Қарағандыда ай сайын 800 мың теңге табатын ер адам ұлына 19 мың теңге алимент төлеп келген

Автор: Асыл Арман

Депозиттік шотындағы екі жылдық айналым 20 млн теңгеден асатыны анықталды

Фото: istockphoto.com

Қарағанды облыстық сотында алименттік мәселеге қатысты іс қаралды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Соттың ресми Telegram-арнасына сәйкес, әкесінің бұрын алиментті табысынан 1/4 мөлшерінде төлейтіні анықталған, бұл оның ең төменгі айлық жалақысынан есептегенде шамамен 19 мың теңгені құраған.

Сонымен бірге, сот талқылауы барысында жауапкердің депозиттік шотындағы екі жылдық айналым 20 млн теңгеден асатыны, ал ай сайынғы орташа кіріс оның шотына шамамен 800 мың теңге түсетіндігі анықталды.

«Ең төменгі жалақыдан есептелген алимент мөлшері кәмелетке толмаған баланың мүддесін елеулі түрде бұзады және оның нақты, өсіп келе жатқан қажеттіліктерін қамтамасыз етпейді.

Қазақстан Республикасының «Некеге (некелік қатынасқа) және отбасы туралы» Кодексінің 175-бабының 1-тармағына сәйкес, тараптардың материалдық немесе отбасылық жағдайы өзгерген кезде сот алимент мөлшерін өзгерту құқығына ие», – делінген сот хабарламасында.

Қарағанды облысының кәмелетке толмағандар істері бойынша мамандандырылған ауданаралық соты, жауапкердің екінші некеден туған баласына алимент төлеу міндеті бар екенін ескере отырып, талап арыздың бір бөлігін қанағаттандырды. Сот алиментті нақты ақша сомасында 25 АЕК (2025 жылы 98 300 теңге) мөлшерінде төлеуді белгіледі.

Талап арыздың қалған бөлігін сот қанағаттандырмаған, себебі баланы асырау міндеті тек бір ата-ананың мойнына жүктелмейді. Баланы асырау міндеті екеуіне де қатысты.

Азаматтық істер бойынша сот коллегиясы бірінші инстанция сотының қорытындысымен келісіп, шешімді өзгеріссіз қалдырды.