Кәрілік те, мүгедектік те кәсіп ашуға кедергі емес
Алматыда шағын кәсіп иелеріне қайтарымсыз қаржы бөлу үшін бюджеттен 355 миллион теңге бөлінген
Алматыда әлеуметтік әлсіз топқа жататын тоқсаннан астам адамның кәсіп ашуына мемлекет қаржылай қолдау көрсетті. Мемлекеттен қайтарымсыз ақша алып, бизнеске белсене кіріскен жандардың арасында көпбалалы аналар, мүгедектер, тіпті зейнет жасынан асқан қариялар бар. Azattyq Rýhy тілшісі мүмкіндігі шектеулі жандардың жасаған жұмыстарын назарға ұсынады.
Карттық жетсе де жас қыздар мен келіншектерге жұмыс тауып беріп отырған зейнеткердің бірі – Бекзада Жүсіпова. Жасы 73-ке жеткенде арнайы курсқа барып, білім алған. Бір жарым айлық білімін бизнес жобаға айналдырып, қала әкімдігіне қарасты комиссияның алдында қорғаған. Таяқпен жүрсе де тоқтаусыз тіршілік жасауды жөн санайтын зейнеткер мемлекеттен қайтарымсыз екі рет грант алып, тігін цехын ашқан.
«Бір айдан астам уақыт курсқа бардым. Кейін бизнес жоспарды комиссияның алдында қорғадым. Маған комиссия мүшелері 400 мың теңге береміз деді. Мен бұл ақшаның бизнес бастауға жетпейтінін айттым, олар сосын 700 мың теңгенің грантын бөлді. Өзім екінші топтағы мүгедекпін, ол ақшаға екі тігін машинасын алып, алғашқы жұмысты бастап кеттім. Тапсырыстан басқа, тіккен киімдерді базарға апарып сатқан кезіміз болды», - деді Бекзада Нұрханқызы.
Зейнеткердің сөзінше, кәрілік пен мүгедектік кәсіп ашуға кедергі емес. Тек ізденіс пен тапқан табысты дұрыс жарата білу керек. 32 жасында жесір қалған ол бес баланы жалғыз өсіріп, қатарға қосқан. Қартайса да қарап отырғысы келмейді. 750 мың теңгенін грантын екінші рет алған қарт ана түйме тігуге, ою басуға, жүнді қалың матаға, жұқа тігіске арналған машиналарының санын тоғызға жеткізген.
Қазір тігінмен жас қыздар айналысады. Қарияның өзі матаны пішеді. Айтуынша, соңғы уақытта ауыр жүк көлігінің жүргізушілері қалың шапанға тапсырыс беруді көбейткен. Зейнеткер енді қазақтың шапанын насихаттағым келеді деп отыр.
«Өзбектің, тәжіктің тағы басқа ұлттардың өз шапаны бар. Кез келген жерде киеді, жылы, жарасымды. Бізде қазір қырғыздар тігетін «тойшапан» көбейді. Сөлбеңдеген, көлбеңдеген, қолдануға келмейтін, Қожанасырдың киіміндей, қажетсіз, тойларда бір-біріне айналдыра сыйлай беретін қадірсіз шапандар. Ұлттық киімнің құнын осылай түсіріп жібердік. Менің мақсатым – кезінде Абай, Шәкәрім, Байтұрсынұлы сынды қазақтың нар тұлғалары тастамай киген жылы да сәнді шапандар тігу, осыны өзгелерге наисхаттау. Жиі кимесе де, әр қазақтың машинасында бір-бір түйе жүнді немесе ыңғайлы да жеңіл шапан жатса деймін. Өкінішке қарай, бізде жүн де, мата да жоқ. Ресей, қытай, қырғыз бен өзбектен келген мақта, жүнді сатып аламыз. Біздегі төрт түліктің жүні мен терісі қажетсіз қалып жатыр. Ұлттық киімді қадірлемеу адамды кішіпейілдік пен әдептіліктен ада қылады. Келіндер иілмейді, қыздар қымсынбайды», - дейді кәсібінің түбін тәрбиемен ұштастырған зейнеткер.
Бекзада апа сырмалы шапан, қаптал шапан, қималы шапан, кең қолтық шапандар пішілуіне қарай бөлінетінін айтады. Әлеуметтік ерекшеліктеріне орай зер шапан, оқалы төре шапан, матасына қарай мақпал, шибарқыт, пүліш деп кете беретін қазақы шапанның түрі көп болған. Өкпені, кеудені суықтан қорғайтын сырт киімнің ішінен киетін іштік шапан тағы бар.
«Қазақта жасына, лауазымына байланысты киілетін шапандар болған. Бірақ, қазір оны тігу былай тұрсын, не екенін де білмейді. Насихаттап жүрген бірде-бір адамды көрмедім. Өзім қартайдым, бір күн жұмыста болсам, екі күн ауырып жатамын. Бірақ, әйтеуір білгенімді жас қыздарға үйретіп келемін», - дейді зейнеткер.
Шағын бизнес арқылы отбасының берекесін кіргізген тағы бір алматылық – Анар Әбжанова. 3-топтағы мүгедек келіншек екі баланың анасы. Есту қабілетінен екі жасында айрылған Анар суретші, ол көркемөнерді кәсіпке айналдырған. Мемлекеттен 700 мың теңге грант алып, өзінің галереясын ашқан.
«Менің фотогалереям бар. Өзім салған картиналарымды сататын кәсіпкер ретінде 2018 жылы тіркелдім. 20 жыл сурет салып, картина сызумен айналысқан кәсіби суретшімін. «Даму» арқылы мемлекеттен грант алдым. Автордың ерекше дизайнымен сыйлықтар жасайтын жаңа өнер бизнесін аштым. Қолмен салған картиналармен қатар, палитрада түрлі-түсті шоколад, магнит, саптыаяқ, жібек шарф, ашық хат, сыйлық орамасы, кенепке сурет басу сынды көптеген бұйым жасаймын. Биыл көктемде алғаш рет ұжымдық тапсырыс алдым», - деді Анар Сабырбекқызы.
Анар өзгелермен сурдоаудармашы арқылы сөйлеседі. Өзгенің күлгенін ести алмаса да, айналасына өнері, қажырлы еңбегі, көз тартар көрікті туындылары арқылы қуаныш сыйлап жүр. Қазір ол көркемөнермен қатар, қаржылық сауаттылықты да меңгеріп жатыр. Алдағы уақытта өнер галереясында өзі ғана емес, өзгелердің де жұмыс істегенін көргісі келеді.
«Менің мақсатым – сүйікті қаламның, елімнің пейзажын салу, әсем көріністерін тауып, гүлге көмкерілген табиғатты таныту. Сыйлықтардың сыртына салынған суреттер арқылы да адамдарды ізгіліккке, сүйіспеншілікке баулуға болады. Менің арманым үлкен, картиналарымды көрген әрбір адам сүйіспеншілікке, қуанышқа бөленсе деймін. Қаржылық қиындыққа қарамай ашқан кәсібіме команда жинағым келеді», - деп сөзін түйіндеді өнер иесі.
Биыл Алматыда шағын кәсіп иелеріне қайтармысыз қаржы бөлу үшін бюджеттен 355 миллион теңге бөлінген. Мемлекеттік гранттарды бөлудің алғашқы кезеңінде 123 адамнан өтініш түсіп, олардың ішінде тек 38-інің бизнес жобасына қолдау көрсетілген. Әлеуметтік осал топтарға жататын жандарды қолдаудың алғашқы кезеңінде 100,3 млн. теңге беріліпті. Конкурстық іріктеудің 2 кезеңінде 679 өтінім түскенмен, комиссия жобалардың 382-сін кері қайтарған. Бизнесін бастауға болады деп санаған 47 адамға 116,9 млн теңге таратылған. Жуырда шағын кәсіп ашқысы келген 250 адамның өтініші тағы қаралады. Жалғызбасты, көпбалалы ана, мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдауға берілетін қайтарымсыз ақшаның бір адамға берілетін шекті сомасы 5 миллион теңгеден аспайды.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы