Қазақстанның тоғыз қаласында ауа сапасы нашарлайды

Автор: Дәулет Ботагөз

Бұл қалаларда қолайсыз метеожағдай жарияланды

Фото: © istockphoto.com

16 қараша күні Қазақстанның Алматы, Астана, Атырау, Ақтөбе, Шымкент, Қарағанды, Жезқазған, Теміртау және Өскемен қалаларында қолайсыз метеорологиялық жағдайлар күтіледі. Бұл туралы «Қазгидромет» мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Қолайсыз метеожағдай – тұман, әлсіз жел, инверсия сияқты қысқа мерзімді метеофакторлар әсерінен зиянды заттардың ауада жиналуына әкелетін жағдай.

Қолайсыз метеожағдай кезінде неге сақ болу керек?

Мамандардың айтуынша, дәл осындай жағдайда атмосферадағы лас бөлшектер жерге жақын деңгейде қалып, ауа сапасының нашарлауына әкеледі.

Қауіпті топқа жататындар:

  • тыныс алу жүйесі аурулары бар адамдар;
  • жүрек-қан тамырлары ауруларымен ауыратындар;
  • аллергиясы бар тұрғындар;
  • егде жастағылар мен балалар.

Дәрігерлер мен синоптиктердің кеңесі

Қолайсыз метеожағдай кезінде қала тұрғындарына ашық ауада ұзақ жүрмеуге, автожолдар мен өндіріс орындарына жақын аумақтардан аулақ болуға, қажет болған жағдайда респиратор немесе маска тағуға кеңес беріледі.

Дәрігерлер созылмалы аурулары бар азаматтарға қажетті дәрілерін өзімен бірге алып жүруді ескертеді.