Қазақстанның алты қаласында ауа сапасы нашарлайды: тұрғындарға ескерту жасалды

Автор: Асыл Арман

Синоптиктердің ескертуі жарияланды

Фото: istockphoto.com

Синоптиктердің мәліметінше 25 қараша күні Қазақстанның алты қаласында атмосферада ластаушы заттардың шоғырлануының артуы күтіледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бұл жағдай зиянды қоспалардың жерге жақын ауа қабатында жиналып, тарқамай қалуына себеп болатын бірқатар ауа райы факторымен байланысты.

«2025 жылғы 25 қарашада Алматы, Атырау, Шымкент, Ақтөбе, Балқаш қалаларында, сондай-ақ түнде Астана қаласында қолайсыз метеорологиялық жағдайлар күтіледі», – деп хабарлады «Қазгидромет» РМҚ.

ҚМЖ деген не және ол неге қауіпті?

Қолайсыз метеорологиялық жағдайлар (ҚМЖ) – атмосферадағы ластаушы заттардың таралуына кедергі келтіретін келесі ауа райы құбылыстары:

  • Тымық ауа,
  • әлсіз жел,
  • тұман,
  • температуралық инверсия.

Осындай құбылыстар кезінде зиянды бөлшектер ауада іріленіп, таралмайды. Бұл әсіресе құрылысы тығыз салынған аудандар мен өнеркәсіптік аймақтарда ауа сапасының уақытша нашарлауына алып келеді.