Павлодарда Ертіс жағасынан жоғалып кеткен әйелдің киімі табылды

Автор: Алмас Ерсін

Іздеу-құтқару шаралары жалғасып жатыр

Фото: «ҚазАвтоЖол»

Павлодарда Ертіс өзені аумағында жоғалған 1976 жылы туған әйел іздестіріліп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өзен жағасынан оның сыртқы киімі табылған. Осыған байланысты акваторияны толықтай тексеруге ерекше назар аударылды.

«Құтқарушылар мен сүңгуірлер су айдыны мен жағалау аймағын зерттеу үшін арнайы жабдықтарды, соның ішінде жүзу құралдары мен эхолотты қолданып, іздестіру жұмыстарын жүргізіп жатыр», – деп жазылған хабарламада.

Сонымен қатар Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері полициямен және волонтерлік ұйымдармен бірлесіп, жағалауды жаяу тексеріп жатыр.

Жергілікті жерде барлық қызметтің іс-қимылы үйлестірілді. Іздеу-құтқару шаралары жалғасып жатыр.