Оқушылар СҚО-ның киелі жерлері картасына енген басқа да нысандардың виртуалды нұсқасын жасамақ
Петропавл қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары өздері білім алып жүрген нысанның виртуалды көшірмесін жасап шығарды. Енді «құрылысшылар бригадасы» Minecraft платформасында Солтүстік Қазақстан облысының киелі жерлерінің картасына енген нысандардың электрондық нұсқасын құрастырмақ. Әзірге Айыртау ауданында орналасқан Айғаным қонысы музей-кешенінің құрылысын аяқтаған. Одан кейін Ағынтай мен Қарасай кесенесі мен Ботай қонысын салу жоспарланған.
ВИРТУАЛДЫ НЫСАНДА САЯХАТ ЖАСАУҒА БОЛАДЫ
Петропавл қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебі оқушыларды 7-сыныптан бастап қабылдайды. Дарынды балаларға арналған білім ордасында іріктеу конкурсынан өткен балалар ғана оқи алады. Алайда, пандемия салдарынан енгізілген карантинге байланысты олардың мектепке бару мүмкіндігі қашан туары белгісіз. Сондықтан Азат Аңдамасаов бастаған жоғары сынып оқушылары мектепке жаңадан қабылданып, карантинге байланысты келе алмай жүрген ізбасарларына ғимаратты қашықтан таныстыруды жөн санапты. Олар екі ай бойы Minecraft платформасында виртуалды ғимарат салып шыққан. Көшірменің асқан дәлдікпен жасалғаны соншалық, нысанның ішіндегі блоктар, кабинеттер мен жиһаздарға дейін мектептің шынайы кейпімен сәйкес келеді.
«Петропавл қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебі биыл 7 сыныпқа 140 оқушыны қабылдады. Өкінішке қарай, коронавирус пандемиясына байланысты балалар мектеп табалдырығын аттай алмады. Олардың көпшілігі бұған дейін де ғимаратқа кіріп көрген емес. Сондықтан олардың мектеппен танысуына жағдай жасау үшін Minecraft платформасында оның виртуалды нұсқасын жасап шығардық. Бәрінен де ғимараттың іргетасын қалау қиынға түсті. Өйткені оның барлығы математикалық есеп. Компьютерде болса да, әр кірпішті өз орнымен қалау керек. Одан кейін авторлар мектептің ішкі интерьерін жасауға көп уақыт жұмсады. Балалар бұл ойынды ойнауға машықтанған. Сондықтан бәрін жылдам жасайды. Ал мен құрылыста көбіне жұмысшы қызметін атқардым. Еден төсеу, қабырғаларды қалау сынды олардың берген қарапайым тапсырмасын орындадым», - дейді зияткерлік мектеп басшысы Данияр Уәлиев.
720 орынға шақталған білім ордасы Петропавл қаласының «Береке» шағынауданында орналасқан. «Құрылысшылар тобы» нысан маңындағы үйлер мен дүкен, қоғамдық көлік аялдамаларына дейін жасап шыққан. Ал мектептің аумағы 15 мың шаршы метр. Оқу блогы 62 кабинеттен тұрады, кітапхана, спорт залы, жатақхана - виртуалды жобада олардың барлығы жасалған. Тіпті жиһаздар мен зертханадағы қондырғылар да қаз қалпында орналастырылған. 5 гектар аумақта орналасқан спорт алаңы, автотұрақ сынды нысандар да көрсетілген.
ВИРТУАЛДЫ ҚҰРЫЛЫС – БАЛАНЫҢ ОЙЛАУ ҚАБІЛЕТІН АРТТЫРАДЫ
«Мектеп ғимараты ерекше. Блоктардан құралған. Ал Minecraft ойынында шаршы, төрт бұрышты фигуралар ғана бар. Оның барлығын құрастыру қиын болды. Бірақ бәрін ойдағыдай жасап шықтық. Бұл ойын оқушылардың ойлау қабілетін дамытады. Олар кеңістікте ойлауды, математикалық, есептерді тез шығаруды үйренеді. Геометриялық білім де сынға түседі. Кветс сценарийін жасап, оны серверге орнатуға да білім қажет. Біз ойынды осылайша өзіміз үшін тиімді пайдалануды ұйғардық. Minecraft – бастауыш қана емес, жоғары сынып оқушылары үшін де қызық», - дейді Данияр Уәлиев.
Осылайша жоғары сынып оқушылары мектепке биылғы оқу жылында қабылданған 7-ші сынып шәкірттеріне нысанмен танысуға мүмкіндік сыйлауды жөн санапты. Өйткені жаңа мектепте оқуды қашықтан бастаған балалар ғимаратқа кіріп те көрмеген. Олар екі сағат уақытын виртуалды білім ордасында өткізіп, квест ойынын ойнады.
«Жобаны топпен жасадық. Мен сервердің теңгеріміне жауап бердім. Виртуалды мектеп – шынайы ғимараттың кішірейтілген дәл көшірмесі екенін білуге болады. Бүгін саяхатқа қатысқан балалар онымен барынша кеңірек танысуға жағдай жасауға тырыстық. Біз мектеп жоспарының сызбасын пайдаландық. Тіпті, даладағы спорт алаңқайын жасадық. Әр бала үйіндегі компъютерден қосылып, футбол, волейбол сынды тағы басқа ойындарды ойнай аламыз. Болашақта 7 сынып оқушыларымен ғана емес, барлық балалармен спорттық ойын сайысын өткізу жоспарда бар», - дейді 10-сынып оқушысы Арлан Мұхамеджанов.
«Құрылысшылар бригадасы» Айыртау ауданында орналасқан қазақтың этнограф ғалымы Шоқан Уәлихановтың әжесі Айғаным қонысын жасауды қолға алған. Әзірге үй мен ауладағы мешіт, тағы басқа ғимараттардың сыртқы бейнесі жасалған. Музей ішіндегі экспонаттарды орналастыру үшін видео-фотоматериалдар жинақталуда. Оқушылар СҚО-ның киелі жерлері картасына енген басқа да нысандардың виртуалды нұсқасын жасамақ. Әзірге Ботай қонысы мен Ағынтай мен Қарасай батырлардың кесенесінің іргесі қаланған. Барынша дәл көшірме жасау мақсатында қажетті материалдар жинақталуда.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО