Алғабастағы өрттен аман қалған бала тікұшақпен Шымкентке жеткізілді

Автор: Алмас Ерсін

Экипаж санитарлық рейсті сәтті орындады

Фото: istockphoto.com

«Қазавиақұтқару» ТЖМ ұшағы 12 адамның өмірін қиған өрттен зардап шеккен баланы Түркістан облысының Жетісай ауданынан Шымкент қаласына жеткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыстық ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Санитарлық рейсті «Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы» РМҚК үйлестірді.

«Рейс барысында Түркістан облысындағы өрт салдарынан зардап шеккен үшінші адам - 2018 жылы туған жасөспірім Шымкент қаласындағы гипербариялық оксигенация орталығына жеткізілді», - деп жазылған хабарламада.

Гипербариялық орталық Шымкентте орналасқандықтан, ал Жетісай ауданында шұғыл медициналық көмек көрсетуге қажетті арнайы жабдықтар жеткіліксіз болғандықтан, науқасты тасымалдауға тура келген.

«Экипаж санитарлық рейсті сәтті орындап, барлық қауіпсіздік шарасын сақтай отырып, зардап шеккен қызды межелі жерге жеткізді. Қонғаннан кейін бала арнайы мамандандырылған дәрігерлерге тапсырылды», - дейді құтқарушылар.

Еске сала кетейік, қайғылы оқиға 18 қарашада сағат 05.36-да болған. Екі қабатты жер үй толығымен өртке оранып, шатыры ішінара құлаған.

Төтенше жағдайлар министрлігінің күштері мен құралдары дереу жіберілді. Өрт сағат 07.22-де жойылды. Өкінішке қарай, өрт орнында 12 адам қаза тапты, олардың 9-ы балалар. 3 адам зардап шекті, олар қазір Жетісай аудандық орталық ауруханасының реанимация бөліміне жатқызылды.

19 қарашада Алғабас ауылындағы өрттің ықтимал себебі айтылды. Алдын ала мәлімет бойынша өрттің шығуына ақауы бар электрлік ұзартқыш себеп болуы мүмкін.