БҚО-да колледж директоры жоқ студенттер арқылы 49 млн теңге жымқырған

Автор: Асыл Арман

Сабаққа қатыспаған студенттер «белсенді» деп көрсетіліп, жоғары стипендия берілген

Фото: ҚМА/Видеодан скрин

Батыс Қазақстан облысында Қаржылық мониторинг агенттігі білім беру саласында бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Батыс Қазақстан индустриалдық колледжі» мемлекеттік коммуналдық қазынашылық кәсіпорынның директоры оқу процесіне қатыспаған 54 тұлғаны жалған түрде білім алушы ретінде тіркеген.

Соған қарамастан, аталған тұлғалар белсенді студент ретінде көрсетіліп, олар бойынша жалған бағалар қойылған, сабаққа қатысу табельдері мен үлгерім бойынша құжаттары рәсімделген, сондай-ақ стипендиялар берілген (жекелеген жағдайларда – көтеріңкі мөлшерде).

«Жалған студенттердің атына банктік шоттар ашылып, сол шоттарға стипендия төлемдердері аударылған. Банктік карталар директорға немесе оның нұсқауымен өзге тұлғаларға қолма-қол ақша алу және қаражатты әрі қарай пайдалану үшін тапсырылып отырған.

Нәтижесінде колледж директоры 49 млн теңгеден астам бюджет қаражатын иемденген. Оған қатысты бұлтартпау түріндегі үйқамақ шарасы қолданылды.

Сот санкциясымен оның пәтеріне тыйым салынды. Өзге ақпарат ҚР ҚПК-нің 201-бабына сай жария етілмейді», - делінген ҚМА хабарламасында.

Тегтер: