Бір мезетте «қызыл» жанады: Астанада бірнеше бағдаршамның жұмысына өзгеріс енгізілді
Өзгерістер енгізілген көшелер белгілі болды
Астанада жеті қиылыста бағдаршамдардың жұмыс режимі өзгертілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Өзгерістер мына қиылыстардағы бағдаршамдарда енгізілді:
- Керей, Жәнібек хандары – Әл-Фараби;
- Рысқұлов – Мәңгілік ел;
- Сұлтан Бейбарыс (№106 мектептің маңында);
- Құсмұрын – Қайнар (№68 мектеп);
- Қараменді би Шақаұлы – Земляничная;
- Тәуелсіздік – Қошқарбаев;
- Тәуелсіздік – Байтұрсынов.
Полицияның мәліметінше, енді аталған қиылыстарда барлық бағыт үшін қызыл сигнал бір уақытта 4 секундқақосылады. Бұл көліктің қауіпсіз маневр жасауы мен қиылыстан тез өтуіне мүмкіндік береді.
Апатты жағдайлардың талдауына сәйкес, бағдаршамдардың жұмыс режимі түзетілгеннен кейін жол-көлік оқиғаларының саны азайып, қиылыстардан өту қабілеті артқан.
Мысалы, Қараменді би – Шақаұлы және Земляничная қиылысында өзгерістерге дейін 28 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Бұл орында сол бағытқа бұрылған көліктер мен қарсы бағыттағы көліктердің соқтығысуы жиі болған. Бағдаршам режимі түзетілгеннен кейін мұндай жол-көлік оқиғалары тіркелмеген.
Кеше Астана полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаев қаладағы қауіпті учаскелерді тексерді. Биыл жылдың басынан бері Астанада 1700-ден астам жол-көлік оқиғасы тіркелген.