Бір мезетте «қызыл» жанады: Астанада бірнеше бағдаршамның жұмысына өзгеріс енгізілді

Автор: Мөлдір Қазыбай

Өзгерістер енгізілген көшелер белгілі болды

Фото: istockphoto.com

Астанада жеті қиылыста бағдаршамдардың жұмыс режимі өзгертілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Өзгерістер мына қиылыстардағы бағдаршамдарда енгізілді:

  • Керей, Жәнібек хандары – Әл-Фараби;
  • Рысқұлов – Мәңгілік ел;
  • Сұлтан Бейбарыс (№106 мектептің маңында);
  • Құсмұрын – Қайнар (№68 мектеп);
  • Қараменді би Шақаұлы – Земляничная;
  • Тәуелсіздік – Қошқарбаев;
  • Тәуелсіздік – Байтұрсынов.

Полицияның мәліметінше, енді аталған қиылыстарда барлық бағыт үшін қызыл сигнал бір уақытта 4 секундқақосылады. Бұл көліктің қауіпсіз маневр жасауы мен қиылыстан тез өтуіне мүмкіндік береді.

Апатты жағдайлардың талдауына сәйкес, бағдаршамдардың жұмыс режимі түзетілгеннен кейін жол-көлік оқиғаларының саны азайып, қиылыстардан өту қабілеті артқан.

Мысалы, Қараменді би – Шақаұлы және Земляничная қиылысында өзгерістерге дейін 28 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Бұл орында сол бағытқа бұрылған көліктер мен қарсы бағыттағы көліктердің соқтығысуы жиі болған. Бағдаршам режимі түзетілгеннен кейін мұндай жол-көлік оқиғалары тіркелмеген.

Кеше Астана полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаев қаладағы қауіпті учаскелерді тексерді. Биыл жылдың басынан бері Астанада 1700-ден астам жол-көлік оқиғасы тіркелген.