Ол алғашқы фильмінің жабық көрсетілімін өткізді
Танымал әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың экс-жұбайы, продюсер әрі әнші ретінде көзге түсіп жүрген Мөлдір Мұқан екінші фильмінің дайындық жұмысы басталғанын хабарлады. Бұл туралы ол журналист Ирина Тенге берген сұхбатында айтты, деп жазады Azattyq Rýhy.
Кеше оның дебюттік фильмінің жабық көрсетілімі өтті. Продюсердің айтуынша, бірінші фильм тәжірибе жинау тұрғысынан маңызды кезең болған, ал қазір ол әлдеқайда күрделі тақырыпқа, яғни ажырасуларға көңіл бөлгісі келеді.
«Залға кіруге қатты қорықтым. Елдің эмоциясын өз көзіммен көруге шынымен қорықтым. Тығылып отырдым. Бірінші фильм болғандықтан, кемшіліктер болуы мүмкін. Тәжірибе жинадық. Енді келесі киноға идея көп. Әлі кино түсіру ойымда бар. Бұл жол шет-жағасы жеңіл-желпі көрсеттік қой. Енді келесі кинода тікесінен тартамыз. Қоғамдағы өте өткір тақырыпты алатын боламыз. Сценарий жазу басталды. Елімізде статистика жағынан ең ауыр болып жатқан тақырыптардың бірі – ажырасу жөнінде кино түсіргім келіп жүр», – деді Мөлдір Мұқан.
Ол сөз соңында шығармашылық мақсат қана қоймай, әлеуметтік миссияны да көздейтінін атап өтті. Яғни, маңызды мәселені көтеріп, қоғамның назарын аудару.
Айта кетейік, осыған дейін Мөлдір Мұқанова күйеуімен ресми түрде ажырасқанын растады.