Ол бокстың Олимпиадада сақталуы үшін еңбек ететінін ерекше атап өтті
Қазақстандық экс-боксшы Геннадий Головкин World Boxing ұйымының президенті болып тағайындалғанна кейін мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Маған World Boxing ұйымын басқару сияқты үлкен жауапкершілік жүктелді. Бұл – мен үшін үлкен мәртебе. Қазір әлемнің түкпір-түкпірінен құттықтаулар келіп жатыр және олардың әрқайсысы мен үшін ерекше құнды.
Мен жолымды әуесқой рингтен бастап, Олимпиада ойындарына, әлем чемпионы атағына және табысты кәсіпқой карьераға дейін жеттім. Туған еліме және әрбір қазақстандыққа көрсеткен қолдаулары үшін алғыс білдіремін», - дейді Геннадий Головкин.
Ол бокстың Олимпиадада сақталуы үшін еңбек ететінін ерекше атап өтті.
«Бүгін мен жаңа кезеңге қадам басып, бокстың болашағы үшін қызмет етуге бел будым. Алдымызда тұрған басты мақсат – осы спорт түріне деген сенімді қайтару және оның Олимпиадалық бағдарламада берік сақталуын қамтамасыз ету.
Біз тәуелсіз әрі Олимпиадалық құндылықтарға адал боламыз», - деді экс-боксшы.
Айта кетейік, осыған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Геннадий Головкинді халықаралық бокс федерациясының президенті атануымен құттықтаған болатын.