Еңбек мигранттары келетін негізгі елдердің тізімі жарияланды
Қазақстан аумағында 2025 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша жергілікті атқарушы органдардың рұқсатымен 14 463 шетел азаматы еңбек етеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Шетелдік жұмыс күшін (бұдан әрі – ШЖК) тартуға рұқсаттардың арасында мынадай санаттар бар: басшылар мен олардың орынбасарлары үшін 544 рұқсат (бірінші санат), құрылымдық бөлімшелердің басшылары үшін 2 245 рұқсат (екінші санат). Тартылған ШЖК негізгі бөлігі үшінші (мамандар) және төртінші (білікті жұмысшылар) санаттарға жатады – тиісінше олар 3 774 және 1 118 адам. Сондай-ақ маусымдық жұмыстарға 2 780 адам, ал корпоративтік ауыстыру аясында 4 003 адам тартылды.
«Қазіргі уақытта Қазақстанда ШЖК пайдаланатын 1 857 жұмыс беруші бар. Оларда 335,4 мыңнан астам Қазақстан азаматы жұмыс істейді, бұл қызметкерлердің жалпы санының 96%-ы.
Экономикалық қызмет түрлері бойынша ең көп жұмыс істейтіндер: құрылыс саласында – 4 908 адам. Ауыл, орман және балық шаруашылығы – 2 808 адам. Тау-кен өнеркәсібі және карьерлерді қазу – 1 173 адам. Өңдеу өнеркәсібі – 1 105 адам.
Еңбек мигранттары келетін негізгі елдер: Қытай – 5 405 адам, Өзбекстан – 2 455 адам, Түркия – 1 042 адам, Үндістан – 1 012 адам.
Ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл сайын республикаға шетел мамандарын тартуға квота белгілейтінін және бөлетінін естеріңізге саламыз. 2025 жылы жалпы квота республикадағы жұмыс күшінің санына қатысты 0,2% мөлшерінде немесе 14,8 мың бірлік болып белгіленген, ал осы жылдың наурыз айынан бастап жергілікті атқарушы органдардың өтінімдеріне байланысты министрдің бұйрығымен 16,5 мың бірлікке дейін ұлғайтылды», – делінген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарламасында.
Осы жылдың тамыз айынан бастап маусымдық шетелдік жұмысшылардың еңбек қызметін жүзеге асыру үшін кәсіптер тізбесінің кеңеюіне байланысты министрдің бұйрығымен жалпы квота республикадағы жұмыс күші санына қатысты 0,25% немесе 19,4 мың бірлік мөлшерінде белгіленді.