«Қиын болды»: қазақстандық боксшы қыз Каирге барар жолда қандай жағдайға тап болғанын айтты

Автор: Мөлдір Қазыбай

Боксшы Ангелина Лукас Каирге жарысқа ұшып барды, бірақ жол оның өміріндегі ең қиын сапарға айналды

Фото: Instagram/angelina_lukas1997

Белгілі қазақстандық боксшы Ангелина Лукас жарысқа қатысу үшін Каирге ұшып барды. Алайда спортшы бұл сапардың өзі үшін ең қиын жол болғанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

28 жастағы спортшы Instagram парақшасында Мысыр астанасына қалай жеткенін егжей-тегжейлі баяндап берді. Оның айтуынша, Қазақстан азаматтарына Каирге бару үшін виза қажет.

«Құжаттарды қазанның 20-сына таман тапсырдым, бірақ виза сол күйі берілген жоқ. Соңына дейін Қазақстанда виза аласың деп уәде етті, бірақ берілген жоқ. Сөйтіп, біз визасыз ұшуға мәжбүр болдық», – деп жазды Ангелина Лукас.

Спортшының айтуынша, кәсіби бокс федерациясының өкілдері визаны Каирде рәсімдеуге көмектесуге уәде берген.

«Біз бірнеше рет билет ауыстырдық. Алғашында 7 қарашада, кейін 9 қарашада келуіміз керек еді. Бірақ виза дайын болмаған соң, соңғы мүмкіндік ретінде кеше ұшуымызға тура келді. Түнгі сағат үште Алматыдан Қатарға рейсіміз болды. Одан әрі Қатардан Каирге ұшуымыз керек болатын.

Алайда бізді Қатар рейсіне жібермей қойды, себебі төлқұжатымызда виза жапсырмасы жоқ еді. Сол сәтте қатты абыржып, сасқалақтап қалдық», – деді спортшы.

Сөз соңында Ангелина сапарын Ыстамбұл арқылы жалғастырған. Ол кеше таңғы сағат 6-да ұшып, содан кейін Каирге бағыт алған.

«Каирге қонған сәтте бізді Қазақстанның консулы күтіп алды. Хаттар мен шақыруларды көрсеттік, шамамен екі сағаттай күттік. Ақырында визаны сол жерде алдық. Уайымдаған баршаңызға алғыс айтамын», – деп жазды Ангелина Лукас.