Мұны қала тұрғыны Сергей Цупкин кездейсоқ байқап қалған
Көкшетауда Қылшақты өзенінің жағасында ойнап жүрген үш бала мұз астына түсіп кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Абырой болғанда мұны қала тұрғыны Сергей Цупкин кездейсоқ байқап қалып, көмекке жүгірген. Оның батыл әрекетінің арқасында үшеуі де жағаға шығарылып, жақын жердегі жылы жерге жеткізілді.
«Бүгінгі таңда үш кішкентай азаматтың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ, құтқарушының арқасында олар уақытында медициналық көмек алды», - дейді Ақмола облыстық Төтенше жағдайлар департаменті.
Құтқарушылар Сергейді әлеуметтік желі арқылы іздеп тапты. Ол көпшіліктің алдына шығуды жөн көрмеген. Соған қарамастан оны Ақмола облысының ТЖ департаментіне шақырып, оған салтанатты түрде алғыс хат пен бағалы сыйлықтар табыс етті.
«Ақмола облысы ТЖД бастығы Бақытжан Алашов департамент атынан оған үш адамның өмірін сақтап қалғаны үшін алғысын білдіріп, бұндай батыл қадамға кез келген адам бара бермейтінін атап өтті», - дейді ТЖМ қызметкерлері.
Сергей Цупкин кейінірек мемлекеттік наградаға да ұсынылады.