Астанада 15 метр биіктіктен құлаған үш жұмысшы ауруханаға түсті

Автор: Дәулет Ботагөз

Оларға қажетті медициналық көмек көрсетілді

Фото: Azattyq Rýhy/Әсет Құндақбаев

Астанадағы құрылыс алаңдарының бірінде жұмысшылар биіктіктен құлады. Үш адам жарақат алып, медициналық мекемеге жеткізілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Құрылыс бөлігі опырылып түсті

Полиция департаментінің мәліметінше, оқыс жағдай құрылыс нысанында орнатылған лифт орнының опырылуынан болған. Нысан шамамен 15 метр биіктіктен құлап, онда жұмыс істеп жатқан үш қызметкер жарақат алды.

Зардап шеккендер дереу ауруханаға жеткізіліп, қажетті медициналық көмек көрсетілді.

Қылмыстық іс қозғалды

Оқиғадан кейін полиция ҚР ҚК бойынша «Құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік талаптарын бұзу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғады.

Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, оқиғаның нақты себептері мен кінәлі тұлғалар анықталуда.

Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр

Құқық қорғау органдары құрылыс алаңындағы қауіпсіздік техникасының сақталуы, жабдықтардың жағдайы және жұмыстың ұйымдастырылуына қатысты қосымша тексеріс жүргізуде.