2025 жылдың 10 айында осындай көрсеткішке қол жеткізілді
Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз конференциясында мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әкімнің айтуынша, 2025 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша өңірдің экономикалық өсімі 103,6%.
Өнеркәсіп өнімінің индексі 101,3%-ды құрады, бұл кәсіпорындардың тұрақты жұмыс істеп, өнім көлемін арттырғанын көрсетеді.
Ауыл шаруашылығында көрсеткіш 101,8%-ға жетті, бұл жақсы өнім мен мал шаруашылығы өнімдерінің өсуіне байланысты.
Ең жоғары өсім инвестициялар саласында байқалды – 129,1. Құрылыс жұмыстарының көлемі 17%-ға, тұрғын үйді пайдалануға беру 3,5%-ға артты. Көлік және қоймалау саласында 10,3%, саудада 2,1% өсім тіркелді.
Жыл басынан бері облыс экономикасына 892 млрд теңге тартылды.
«Мемлекет басшысының нақты тапсырмасы – елдің инвестициялық тартымдылығын арттыру және шетелдік капитал тартудың жаңа тетіктерін қарастыру. Біз бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізіп келеміз», – деді Асхат Шахаров.
Биыл облыста жалпы құны 110 млрд теңгеден асатын сегіз ірі нысан іске қосылды. Соның ішінде ERG компаниясының қуаты 150 МВт құрайтын жел электр станциясы бар. Инвестициялар көлемі – 74 млрд теңге.
Шикізатты терең өңдеуге бағытталған жобаларға айырықша көңіл бөлінуде. Мысалы, KazFeltec компаниясының бастамасымен Қазақстанда алғаш рет қой жүнін терең өңдейтін және құрылыс материалдарын өндіретін цех ашылды. Жобаның құны – 5,3 млрд теңге, қуаттылығы – жылына 2 мың тоннадан астам өнім. Өндірістің іске қосылуының арқасында 50 жұмыс орны құрылды, өңірдің ауыл шаруашылығы кәсіпорындарымен кооперация жолға қойылды.
Іске асырылған басқа жобалар қатарында: ауылшаруашылық химикаттарын өндіру (ЖШС «MKR Plus»), гофроқаптама өндірісі (ЖШС «Capital Plast KZ»), өртке қарсы құралдар (ЖШС «Ort tehnika-Qazaqstan»), сондай-ақ өнеркәсіптік қалдықтардан хром өндіруге арналған ERG Green АҚ «ТНК «Қазхром» флотация учаскесінің іске қосылуы бар.
Жыл соңына дейін жалпы құны шамамен 350 млрд теңгені құрайтын тағы 4 жобаны іске асыру жоспарлануда. Олардың қатарында: «Лиманное» кен орнын игеру (ЖШС «КазГеоруд»), «Болашақ» шахтасының екінші кезегін салу («Қазхром» ТҰК» АҚ), Ақтөбе станциясында рельс дәнекерлеу өндірісін ұйымдастыру («ПЗТМ LTD» ЖШС) және Металл өңдеу және жөндеу орталығын құру («Метэкс Сервис» ЖШС).
Болашақта карбамид, битум және цемент өндіретін зауыттар салу жоспарланып отыр.
«Өңірде бизнес пен инвестиция үшін қолайлы жағдай жасалуда. Әлия Молдағұлова атындағы халықаралық әуежай базасында аумағы 570 га құрайтын «Ақтөбе» арнайы экономикалық аймағы, сондай-ақ, Хромтауда аумағы 150 га құрайтын республикалық маңыздағы Индустриялық аймақ жұмысын бастады.Әрбір инвестициялық жобаның жүзеге асырылуы – жеке бақылауымда. Біз мемлекеттік және құқыққорғау органдарының қатысуымен инвестициялық штабтың отырыстарын тұрақты түрде өткізіп келеміз. Инвесторлардың барлық мәселелері жедел түрде жергілікті жерде шешімін табуда», – деп атап өтті өңір басшысы.