«Қауіпсіздік техникасын сақтаған жоқ»: бар кінәні жұмысшыға жабу проблемасы қалай шешілмек

Автор: Аягөз Құрмаш

Бұл норма жұмыс берушілердің жауапкершіліктен қашпауы үшін енгізілмек

Фото: istockphoto.com

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Асхат Аймағамбетов еңбек ету кезінде зардап шеккен қызметердің құқықтары заң бойынша қалай қорғалатынын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Ашығын айту керек, қазіргі тәжірибеде оқиға болса, комиссия көбіне бар кінәні жұмысшының өзіне аудара салуға тырысады. «Өзі кінәлі, қауіпсіздік техникасын сақтамады» деп, кінәнің 50%, тіпті 70%-ын жұмысшының өзіне жаба салады. Нәтижесінде, денсаулығынан айырылған жұмысшы тиесілі өтемақысынан да қағылады», – деді Асхат Аймағамбетов.

Оның айтуынша сондықтан «қызметкердің «өрескел абайсыздығы» анықталған күннің өзінде, оның жауапкершілігі 25 пайыздан аспауы тиіс» деген ұсыныс берілген.

«Бұл норма – зардап шеккен қызметкерді қорғау. Сонымен қатар, бұл жұмыс берушіні жауапкершіліктен қашпай, қауіпсіз еңбек жағдайын жасауға ынталандырады деп санаймыз», – деді ол.  

Мәжіліс бірінші оқылымда Қауіпсіз еңбек жағдайларын жетілдіру және жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау мәселелері заңының жобасын талқылап жатыр.