Ол оқиға орнында тіл тартпай кетті
Алматы облысында жол-көлік оқиғасы салдарынан мотоцикл жүргізушісі қайтыс болды. Ол жүк көлігімен және мопедпен соқтығысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Полицияның мәліметінше, «Алматы-Бішкек» автожолының 19-шы шақырымында болған жол-көлік оқиғасы бойынша қылмыстық іс тіркелген.
«Алдын ала мәліметтерге қарағанда, 44 жастағы мотоцикл жүргізушісі қарсы жолаққа шығып, мопедпен соқтығысып, одан кейін FAТ маркалы көлікке ұрынған», – деді ведомствода.
Апат салдарынан мотоцикл жүргізушісі оқиға орнында көз жұмды, ал оның жолаушысы мен мопед жүргізушісі әртүрлі жарақатпен медициналық мекемеге жеткізілді.
Полиция департаментінің мәліметінше, қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу жүргізіліп жатыр.