Алматыда студент әуежайға кіремін деп басы бәлеге қалды
Қазақстанда пойыз бен ұшақта тыйым салынған қару-жарақты тасымалдау фактілері көбейіп келеді
Қазақстанның әуе және теміржол көлігінде қару-жарақ, оқ-дәрі мен өзге де қауіпті заттарды тасымалдауға қатаң тыйым салынғанымен, жыл сайын заң бұзушылық азаймай отыр. 2025 жылдың басынан бері осындай 496 қылмыстық іс тіркелген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Көліктегі полиция департаменті қызметкерлерінің тұрақты профилактикалық жұмысына қарамастан, азаматтар Қазақстан Республикасы аумағында айналымына тыйым салынған суық қаруға жататын заттарды кейде білместікпен сатып алып, тасымалдап жатады. Бұл туралы Көліктегі ПД бастығының орынбасары Мәлік Қайбар хабарлады.
Оның айтуынша, 2025 жылдың басынан бері Көліктегі ПД-да суық қаруды заңсыз алып жүру, сақтау және тасымалдау фактілері бойынша 496 қылмыстық іс тіркеліп, 133 әкімшілік құқықбұзушылық анықталған.
Мәселен, Қарағанды-Сұрыптау станциясындағы көліктегі полиция басқармасының қызметкерлері Теміртау қаласының 30 жастағы тұрғынынан тегіс ұңғылы мылтық тапты. Сот құқықбұзушыға бір жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады.
Алматы әуежайында 22 жастағы студенттен ұшу алдындағы тексеру кезінде 9×18 мм калибрлі патрон табылып, тәркіленді. Сот шешімімен оған 200 АЕК (786 400 теңге) мөлшерінде айыппұл салынды.
«Бұл фактілер рұқсат етілген құжаттары жоқ бір ғана оқ-дәрінің өзі заң бұзушылық болып саналатынын және ауыр салдарға әкелуі мүмкін екендігін көрсетеді», – деді М.Қайбар.