«Алматының үздік студенттік тобы» анықталды, байқаудың жүлде қоры 1 миллион теңге болды
Алматыда Халықаралық студенттер күні аталып өтіп жатыр. Мереке аясында қалада студенттердің белсенді өмірі мен жастар әлеуетін дамытуға арналған ALMATY STUDENT’S WEEK 2025 апталығы ұйымдастырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Қаладағы 35 жоғары оқу орнында 150-ден астам іс-шара өтіп, 40 мыңнан астам студентті қамтыды. Шығармашылық кештер, интеллектуалдық ойындар, спорттық және экологиялық акциялар, қайырымдылық бастамалары әр күннің өзіндік тақырыптық бағыты болды. Әсіресе, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан адал азаматтан басталады» деген идеясын ілгерілетуге ерекше мән берілді», - деп хабарлады қала әкімдігі.
Айта кетейік, шаһардағы 35 жоғары оқу орнында 210 мыңнан астам студент білім алып жүр. Алматы елдегі ең ірі білім беру орталығы, жас буынды жаңа белеске ынталандыратын білім қаласы.