Оқушылардың мінез-құлқы мен азаматтық құндылықтарын дамыту: Алматы мұғалімдерінің ұстанымы қандай

Автор: Аягөз Құрмаш

Қалада оқушылар тәрбиесі басты назарда болып отыр

Фото: gov.kz

Алматы қаласының білім беру саласында соңғы уақытта көтеріліп отырған мәселелерді жан-жақты талқылау, қауіпсіздік шараларын күшейту және оқу-тәрбие процесінің сапасын арттыру бойынша алқа отырысы өтті. Қаладағы мектептердің жағдайы, оқушылардың әл-ауқаты мен білім сапасын жақсарту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар осы басқосуда кеңінен сөз болды, деп жазады Azattyq Ryhy.

Жиын барысында білім беру мекемелерінде заңдылықты сақтау, оқушылардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ мектептердің инфрақұрылымын кезең-кезеңімен жаңғырту мәселелері кеңінен талқыланды.

Оқушылар тәрбиесі – басты назарда

Сонымен қатар профилактикалық жұмыстардың тиімділігі, сыныптардағы тәрбиелік бағыттағы іс-шаралардың деңгейі, мұғалімдер мен психологтардың өзара әрекеттесу сапасы арнайы талдауға алынды. Өртке қарсы талаптардың орындалуы, санитарлық-гигиеналық жағдай, асханалар мен спорт залдарының жай-күйі, балалардың денсаулығына әсер ететін факторлар да сарапталды.

Тексеру нәтижелері бойынша анықталған кемшіліктердің себептері мен оларды жою жолдары ұсынылып, мектеп әкімшіліктерінен түсініктемелер алынды. Жиынға қатысушылар бұл мәселелерді жүйелі түрде шешпейінше, қаладағы білім беру сапасын жаңа деңгейге көтеру мүмкін емес екенін атап өтіп, ведомствоаралық үйлесімді жұмыстың маңыздылығын алға тартты.

Білім беру сапасын сыртқы бағалау нәтижелері де қарастырылып, оқушылардың үлгерімі, мектептердің материалдық-техникалық базасының жай-күйі, педагог кадрлардың жүктемесі және олардың кәсіби дайындығы талданды.

Отырыста оқушылардың мінез-құлқы, тәртіп мәдениеті және азаматтық құндылықтарын қалыптастыру мәселесі ерекше назарға алынды.

«Мектеп тек білім беретін орын емес, ол тұлға тәрбиелейтін, баланың болашақ өмірлік бағытын айқындайтын маңызды әлеуметтік институт. Сондықтан жасөспірімдердің жауапкершілігі, қоршаған ортаға деген қарым-қатынасы, тәртібі мен мәдениеті білім беру жүйесінің негізгі көрсеткіштерінің бірі. Мемлекет балалардың сапалы білім алуы үшін барлық жағдайды жасап отыр. Біз үшін бастысы қабылданып жатқан бағдарламалардың балалардың дамуына нақты әсер етуі. Мұғалімдер үлкен жауапкершілік арқалайды, сондықтан әр педагог қызметіне сын көзбен қарап, туындайтын кез келген мәселені жедел шешуі тиіс», - деді әкім орынбасары Абзал Нүкенов.

Қауіпті мінез-құлықтың алдын алу, буллингпен күрес

Жасөспірімдер арасындағы қауіпті мінез-құлықтың, буллинг пен кибербуллингтің, агрессивті әрекеттердің алдын алу мәселесі кең көлемде қарастырылды. Бұл бағытта педагог-психологтардың рөлі ерекше екені атап өтілді. Психологиялық қызметтің тиімділігін арттыру, балалардың эмоционалдық жағдайын бақылау, ата-аналармен бірлескен жұмыс жүргізу негізгі міндеттердің бірі.

Басым бағыттар ретінде қаржылық тәртіпті сақтау, мемлекеттік сатып алулардағы ашықтық, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, білім беру мекемелерінде қауіпсіз орта қалыптастыру міндеттері айқындалды. Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бейнебақылау жүйелерін жаңарту, мектеп аумағына кіру тәртібін күшейту, күзет қызметінің жұмысын жетілдіру мәселелері көтерілді.

Абзал Нүкенов балалардың сыни ойлау қабілетін дамыту, ақпаратты талдай білу дағдыларын қалыптастыру және идеологиялық әрі моральдық құндылықтарды нығайту қажеттілігін ерекше атап өтті. Ол «Адал Азамат» бағдарламасының оқушыларды адалдыққа, жауапкершілікке, қоғамға қызмет етуге тәрбиелеуде маңызды рөл атқаратынын айтты.

Тәрбиедегі ата-ананың рөлі

Алматы қаласы білім басқармасының басшысы Сайран Сайфеденов балалар тәрбиесінде ата-аналардың белсенді қатысуы аса маңызды екенін тағы бір мәрте еске салды.

«Бала отбасында не көрсе, соған айналады. Мектеп тәрбие береді, бағыт көрсетеді, бірақ ата-ананың орнын ешбір мемлекеттік құрылым баса алмайды. Отбасы мен мектептің бірлескен жұмысы ғана саналы, білімді, мәдениетті ұрпақ тәрбиелеуге мүмкіндік береді», - деді ол.

Отырыс соңында білім беру процесінің сапасын арттыру, ведомствоаралық ынтымақтастықты нығайту, мектептердегі қауіпсіздік деңгейін көтеру және оқушылар үшін жайлы орта қалыптастыруға бағытталған нақты іс-шараларды қамтитын қарар қабылданды. Бұл шешімдер қаладағы білім беру жүйесінің дамуына жан-жақты әсер етіп, Алматының республикадағы жетекші білім орталығы ретіндегі мәртебесін сақтауға бағытталмақ.