Медициналық пойыз дәрігерлері қазақстандықтарды тексеруден өткізді
Қазақстанда 2000-нан астам адамның ағзасынан қауіпті ауру түрлері анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы 104 ауылдың 83 мыңнан астам тұрғынына тегін көмек көрсетті.
Алты айлық жұмыстың нәтижесінде пойыз дәрігерлері пациенттерде жылдар бойы белгісіз дамып келе жатқан ауруларды анықтады. Медициналық деректерге сәйкес, 1012 пациенттен әртүрлі жаңа өскіндер табылды, 10 әйелден сүт безінің қатерлі ісігі анықталды, 390 тұрғыннан алғаш рет қант диабетінің түрлі типтері тіркелді, 700 адамға глаукома диагнозы қойылды.
Пойыз дәрігерлерінің арқасында диагноздар уақытылы қойылып, пациенттер жүйелі ем алуға бағытталды.
Пойыз құрамында жалпы және аясы тар бейінді 29 маман жұмыс істейді. Арнайы жасақталған вагондарда УДЗ, ЭКГ, флюорография, гастрофиброскопия, зертханалық талдаулар және басқа да тексерулер қолжетімді, қажет болған жағдайда шағын хирургиялық операциялар жасалады.
Медициналық көмектен бөлек, ауыл тұрғындарына тегін заңгерлік кеңестер де көрсетіледі. Алты ай ішінде заңгерлер мен медиаторлар 3503 азаматқа көмек берді, олардың 2360-ы – әйел адам.
«Саламатты Қазақстан» жобасы 2010 жылдан бері жүзеге асырылып келеді және шалғай өңір тұрғындарына медициналық әрі құқықтық қызметтердің қолжетімділігін арттыруға бағытталған.