Қазақстан мен Өзбекстан бірлесіп, Қырғызстанды электр энергиясымен қамтамасыз ететін болды

Автор: Мөлдір Қазыбай

Ал Қырғызстан тарапы Қазақстан мен Өзбекстанға су береді

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Алматыда ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтың төрағалығымен Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстанның су-энергетика саласына жауапты ведомстволары басшыларының отырысы өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Келіссөздерге ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, Қырғызстанның Энергетика министрі Таалайбек Ибраев, Өзбекстанның Энергетика министрі Журабек Мирзамахмудов, Өзбекстанның Су шаруашылығы министрі Шавкат Хамраев және Қырғызстанның Су ресурстары, ауыл шаруашылығы және қайта өңдеу өнеркәсібі министрінің орынбасары Алмаз Жээналиев қатысты.

«Тараптар су-энергетикалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту параметрлері бойынша келісімге келді. Тоқтағұл су қоймасындағы күрделі жағдайды ескере отырып, қатысушылар бір-біріне өзара электр энергиясын жеткізу арқылы қолдау көрсетуге және алдағы жылыту маусымын, сондай-ақ келер вегетациялық кезеңге дайындықты үйлестіруге уағдаласты.

Қазақстан мен Өзбекстан күз-қыс мезгілінде Қырғызстанға электр энергиясын жеткізуге дайын екенін растады. Бұл қырғыз тарапына қыс кезінде электр энергиясын өндіру көлемін азайтып, Тоқтағұл су қоймасында су жинауға мүмкіндік береді. Жиналған су көлемі вегетация кезеңінде Қазақстан мен Өзбекстанға бағытталып, оңтүстік өңірлердің ауыл шаруашылығы алқаптарын тұрақты суарумен қамтамасыз етеді.

Сонымен қатар, өңірде тұтынуды азайту және энергия үнемдеу бойынша бірлескен шаралар қабылдау туралы келісімге қол жеткізілді», - делінген Энергетика министрлігі хабарламасында.

Келіссөздерге қатысушылар жұмыстың достық және өзара түсіністік рухында жүргізіліп жатқанын, оның бүкіл Орталық Азиядағы энергетикалық қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайтуға бағытталғанын атап өтті. Өзбекстан тарапы сондай-ақ энергия жүйесінің транзиті, жеткізілімдері және теңгерімін техникалық қамтамасыз етуге дайын екенін білдірді.

Отырыс қорытындысы бойынша 2025–2026 жылдардағы қысқы электр энергиясы жеткізілімдерінің көлемін және 2026 жылғы вегетациялық кезеңге су жинауды құқықтық тұрғыдан бекітетін үшжақты хаттамаға қол қойылды.