Өскемендегі мектептерде 1500-ден аса сынып онлайн форматқа ауыстырылды

Автор: Асыл Арман

Қазіргі уақытта 27 мыңнан астам оқушы онлайнға көшірілді

Фото: istockphoto.com

Өскеменде маусымдық жұқпалы аурулардың көбеюіне байланысты өңірдегі 107 жалпы білім беретін мектептің 1504 сыныбында 27 610 оқушы уақытша қашықтан оқыту форматына ауыстырылды. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі YK-news.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

«Қашықтан оқыту Өскемен қаласының 46 мектебінде, Күршім ауданының үш мектебінде, Ұлан ауданының 9 мектебінде, Үлкен Нарын ауданының бір мектебінде, Алтай ауданының 8 мектебінде, Зайсан ауданының бір мектебінде, Катонқарағай ауданының бір мектебінде, Самар ауданының бес мектебінде, Тарбағатай ауданының 9 мектебінде, сондай-ақ облыстық төрт мектепте ұйымдастырылды», – деп мәлімдеді ШҚО білім басқармасының баспасөз қызметі.

Айта кетерлігі, қашықтан оқыту форматына көшіру туралы шешім денсаулық жағдайына байланысты 30%-дан астам оқушы сабаққа қатыспай қалған сыныптарда қабылданады. Бұл жағдай медициналық анықтамалар тарапынан расталуы тиіс.