Астанада дәрігерлердің біліктілігін арттыру үшін Жапониядан мамандар шақырылды

Автор: Асыл Арман

Елордада «Эндовидеохирургия. Перспективалар» атты халықаралық шеберлік сағаты өтті

Фото: Астана әкімдігі

Астанада дәрігерлердің біліктілігін арттыру үшін Жапониядан мамандар арнайы шақырылды. Осы мақсатта балалар хирургиясының өзекті бағыттарына арналған «Эндовидеохирургия. Перспективалар» атты халықаралық шеберлік сағаты ұйымдастырылды, деп хабарлады Azattyq Rýhy.

Қала әкімдігінің мәліметінше, іс-шараға Жапонияның жетекші хирургтері – профессор Atsuyuki Yamataka және доцент Takahashi Junichiro қатысып, қазақстандық дәрігерлермен өз тәжірибелерін бөлісті. Оның барысында қатысушылар эндоскопиялық және реконструктивтік операциялардың жаңа әдістерімен танысып, күрделі клиникалық жағдайларды басқарудағы халықаралық тәжірибені меңгерді.

«Қазақстандық дәрігерлердің кәсіби деңгейі бізді өте қуантты. Тәжірибе алмасу екі тарап үшін де нәтижелі өтті. Балаларға көрсетілетін көмек сапасын арттыруда халықаралық ынтымақтастық ерекше маңызды», – деді Профессор Atsuyuki Yamataka.

Практикалық бөлімде мамандар бірнеше маңызды операция түрлерін егжей-тегжейлі талқылап, демонстрациялық форматта көрсетті. Соның ішінде Anderson-Hynes әдісімен лапароскопиялық пиелопластика, ПМР-ды гельдік материалмен эндоскопиялық түзету, қуықты аугментациялау, уретеронеостомия, Митрофанов әдісімен аппендиковезикостомия, сондай-ақ Peña, Swenson және K.Georgeson әдістері бойынша түрлі проктологиялық операциялар қамтылды.

Жоба аясында балалар кардиохирургиясы, эндовидеохирургия және ортопедия бойынша 300 ота жасалуы жоспарланып отыр.