Дамир Макимкенов жұртшылық назарына екінші фильмін ұсынып отыр
Қызылжарлық такси жүргізуші Дамир Макимкенов «Әке мәртебесі» атты қысқаметражды фильм түсірді. Әуесқой кинорежиссердың туындысы әлеуметтік желі арқылы көрсетіле бастады, деп хабарлайды «Azattyq Rýhy» тілшісі.
Бұл – ізденіске құштар Дамирдің жұртшылық назарына ұсынған екінші фильмі. Оның жарыққа шыққанына көп уақыт өтпесе де, көпшіліктің ықыласына бөленіп үлгерді.
Жаңа шығармаға қарапайым аула сыпырушысының жұпыны тірлігі мен дәулетті ата-анасының арқасында шалқып өмір сүрген бозбала арқау етілген. Екі жас – қысқаметражды фильмнің басты кейіпкері. Қарапайым отбасының қызына ғашық болған жігіт оның туыстарымен танысуға келіп, өзінің тәрбиесіз қылықтарын көрсетіп алады. Алайда, оның оспадар мінезіне ақылын қарсы қойған әке мәселені байыппен шеше біледі.
«Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет. Бұл – фильмнің басты лейтмотиві. Жасыратыны жоқ, ата-ананың қаражатына шалқып өсіп, кеуде қаққан, тайраң басқан желөкпе жастар арамызда аз емес. Өскелең ұрпақты осындай жаман дағдылардан жиренуге, керісінше, парасаттылық, сыйластық сияқты асыл қасиеттерді үйренуге үндегім келді. Жақсы тәлім-тәрбие алдымен отбасы, ошақ қасынан басталатынын ұқтыруға ұмтылады. Фильм көрерменіне еңбекпен тапқан нан қашан да тәтті деген ой тастайтынына үміттенемін, - дейді Дамир Макимкенов.
Кинода төрт актер ғана ойнайды. Екеуі Солтүстік Қазақстан облыстық қуыршақ театрының әртістері болса, екеуі – қарапайым қала тұрғындары. Фильмнің режиссері де, сценарий авторы да – Дамир Макимкенов. Оның негізгі кәсібі – такси жүргізуші. Арнайы мамандығы болмаса да, кино түсіру хоббиіне айналған.
«Жол жөндеу жұмыстарымен айналысып, күзетшілік қызмет атқардым. Қазір такси жүргізушімін. Бірде кино түсірсем деген ой туды, кейін бұл қолымнан келетінін ұқтым», – дейді Дамир.
Әуесқой режиссер бұл ісін болашақта да жалғастырмақ.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО