Алимент төлеуден қасақана жалтарған екі адам қоғамдық жұмысқа жегілді
Степногорск қаласының прокуратурасы өз баласының жағдайынан жасаудан қашқан ата-аналардан 23 млн теңге алимент өндірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Алимент төлеуден қасақана жалтарған екі борышкер Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 139-бабы бойынша қылмыстық жауаптылыққа тартылып, оларға 300 сағаттық қоғамдық жұмыстар түрінде жаза тағайындалды. Сонымен қатар, жеті борышкер ӘҚБтК–нің 669-бабы бойынша әкімшілік жауаптылыққа тартылып, 2-5 тәулікке дейінгі әкімшілік қамауға алынды.
«Биыл қадағалау шараларының нәтижесінде кәмелетке толмаған балалардың пайдасына 23 млн теңгеден астам мөлшерінде алимент өндірілді.
Прокуратурамен екі жеке сот орындаушыларының қызметінде табыстарын төмендетіп көрсету арқылы салық төлеуден жалтару түрінде бұзушылықтар анықтады. Қадағалау актісінің нәтижесінде олардан бюджетке 855 мың теңге өндірілді.
Қолданыстағы заңнаманы бұзғаны және жұмыстағы олқылықтары үшін алты сот орындаушыға тәртіптік жаза қолданылды», – делінген хабарламада.
Прокуратура қабылдаған шаралар азаматтардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіруге, сот актілерінің орындалу тиімділігін арттыруға және сот орындаушылары қызметіндегі заңдылықты нығайтуға мүмкіндік берді.