Әйел ұзақ уақыт сыртқа шықпаған
Шығыс Қазақстан облысында полицейлер үйдің терезесінен кіріп, ес-түссіз жатқан әйелді құтқарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ІІМ ведомстволық сайтының мәліметінше 18 қараша күні Глубокое ауданының полиция бөлімшесіне Кожоховое ауылының 75 жастағы тұрғыны жүгінген. Ол ұзақ уақыт бойы байланысқа шықпай, есік ашпай қойған көршісін уайымдаған.
«Оқиға орнына учаскелік полицейлер Шерхан Кенесбек пен Азамат Түгелов дереу жеткен. Қауіпті жағдайды ескере отырып, Азамат Кеңесбек үйге терезеден кіріп кеткен. Ішке кіргенде ол 56 жастағы әйелді ес-түссіз жатқан күйінде тауып алды», - деп жазылған хабарламада.
Полицей оған алғашқы көмек көрсеткен соң, тұрғын есін жиған. Әйел өздігінен қозғала алмағандықтан, тәртіп сақшылары жедел жәрдем шақырды. Қазір оның өміріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ.