғадан кейін мен «Маған үміт артып отырған ата-анамның бетіне қалай қараймын, сол күні өліп кетсем не болар еді?» дегенді көп ойладым. Осыдан кейін Арман да жоқ болып кетті. Мені осы жолға түсірген сол, маған бір жағдай болса, одан да сұрау болатынын білді.

«ӘКЕМ АЛКОГОЛЬГЕ ТӘУЕЛДІЛІКТЕН ЕМДЕЛГЕН ЕКЕН»

- Интернеттен есірткіге тәуелділік жайлы ақпараттар оқып, видеолар көрдім. Бірден есімді жиып, мешітке бардым. Орталықты өзім таптым, емделіп жатқаныма 4 айдан асты. Ең ауыры – тәуелділікті жеңу. Себебі, әрдайым ішімде «Саған бұл жер қажет емес, кері қайт» деген ой сайрап тұратын. Талай рет затымды жинап, кетпекші болдым. Қазір білікті психолог мамандардың арқасында жағдайым жақсарып келеді.

Ең қызығын айтайын, мен орталыққа келмес бұрын отбасыма нашақор екенімді айттым. Ата-анамның қандай күйде болғаны айтпаса да түсінікті шығар, бірақ мен осы оқиға арқылы әкемнің жас кезінде алкогольге тәуелділіктен емделгенін естідім. Ол кісі қазір зейнетте, бір кездері құқық қорғау саласында қызмет атқарған. Мүмкін, тәуелділік біздің тұқымда бар шығар. Қазір өзімді әлдеқайда жеңіл әрі бақытты сезінемін. Жастарға айтарым, бір күндік қызық үшін өміріңізді қор қылмаңыз! Бәрі «Бір рет көрсем, ештеңе етпейді» дегеннен басталады. Егер айналаңызда есірткіге жетелейтін адам болса, ол адамнан қашыңыз. Себебі, сізді сүйетін, жанашыр адам сізді ешқашан жаман жолға жетелемейді.

«ТӘУЕЛДІЛІКТЕН ЕМДЕЛЕТІН ҚЫЗДАР САНЫ КӨБЕЙІП КЕТТІ»

Нарколог дәрігер Әлімжан Амантайұлының айтуынша, соңғы кездері орталыққа тәуелділіктен арылу үшін емделуге келетін қыздардың қатары көбейген.

«Бұрын емделуге тек жігіттер келетін. Соңғы 3- 4 жылда қыздардың да қатары көбейді. Негізі, есірткіге тәуелділік әр адамда әр кезде басталады. Біреулер бірінші жағдайдан кейін-ақ тәуелді болып қалса, енді бірі арада біраз уақыт өткеннен кейін байланады. Мұндай адамдарға қатысты емдеу шараларын кешенді түрде жүргіземіз. Көп нәрсе адамның ерік-жігеріне, тәрбиесіне байланысты. Біздің алдымызға өз еркімен келгендердің сауығуы тезірек болады. Ал ата-анасының күштеуімен келгендердің түзелуі қиын. Есірткіге тәуелді адамдардың мінезі де қиын болады. Бастапқыда момақан болып келгендер қайтатын кезде түрлі қылық шығаратын сәттер болады. Есірткі қолданған сәттегі кейбір адамның әрекеті тіпті қорқынышты. Менің бір пациентім үйдегі бос тұрған ваннаға бассейн екен деп таң атқанша секірген. Нәтижесінде аяқ-қолының сау-тамтығы қалмаған. Галлюцинация басталған кезде адамдар түрлі әрекетке барады. Тіпті, өзіне қол жұмсайтындар да бар. Есірткіден адам нейрондары өліп, бауырға зиян келеді. Ерлер ұрпақ сүю қабілетінен айырылса, қыздар өлі сәби дүниеге әкелуі мүмкін. Сол себепті, жастар өз өміріне өзі балта шаппаса екен дейсің. Бізге кейде 13 жастағы жасөспірімдер келеді. Қарасаң, әлі бала сияқты. Бірақ есірткіні қалай пайдалану керек екенін жатқа біледі. Ата-ана балаларына сақ болуы керек. Ақшаны оңды-солды беруге болмайды. Соңғы жылдары синтетикалық есірткіге тәуелді адамдар саны күрт көбейіп кетті. Біз мұндай зиянды нәрселермен қоғам болып күресуіміз керек», - деді маман.

Айжан Қалиева, Алматы