Azattyq Rýhy тілшісі конкур спортшысымен сұхбаттасты
Айдана Арыстанова Нұр-Сұлтан қаласындағы Шәкәрім Құдайбердіұлы атындағы мектептің 11-ші сыныбында оқиды. Алты жасынан бастап ат спортымен кәсіби түрде айналысады. 2019 жылы Қарағанды облысында өткен республикалық жасөспірімдер арасындағы конкур сайысының жеңімпазы.
Azattyq Rýhy тілшісі жас спортшымен тілдесіп, көп адам бара бермейтін спорт түрін қыз баланың не себепті таңдағанын, еліміздегі ат спортының жай-күйі мен жас спортшыларға көрсетілетін қолдаулары туралы білген еді.
БІР ЖАРЫМ ЖАСЫНАН БАСТАП АТҚА ОТЫРҒАН
Айдананың жылқыға деген қызығушылығы 1,5 жасынан басталған. Спортшы қыздың әкесі де жылқы өсіріп, қымыз өндірумен айналысатын кәсіпкер. Алғаш қызын жылқыға мінгізіп, жетектеген де өзі.
«Отбасымның тұңғышымын, менен кейін төрт інім бар. Анамның айтуынша, 1,5 жаста әкем мені алғаш жылқыға отырғызған екен, содан кейін апта сайын атқа отырғызып жүріпті. Кейіннен отбасылық жағдайымызға байланысты Павлодарға көшіп кеттік те, анам қала сыртындағы ипподромға екі-үш айда бір рет апаратын болған. Сондай күннің бірінде мені инструкторлар абайсызда асау атқа мінгізіп жіберген екен, содан әлгі ат тебініп, ары-бері жұлқылаған соң анам қорқып мені түсіріп алған. Ал мен бала болған соң аттың жұлқылағанына мән бермей, керісінше, оны қызық көріп, аттан түспеймін деп жылаппын. Аттан түскен соң: «Мында көп ат бар, соның біреуін маған әперіңдер. Неге менің өз атым жоқ?!» деп тағы қиғылық салыппын. Содан ата-апам 5 жастағы менің әлі кішкентай екенімді, атқа қарай алмайтынымды айтып, әрең жұбатқан екен. Міне, жылқы малына деген менің махаббатым сонау бала күнімнен басталған», - деп бастады әңгімесін кейіпкеріміз.
Айдананың жылқыға деген жақындығын байқаған нағашы ағасы оны 8 жасқа толғанда Нұр-Сұлтан қаласындағы «Тұлпар» ипподромына апарып, ат спорты секциясына жаздырған.
«Алғашында біз нағашы ағаммен жәй ғана атқа мінуге барған едік, кейіннен нағашым ипподромда ат спортының, кішкентай балаларды арнайы жаттықтырушы мамандардың бар екенін білгеннен кейін, мені үйірмеге жаздырады. Бір қызығы, ол үйрімеге балаларды 12 жасынан бастап қабылдайды екен. Ал нағашым болса менің бойымның ұзындығын пайдаланып, жасы 12-де деп айта салған ғой. Үш ай өткен соң, құжат өткізген кезде жаттықтырушыларды бір шошытқанбыз. Содан кейін ғана олар қиын тапсырма берген кезде, менің не себепті аузым ашылып тұратынын түсінді (күліп).
КОНКУР – ҚЫМБАТ СПОРТ
Конкурдағы бір айлық секцияның құны 45 мың теңгеден асады. Бір кездері ақша тапшылығы салдарынан ақылы түрде оқып жатқан үйірмесін тастап, кәсіби тегін спортқа ауысқан Айдана ат спортын бәрібір тастай алмаған.
«Ақылы үйірмеде мен үшін ат спорты хобби болса, тегін мектепке барған кезде кәдімгі спортшылар ретінде тәрбиелендік. Көп балалар ол жердегі қатаң тәртіпке шыдай алмай, тастап кетіп жатты. Мен де конкурға екі жыл қатысып, түрлі сайыстарға қатыса алмағандықтан тастап кеттім. Себебі, менің мінезім ұялшақ, тұйықтау еді. Өзге балалар сияқты «Анау қалай, мынау не?» деген сұрақтарды қоя алмайтынмын. Осылайша, 5-сыныптан 7-сыныпқа дейін ат спортын тоқтатып, баскетболға бардым. Бір күні анам «Томирис» фильміне атқа отыратын қыздар қажет екен, сен «Тұлпарға» барып фото және видео түсіріп кел деді. Жаттықтырушылармен сөйлесіп, бір сағатқа ат алдым да, серуен барысында ат спортын жалғастырғым келетінін түсіндім. Содан бері әлі күнге дейін ат спортымен айналысып келе жатырмын», - дейді Айдана.
Айдананың ат спортына деген қызығушылығы Америкаға барғанда да тоқтамаған. Отбасымен АҚШ-тың Калифорния штатында 3 ай өмір сүрген бойжеткен мұхиттың арғы жағында да жылқылардың үстінде жүру үшін өз бетінше жұмыс істеп, үйірмеге қатысатын қаражатты өзі табуға тырысқан.
«АҚШ-тың Калифорния штатында үш ай тұрған кезде де ат спортына қатысып жүрдім. Әрине, ол жақтағы бір сағаттық атқа отыру құны өте қымбат. Курсқа қатысатын ақша табу үшін мен бос кезімде иттер мен мысықтарды қыдыртушы болып жұмыс істедім», - дейді ол.
ҚАЗАҚСТАНДА АТ СПОРТЫНА АРНАЛҒАН МЕКТЕПТЕР ҚАЛМАҒАН
Айдана ат спорты спортшыдан шыдамдылық пен қажыр-қайраттан бөлек, көп қаражатты талап ететінін айтады.
«Қазақстанда ат спортының федерациясы бар, бірақ олардан ешқандай қолдау жоқ. Бұрын балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебі бар кезде Ресейге, Новосибирск, Петербургтегі жарыстарға мемлекет қаржысына апарып, аттарға қажетті дәрі-дәрмектер берілетін. Ал қазір ол мектептер жоқ. Алматыда бір мектеп қана қалған, оның өзін сатып алып, жауып тастамақшы екен. Шымкентте ғана бір мектеп қалды, қалған қалаларда ешқандай мектеп жоқ. Қазақстанға қарағанда, көршілес Қырғызстан елінің ат спорты федерациясы өте мықты. Олар осы спортқа қатысты барлық жаңалықтар мен өзгерістерді жіті қадағалап отырады, бірнеше мектептері бар. Қырғызстандық спортшылар түрлі олимпиадаларға, әлемдік жарыстарға жиі қатысып, жүлделі орындарды иеленіп тұрады», - дейді спортшы.
АТТЫҢ ҚҰНЫ 3 МИЛЛИОН ТЕҢГЕДЕН БАСТАЛАДЫ
Қазақстандағы ат спорты демеушілердің жоқтығы мен мемлекеттің қолдауы болмағандықтан дамымай отыр деген кейіпкеріміз көптеген ат спорты мектептерінің жабылып жатқанын да жасырмады.
«Қазақстанда ат спорты спортшыларға ешқандай табыс әкелмейді. Ақшаңның көп бөлігі атыңды ұстауға кетеді. Спорттық бір аттың бағасы 3 миллионнан басталады. Бір жарысқа қатысуыңа кемі 50-60 мың теңге қажет. Конкурға неміс тұқымды аттар қажет. Нұр-Сұлтанда неміс жылқылары мүлдем қалмады деуге де болады. Алматыдағы «Ақ бұлақ» ипподромында неміс жылқылары бар. Біздің елде ат спортына қызығушылық танытушылар өте аз, соған байланысты демеушілер де жоқ. Елдегі ат жарыстары асып кетсе бір жылда төрт ақ рет өткізіледі, ал Ресейде апта сайын болады. Бір шетінен, Ресейдегі ат спорты еуропалық деңгейде дамып жатыр, Қырғызстанда осы деңгейге тырысуда. Бізде өткен жылы жасөспірімдер арасында алғаш рет 18 жастағы Нұрилә Тұрысбек халықаралық сайыста жеңімпаз атанды. Тишков Александр мен ұлы бар. Спорттың бұл саласында спортшыларымыз көп емес», - деді ол.
АТ СПОРТЫНЫҢ ПАЙДАСЫ
Айданаға әкесі өткен жылы Мэлс-Мит есімді ақалтеке тұқымды атты сыйға тартқан. Бойжеткеннің жарыстарға жұмсайтын қаражатын да ата-анасы төлеп отырады. Ес білгелі жануарлармен жұмыс істеп келе жатқан Айдана жылқылар өте ақылды болатынын біледі.
«Жылқы – өте сезімтал жануар. Олар адамның өздерінен қорқып тұрғанын немесе еркін отырғанын сезеді. Спортты ат таңдаған кезде оның мінезіне, жасына назар аударған жөн. Мен сияқты жүрегі жұмсақ адамдарға асау ат алудың қажеті жоқ. Себебі, биіктікке секіруді үйрету үшін оларды кейде ұратын кездер де болады. Тағы бір ескеретіні, атқа отырған кезде міндетті түрде басқа шлем кию керек. Жылқыларға міндетті түрде минералды немесе Гималай тұзын беру керек. Жылқы да терлеген кезде адам тәрізді ағзасындағы барлық минералдар қалмай қалады. Тұз жаласа, ағзасындағы қажетті дәрумендер қайта қалпына келеді», - дейді ол.
Ат спорты шыдамдылықты, жануарларға деген жанашырлықты үйретті деген кейіпкеріміз мектеп бітірген соң, ақша табуға мүмкіндік сыйлайтын, заманауи мамандыққа баратынын айтты.
«Мектеп бітірген соң ветеринар мамандығын оқығым келген. Бірақ ата-анам оған рұқсат бермеді, сол себепті IT саласына барамын. Бір шетінен, ата-анамның таңдауы дұрыс та шығар, IT қаражаты, перспективасы бар сала. Ал ат спорты маған бастаған ісіңді аяғына дейін жеткізуде қажетті табандылықты, жануарларға деген сыйластықты, құрметті үйретті. Бәлкім, елімізде ат спорты дамып, болашақта халырқаралық сайыстарда бой көрсетіп қалатын болармын», - деп аяқтады әңгімесін Айдана.
Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан