Тізімде Қайрат Нұртас болған: 6,5 жылға сотталған атышулы «жеңгетай» Айка түрмеден ерте шықты

Автор: Асыл Арман

Ол былтыр ғана 6,5 жылға сотталған

Фото: «Криминальный Казахстан» telegram арнасы

Элиталы эскорт қызметін ұйымдастырушы ретінде танылып, артынша 6,5 жылға сотталып кеткен Айканың жазасы кейінге қалдырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Абай облысының Жарма аудандық соты оның жазасын орындауды кейінге қалдыру жөніндегі өтінішін қарады. Соттың мәліметінше, өтінішті қарау барысында мынадай жағдайларды анықтады.

«2024 жылғы 21 мамырдағы сот үкімімен ол Қылмыстық кодекстің 296-бабының 4-тармағы, 309-бабы 2-бөлігінің 1) тармағы бойынша кінәлі деп танылып, ҚК-тің 58-бабы 3-бөлігі қолданылып, 6 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесілген. Үкім бойынша оның мүлкі тәркіленіп, жазаны орта қауіпсіздік деңгейіндегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеу белгіленген.

Заңда көзделген жазаның қажетті бөлігін өтегеннен кейін сотталған азаматша жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жаза түріне ауыстыру туралы өтініш жасаған. Алайда Жарма аудандық сотының 2025 жылғы 31 шілдедегі қаулысымен бұл өтініш қанағаттандырылмаған.

Қылмыстық кодекстің 74-бабына өзгерістердің күшіне енуіне байланысты, сотталғанның адвокаты ҚК-тің 6-бабы тәртібімен аудандық сотқа жазаны кейінге қалдыру туралы өтінішпен жүгінген. Өтінішті қарау кезінде №23 мекеме өкілі және прокурор бұл талапты қолдады», – делінген соттың агенттік тілшісіне берген жауабында.

Сот оның 2020 жылы туған кәмелетке толмаған баласы бар екенін, мінездемесі оң екенін, жеңілдетілген жағдайларда ұсталып отырғанын, атқарушылық құжаттар бойынша қарызы жоқ екенін анықтай келе, жазаны орындауды кейінге қалдыру туралы өтінішті қанағаттандыру жөнінде шешім қабылдады.

«Сот өз қаулысында ҚК-тің 74-бабы кәмелетке толмаған балалары бар әйелдерге, егер жасалған қылмыстар мұндай шараны қолдануға тыйым салынатын санатқа жатпаса, жазаны кейінге қалдыру мүмкіндігін беретінін атап өтті. Бұл шектеулер аталған азаматшаға қолданылмайды. Баланың мүддесін, сондай-ақ қылмыстың сипаты мен ауырлық дәрежесін ескере отырып, сот жазаны кейінге қалдыру қажет деген қорытындыға келді.

Жазаның өтелмеген бөлігі екі жыл мерзімге кейінге қалдырылды. Сотталғанның мінез-құлқын бақылау оның тұрғылықты жері бойынша пробация қызметіне жүктелді», – делінген соттың агенттік тілшісіне берген пікірінде.

Айта кетейік, осыған дейін танымал «жеңгетай» Айка 6,5 жыл жазасын түрмеде өтейтіні хабарланған болатын.