Абай облысында полицейлер жүргізушіні ажалдан арашалап қалды

Автор: Алмас Ерсін

Жүк көлігінің жүргізушісі өзін жайсыз сезініп тұрғанын айтып, бірнеше секундтан кейін есінен танып қалған

Фото: Polisia.kz

Абай облысында патрульдік полицейлер жүргізушіні ажалдан арашалап қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

ІІМ ведомстволық сайтының мәліметінше Семей – Павлодар тасжолында патрульдік полиция жүк көлігінің біртүрлі жүріп келе жатқанын байқап, жүргізушіні тоқтатқан.

«Жүк көлігінің жүргізушісі өзін жайсыз сезініп тұрғанын айтып, бірнеше секундтан кейін есінен танып қалған. Полицейлер дереу жүрек-өкпе реанимациясын жасап, оның жүрек соғысын қалпына келтірді. Сақшылар жедел жәрдемді күтпей, науқасты алып, Семейге қарай бірден жол тартты», - деп жазылған хабарламада.

Қала шекарасында полицейлер жүргізушіні жедел жәрдемге тапсырды. Дәрігерлер азаматтың инсульт алғанын растады.

Осылайша полиция қызметкерлері Азамат Балғабаев, Жақсылық Қожагұлов және Жасұлан Сарбасовтың қырағылығының арқасында жүргізуші аман қалды.