Алматыда тастанды ғимараттың ішінен қаңтар оқиғасында ұрланған қару табылды

Автор: Асыл Арман

Ол 2022 жылдың 5 қаңтарында «Оружейник» дүкенінен ұрланған

Фото: Polisia.kz

Алматыда полиция қызметкерлері ұрланған қару жасырылған орынды анықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қалалық полиция департаментінің Экстремизмге қарсы күрес басқармасы мен жедел тергеу тобы және прокоратураның сотқа дейінгі тергеу басқармасы Қаңтар оқиғасында жоғалған атыс қаруын тапты.

Алматы қаласының Жетісу ауданында Жансүгіров көшесінің бойындағы Үлкен Алматы каналының жанындағы бос ғимараттың ішінде тегіс ұңғылы 12 калибрлі атыс қаруы табылды.

Табылған атыс қаруын криминалдық және ұрланған қарулар базасынан сериялық нөмірімен тексеру барысында жоғалған қару екені расталды. 2022 жылдың 5 қаңтарында қаңтар оқиғасы кезінде аталған қару Алматыдағы Сейфуллин көшесіндегі «Оружейник» дүкенінен жоғалған.

Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 287 бабының 3 бөлігімен қылмыстық іс қозғалды.