«AMANAT»: «Таза бейсенбі» – экологиялық мәдениетті қалыптастырудың жолы

Автор: Алмас Ерсін

Акция қатысушылары жол жиегіндегі пластик пен қағаз қалдықтарын жинап, арнайы қоқыс алаңдарына жеткізді

Фото: «AMANAT» партиясының баспасөз қызметі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ел аумағында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы жүзеге асырылуда. Соның аясында «AMANAT» партиясы барлық өңірде дәстүрлі «Таза бейсенбі» акциясын өткізіп келеді. Аталған іс-шара – экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, қоғам бірлігін нығайтуға және әрбір азаматтың табиғатты қорғауға деген жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Акцияға партия мүшелерімен қатар жергілікті тұрғындар, жастар және волонтерлер де белсенді атсалысуда, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «AMANAT» партиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алматы қаласында «Таза бейсенбі» акциясы «Саялы» ықшам ауданындағы көпшілік демалатын «Саялы» саябағында өтті. Тұрғындардың айтуынша, аталған саябақ – жастар жиі жиналатын, мәдени және қоғамдық іс-шаралар өткізілетін демалыс орны. Акция барысында саябақ аумағындағы қоқыстар, маусымдық жапырақтар шығарылып, саябақ толықтай ретке келтірілді. Іс-шараға Алматы қалалық мәслихатының депутаты Гүлжан Бекенова, «AMANAT» партиясы Алатау аудандық филиалы Саяси кеңесінің мүшесі Ғалия Шаметова, сондай-ақ бастауыш партия ұйымдарының белсенділері, волонтерлар және «Алтын Тазалық» коммуналдық компаниясының қызметкерлері қатысты.

Қызылорда облысы Арал ауданында аманаттықтар Арал қаласынан Мергенсай ауылдық округіне дейінгі автожол бойында ауқымды тазалық жұмысын жүргізді. Акция қатысушылары жол жиегіндегі тұрмыстық қалдықтарды – пластик пен қағаз қалдықтарын жинап, арнайы қоқыс алаңдарына жеткізді. Бұл жұмыстар автожол бойының санитарлық жағдайын жақсартуға айтарлықтай үлес қосты. Іс-шара барысында партияның аудандық филиалының атқарушы хатшысы Талғат Қанатов өңір тұрғындары арасында тазалық мәдениетінің қалыптасып келе жатқанын атап өтті.

«Туған жердің тазалығын сақтау – тек коммуналдық қызметтің міндеті емес, бұл – барша тұрғынның ортақ жауапкершілігі. Бүгінгі акцияға жастардың белсене қатысуы – өңірде экологиялық мәдениет қалыптасып келе жатқанын көрсетеді. Біз қоғамда «таза орта – қауіпсіз орта» деген түсінікті орнықтыруымыз керек», – деді ол.

Ал «AMANAT» партиясының Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов аудандық филиалы ұйымдастыруымен өткен тазалық жұмыстарына «Құлан» бастауыш партия ұйымының мүшелері мен «Жастар Рухы» жастар қанатының белсенділері қатысып, «Демалыс сауықтыру орталығы» аумағын қоқыстан тазартты. Акция аясында шамамен 0,5 тоннаға жуық тұрмыстық қалдық арнайы полигонға шығарылды.

«Қоршаған ортаны қорғау – тек мемлекеттік органдардың ғана емес, әрбір азаматтың парызы. Бүгінгі «Таза бейсенбі» акциясына жастардың белсене қатысуы бізді қуантады. Себебі бұл акция – экологиялық мәдениетті қалыптастырудың жолы. Осындай іс-шаралар арқылы біз ел болашағы саналатын жас буынды жауапкершілікке тәрбиелейміз. Алдағы уақытта да «Жастар рухы» ұйымымен бірлесіп, экологиялық бағыттағы жобаларды жүйелі түрде жүзеге асыратын боламыз», – деді Тұрар Рысқұлов аудандық жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары Әбіләшім Мырқасымов.

Шымкент қаласында «AMANAT» партиясының және «Жастар Рухы» жастар қанатының 50-ден астам белсендісі «Шымсити» шағын ауданын қоқыстан тазартты. Қатысушылар көше бойындағы тұрмыстық қалдықтарды жинап, қураған ағаштар мен шөптерді тазалап, аумақтың санитарлық жағдайын жақсартты.

Түркістан облысында партияның Шардара аудандық филиалының ұйымдастыруымен аудан орталығында кең ауқымды көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. Акция аясында партия белсенділері, қоғамдық ұйым өкілдері, ерікті жастар және «Шардара шаруашылық қызметі» КММ қызметкерлері саябақтар мен арнайы бөлінген аумақтарға 500 түп ағаш көшетін отырғызды. «AMANAT» партиясының Шардара аудандық филиалының төрағасы Ережеп Бекет бұл игі іс қала көркін жақсартумен қатар, әр азаматтың туған жерге деген ортақ жауапкершілігін арттыратынын атап өтті.

«Табиғатты қорғау  ортақ міндет. Бүгінгі акция – әрбір азаматтың туған жерге деген жанашырлығын көрсететін игі іс. Мұндай бастамалар қаламыздың экологиялық жағдайын жақсартып қана қоймай, жас ұрпаққа үлгі болады», – деді ол.

Айта кетейік, осындай акциялар еліміздің барлық өңірінде ұйымдастырылды. «AMANAT» партиясы алдағы уақытта да Қазақстанның әр өңірінде абаттандыру, көгалдандыру және таза орта қалыптастыру жұмыстарын жалғастырады.