Жамбыл облысында жеңіл несие алған шаруалар шығынға батқан
Жамбыл облысында жеңіл несие алған жүздеген шаруа шаш-етектен шығынға батқан. Олардың айтуынша, қаражаттың 18 пайызын әкімдік субсидия ретінде беруі керек болған. Алайда төрт айдан бері төлем жасалмапты. Соның салдарынан несие пайызы өсіп кеткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК-ға сілтеме жасай отырып.
«Толық төлей алмаймын! Менің 15 немерем, алты балам бар. Бәріміз қазір далада қалайын деп тұрмыз. Қазір екі үй аукционға шықты, төлей алмағандардың үйі! Ертең біз де далада қаламыз. Ақша жоқ деп жатыр. Ол ақшасы жоқ болса, неге береді?!», - деп ашынды Рамазан Терлікбаев.
6 пайыз несиені мұнда екі мыңға жуық шаруа алған. Әрқайсысы, ең кемі, 10 миллион теңгеден қарыз рәсімдеген. Енді тығырыққа тірелген шаруалар әкімдіктен әу баста уәде еткен субсидияны сұрап отыр. Ал саланың басқарма басшысы субсидияның тоқтауын қаржы тапшылығымен түсіндірді. Шаруалардың қарызы келер жылдың бюджетінен өтелуі мүмкін дейді.
Айта кетері, әкімдіктің шаруалар алдындағы субсидия бойынша берешегі 3 жарым миллиард теңгеге жеткен.
«Егер бюджеттен қаражат бөлінбесе, онда олар өздері төлеуге міндетті. Ол заң бойынша солай! Қағидада көрсетілген. Олар келісімшартқа соны біле тұра қол қойған», - дейді Жамбыл облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Көшенов.