$ 518.66  597.44  6.56
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қарағанды облысында қауіпті жолдарға бұрын-соңды болмаған арнайы белгілер орнатылды

Қазақстанда мұндай белгі алғаш рет орнатылды

Қарағанды облысында қауіпті жолдарға бұрын-соңды болмаған арнайы белгілер орнатылды
Фото: Қарағанды облысы ПД

Қарағанды облысында қауіпті аймақтарға арнайы ескерту белгілері қойылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қарағанды облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Жасқайрат Қайыров «Қазавтожол» қызметкерлерімен бірлесіп, өңір аумағынан өтетін республикалық және облыстық маңызы бар автожолдарға кешенді тексеру жүргізді. Тексерудің басты мақсаты — жолдардың техникалық талаптарға сәйкестігін бақылау, қысқы маусымға дайындықты бағалау, жолдарды қардан тазалау жұмыстарын тексеру және қолайсыз ауа райы кезінде олардың уақытылы жабылуын қамтамасыз ету.

Талдау қорытындысы бойынша облыс арқылы өтетін республикалық маңызы бар автожолдардың жеті учаскесінде жол-көлік оқиғалары жиі болатындығы анықталды. Осыған байланысты полиция мен «Қазавтожол» мамандары апат жиі тіркелетін аумақтарға заманауи технологияларды пайдалана отырып, арнайы ескерту белгілерін орнатып жатыр.

Жасқайрат Қайыровтың айтуынша, республика бойынша алғаш рет Қарағанды облысында жол жиегіне ерекше қызыл жолақ белгісі салынды. Бұл белгі Қарағанды-Қарқаралы тасжолында орнатылған. Себебі осы учаскеде екі көліктің қатысуымен ауыр жол апаты болып, бес адам қаза тапқан еді. Оның сөзінше, қызыл жолақ жүргізушілердің назарын аударып, түнгі уақытта да, қар астында да анық көрінеді. Жолақ жүргізілгеннен бері бұл учаскеде бірде-бір жол-көлік оқиғасы тіркелмеген.

Сонымен қатар Қайыров қыс мезгілінде жол қауіпсіздігіне ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті. Қолайсыз ауа райында жолдардың жабылуы, жүргізушілер мен жолаушылардың діттеген жеріне қауіпсіз жетуі — басты міндет.

Осы мақсатта республикалық тасжолдарға ірі ақпараттық LED-экрандар орнатылған. Онда өңірдің әр бөлігіндегі ауа райы туралы нақты ақпарат көрсетіліп тұрады. Мысалы, Теміртауда жол жабылса, кептеліс туындамауы үшін Балқашта қозғалысты шектеу қажет болуы мүмкін. Алайда онда күн ашық болғандықтан, жүргізушілердің түсінбеушілігін болдырмау үшін экрандар арқылы шынайы жағдай жедел көрсетіліп отырады.

Сонымен қатар республикалық жолдарға электронды жылдамдық белгілері де орнатылды. Жылдамдық режимі ауа райына байланысты автоматты түрде өзгеріп отырады: қолайсыз жағдайда 140 км/сағ жылдамдық 80-60 км/сағ деңгейіне дейін төмендетіледі. Бұл көктайғақ, қар үйінділері және басқа да тәуекелдерді ескере отырып жасалып отыр.

Мамандардың айтуынша, осындай тексерулер мен алдын алу шаралары алдағы уақытта да жалғасын табады.

Серіктес жаңалықтары