Алматы мен Қостанай арасында жаңа «Тальго» пойызы ашылатын болды
Пойыз Қостанай, Тобыл, Атбасар, Астана, Қарағанды және Алматы сияқты ірі қалалар арқылы өтеді
Алматы мен Қостанай арасында 16 желтоқсаннан бастап «Жолаушылар тасымалы» АҚ №119/120 жаңа «Тальго» пойызын іске қосады. Жаңа пойыз жұп күндері қатынайды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ҚТЖ-ның мәліметінше, пойыз заманауи «Тальго» вагондарынан толық жасақталған. Бұл шешім пойыздың жүріс уақытын стандартты пойыздарға қарағанда 12 сағатқа қысқартуға мүмкіндік береді. Пойыз 600-ден астам жолаушыны тасымалдай алады.
Бағыт Қостанай, Тобыл, Атбасар, Астана, Қарағанды және Алматы сияқты ірі қалалар арқылы өтеді.
Бағытта заманауи Тальго вагондары пайдаланылады. Олар сапардың қауіпсіздігін және жол үстіндегі жайлылықты толық қамтамасыз етеді. Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін арнайы бейімделген орындар бөлінген, билет құнына 50%-ға дейін жеңілдік қарастырылған.
«Бұл шешім елдің оңтүстік пен солтүстік өңірлер арасындағы көлік қолжетімділігін күшейтіп, қысқы маусымда жолаушылар үшін жол жүруді едәуір қолайлы етеді.
Билеттер bilet.railways.kz ресми сайтында және барлық теміржол вокзалдарының билет кассаларында қолжетімді. Қосымша ақпарат алу үшін 1433 нөміріне тегін қоңырау шалуға болады. Пойыздардың нақты келу және жөнелту уақыты туралы ақпаратты https://tablo-railways.kz/ru сайтындағы онлайн-табло арқылы қарауға мүмкіндік бар», – делінген ҚТЖ хабарламасында.