Ата-аналарға ескерту: жасөспірімдер арасында «көңілді газ» деп аталатын қауіпті тенденция тарады

Автор: Мөлдір Қазыбай

Ол баланы тәуелділікке апарады

Фото: istockphoto.com

Оқу-ағарту министрлігінің Балаларды құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы Насымжан Оспанова жасөспірімдер арасындағы жаңа қауіпті тенденция туралы айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Соңғы уақытта жасөспірімдер арасында алаңдаушылық тудыратын және өте қауіпті тәжірибе кең тараған – «көңілді газ» (азот оксиді) және карбюраторларды тазалауға арналған сұйықтықтарды, жастар арасында «карб» деп аталатын заттарды иіскеп жұту. Бұл заттар аз уақытқа есеңгіреп, мас болу үшін қолданылады, бірақ жасөспірімнің ағзасына ауыр және көбіне қайтымсыз зиян келтіреді», – деп жазды Насымжан Оспанова өз Instagram парақшасында.

Оның айтуынша, «көңілді газды» жұту оттегінің жетіспеуіне, сананың жоғалуына, тыныс алу мен жүйке жүйесінің зақымдануына әкелуі мүмкін. Кей жағдайларда бұл ауыр салдарға апарады.

«Тіпті бір рет қолдану да улануға және тәуелділікке әкелуі мүмкін. Көбіне мұндай әрекеттер жасөспірімнің қатарластары арасында өзін көрсетуге деген талпынысынан туындайды.

Ересектерге ерекше сақ болуды ұсынамын. Жасөспірімдердің мінез-құлқына назар аударыңыздар. Кенет көңіл-күй өзгерістері, киімінде химиялық иіс, жеке заттар арасында баллондар немесе флакондардың болуы, қозғалыстың баяулауы, ауызының айналасындағы терінің қызаруы – жай ғана шаршау немесе мазасыздық емес. Бұл – дабыл, бұл – ескерту!» – деп жазды ол.

Балаларды қорғау комитетінің төрайымы жасөспірімдермен ашық сөйлесіп, нақты салдарын түсіндірудің маңыздылығын атап өтті. Алғашқы белгілерді байқасаңыз, мектеп педагогтарына, психологтарға немесе психологиялық қолдау орталықтарына жүгіну қажет.

«Жасөспірімдерге сын емес, назар мен көмек қажет. Оларды уақытында арнайы педагогикалық бақылауға алып, ортаның қысымымен жалғыз қалдырмау керек. Қауіп төнген жағдайда 111 сенім телефонына хабарласыңыз. Кешігуге болмайды. Себебі, бала өмірі – аманат, бала денсаулығы – баға жетпес байлық», – деп ескертті Оспанова.